Жоба-жоспарлар ауқымды, атқарылған іс қандай?
Аудан әкімі Алмасбек ЕсмахановтыңӨңірлік коммуникациялар қызметінде берген брифингі ауданның жартыжылдық әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралауға арналды. Өткен алты айда атқарылған жұмыстар ауданның тұрақты даму жолында екенін, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жобалардың жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айғақтады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының басшылығымен Қазалы ауданында айтулы істер, жарқын жобалар жүзеге асуда.
Бүгінде ауданның экономикасының барлық саласында тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері ілгеріледі.2026 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 13,6 млрд теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 14,2 млрд теңгеге нақтыланған. Ауданның өз кірісінің жоспары 4,2 млрд теңге болған. Жоспар 100 млн теңгеге ұлғайтылып, 4,3 млрд теңгеге нақтыланған.
Биылғы 6 айда өз кірістеріміздің жоспары 2,1 млрд теңге болса, нақты 2,2 млрд теңгеге (103,4%) орындалып, нақтыланған жоспардан 51 пайызға орындалған. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында 2026 жылдың 6 айында оң тенденция сақталыпты.
Ауданның индустриялық-инновациялық дамуы – тұрақты экономикалық өсімнің негізгі тетігі. Брифингте аудан әкімі атап өткендей, өткен алты айда өнеркәсіп саласында тұрақтылық сақталып, өндіріс көлемінде оң динамика байқалуда. Аудан басшысының мәліметінше, жарты жыл ішінде өндіріс орындарында бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілген. Өнеркәсіп өндірісі – 100,2 (16 млрд 575 млн теңге), өңдеу өнеркәсібі – 100,4 (14 млрд 676 млн теңге), сауда – 100,1 (6 млрд 780,8 млн теңге), ауыл шаруашылығы – 101,0 (4 млрд 794,8 млн теңге), негізгі капиталға тартылған инвестиция – 101,0 (10 млрд 107 млн теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 109,7 (6 млрд 199 млн теңге), тұрғын үй құрылысы – 102,0 (23094 ш.м.) пайызға артқан.
Аудан әкімі кәсіпкерлікті дамыту аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтаудағы ең маңызды бағыт екенін атап өтті. Алты айда шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігі артып, жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің негізгі бөлігін қамтамасыз етті. Брифинг барысында кәсіпкерлік саласындағы атқарылған жұмыстардың басты бағыттарына тоқталды. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында бүгінге дейін 4935 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 4829 бірлік, яки белсенділік көрсеткіші – 97,8 пайыз. Ауданда жыл басынан бері жаңадан 9 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар бизнесті қолдауға бағытталған кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несие беретін қаржылық ұйымдары тарапынан аудан кәсіпкерлеріне өндіріс түрлерін ашу мен дамыту бағытында жыл басынан бері барлығы 188 жобаға 1,6 млрдтеңге несие қаражаты берілген.2026 жылдың1 жартыжылдығында ауданда 1 млрд 95 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ерекше атап өтетін – «Тауарлы балық өсіру тоғанының құрылысы» жобасы.
2025 жылы Басықара ауылынан «Арал рыбторг» ЖШС 650 млн теңгеге көлемі 464 гектар жерді құрайтын балық тоғаны шаруашылығын бастаған болатын.Бүгінде шаруашылықтың жоспарына сәйкес биыл күз айларында 500 тоннаға жуық тауарлы балық өндіріп, оны халықтың игілігіне жарату көзделуде. Жеке кәсіпкер Ү.Ешжанованың 650 млн теңгенің сауда үйі, жеке кәсіпкер А.Құлбайдың 650 млн теңгенің сауда үйін де атап өткен жөн. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023-2025 жылдары 1 млрд 581 млн теңгеге 226 жоба қаржыландырылып, 270 жұмыс орны ашылды. 2026 жылға жобаны іске асыруға 88 жобаға 850 млн теңге қаржыландырылу жоспарлануда. Жоба аясында 103 жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Қазалы–аграрлық мекен. Ауыл шаруашылығының дамуы – тұрғындардың тұрақты табысы мен дастарқанның молшылығының кепілі. Басты нысан – тек егін егу емес, өнімді өңдеп, нарыққа шығару. Брифингте аудан әкімі жартыжылдықтың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды көрсеткіштерге және алдағы егін орағына дайындық мәселелеріне тоқталды.
