Қазақстандықтарға ЖТС бойынша маңызды өзгеріс түсіндірілді: нені білу керек?
Қазақстанда жаңа Салық кодексінде қарастырылған жеке табыс салығы (ЖТС) бойынша жаңа салық шегерімдерін қолдану тәртібі түсіндірілді. Тиісті мәселелер Үкіметтегі Жобалық кеңсе отырысында қаралды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Үкіметтен ақпаратынша, жаңа Салық кодексі азаматтарға түсетін салық жүктемесін азайтуға тиіс салық шегерімдерінің жаңартылған жүйесін қарастырады. Атап айтқанда, айына 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге), бірақ жылына 360 АЕК-тен (2026 жылы 1 557 000 теңге) аспайтын мөлшерде базалық салық шегерімі енгізілді. Осының арқасында ЖТС есептелетін табыс сомасы азаяды, демек салықтың өзі де төмендейді.
Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бойынша шегерімдер сақталады.
Отырыста қызметкердің табысы базалық салық шегерімі сомасынан төмен болған жағдай да талқыланды. Егер бұрынғы Салық кодексі шегерімнің пайдаланылмаған бөлігін күнтізбелік жыл ішінде кейінгі айларға ауыстыруға мүмкіндік берсе, жаңа редакцияда мұндай норма жоқ.
Бұл дегеніміз, егер қызметкердің табысы базалық шегерім сомасынан төмен болса, оның пайдаланылмаған бөлігі келесі айға көшірілмейді. Әрбір күнтізбелік ай бөлек есептелетін болады.
"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұрынғы механизмді сақтауды ұсынды. Алайда Мемлекеттік кірістер комитеті базалық салық шегерімі азаматтарды, ең алдымен табысы төмен қызметкерлерді қолдаудың ай сайынғы шарасы ретінде ойластырылғанын түсіндірді. Сондықтан ол әр күнтізбелік ай үшін бөлек қолданылады және келесі салық кезеңдеріне ауыстырылмайды.
Талқылаудан кейін Мемлекеттік кіріс комитеті негізгі салық шегерімінің пайдаланылмаған бөлігі ауыстырылмайтынын растайтын ресми ақпарат дайындайды.
Бұған дейін МКК қазақстандықтардың қайсысына жеке табыс салығын (ЖТС) төлеудің қажеті жоқтығын.
Еске салсақ: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлемдерінің барлық түрінен ЖТС ұсталмайды. Резидент еместерге берілетін төлемдер бұған жатпайды.











