Қазақстанда алғаш рет жылына 25 мың тонна балық жемін өндіретін зауыт салынады
Қазақстанда алғаш рет экструдирленген балық жемін өндіретін зауыттың құрылысы басталды.
Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалдыҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаның өндірістік қуаттылығы жылына 25 мың тоннаны құрайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа кәсіпорын аквашаруашылық саласын дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық өндіріс әлеуетін арттыруға бағытталған.
– Бүгінде Қазақстанда тауарлық балық өндірісі тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 23 мың тоннаға жуық балық өсірілді, оның шамамен 4 мың тоннасы – форель. 2026 жылы өндіріс көлемін 64,7 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, еліміздегі балық шаруашылықтарының жылдық жемге деген қажеттілігі шамамен 72 мың тоннаны құрайды. Оның негізгі бөлігі отандық өндіріспен қамтамасыз етілгенімен, жоғары протеинді жем түрлері бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр.
Әсіресе, форель мен бекіре сияқты коммерциялық маңызы жоғары балықтарға арналған жоғары технологиялық жемдер елімізде өндірілмейді.
– Жаңа зауыт аквашаруашылық кәсіпорындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба отандық аквашаруашылық саласының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосады, – деп атап өтті министрлік.