Биыл аудан дихандары 12 мың 245 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын екті, оның ішінде күріш – 2447 гектар. Дәнді дақылдар– 2837 га, майлы дақылдар –196 га, картоп, көкініс, бақша – 2293 га, мал азықтық дақылдар–7119 га.
Айта кеткен жөн, 2025 жылы негізгі дақыл күріш 5 мың 636 гектарға егіліп, әр гектардан 42,8 центнерден өнім алынып, 24 мың 124 тонна күріш жиналған.
Президент Жолдауында көрсетілген агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесіне байланысты егін шаруашылықтарында су үнемдеу технологияларын енгізу, су тапшылығы жағдайында өнімділікті төмендетпеу мақсатында егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынуда.
2026 жылы сол жағалау алыбының 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 коллекторлар жүйесін қайта жаңғырту мақсатында республикалық бюджеттен жұмысын бастауға 801,8 млн теңге (жоба құны 2 млрд 589,5 млнтг) және «Нартай» каналына механикалық тазалау жұмыстарына 179,2 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Есепті кезеңде ауданнан Ресей, Грузия, Польша, Англия, Дания, Германия, Түркия, Қытай, Литва, Нидерланды елдеріне 167,2 тонна күріш, 444 тонна балық, 1 791,8 тонна қамыс, жалпы 2 403 тонна өнім экспортқа шығарылған.
***4-бетте
Бүгінде аудан бойынша мал басында өсім бар. Оның ішінде 56 568 бас ірі қара (33,4%), 58 370 бас жылқы (4,7%), 15 448 бас түйе (5,5%), 98 320 бас уақ мал (7%), 6656 бас құс (3%) тіркелген.
Аудан әкімі брифингте халықты сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелері әкімдіктің күнделікті назарында екенін жеткізді. Инженерлік желілерді жаңғырту – тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бірі. Жарты жыл ішінде инженерлік инфрақұрылым саласында бірқатар маңызды қадамдар жасалған. Ауданда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы Сарбұлақ, Шилі, Шәкен және Шитүбек елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарына Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен, республикалық, облыстық және арнайы есеп шоттан, барлығы 1,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазалы ауданының халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылды. Жалпы аудан бойынша 41 елді мекен, 1 қала ауыз су пайдалануда. Орталықтандырылған ауыз су құбырына – 32 елдімекен, 1 қала қосылған. Су тұщыту қондырғысы арқылы – 3 елді мекен (Ажар, Бірлік, Жұбан), тікелей скважина арқылы – 4 елді мекен (Шөлқұм, Мәдениет, Қожақазған, Тапа), тасымал арқылы – 2 елді мекен (№101, 102 разъезд) ауыз су тұтынады.
Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы жылы Қазалы қаласының электр желілерін толық жаңғырту жұмысын жалғастыруға (2024 жылы 110,1 млн тг, 2025 жылы 336,7 млн тг) 132,5 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде (Жоба құны 580,0 млн теңге).«Ауыл–Ел бесігі» жобасы аясында 442,8 млн теңгеге Қожабақы ауылының және 242,8 млн теңгеге Ү.Түктібаев ауылының электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, бүгінде елді мекендердің тұрғындары жаңа электр желілерінің игілігін көруде. Жақын күндері Құмжиек және Қарашеңгел ауылдарының электр желілерін 100 пайыз толық жаңартылмақ. Жоба құны – 910 млн теңге. Электр желілерінің тозу деңгейі 2025 жылы67 пайызға төмендесе, 2026 жылдың соңына дейін 59,9 пайызға төмендеу жоспарлануда.
«Ауыл–Ел бесігі» жобасы аясында Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің аралығында орналасқан нысандар мен тұрғын үйлердің электр энергиясының тұтыну қуаттылығын арттыру мақсатында былтыр қосалқы стансасының құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 378,2 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны – 1 млрд 417 млн теңге.
Көгілдір отынның қолжетімділігін арттыру – аудан үшін стратегиялық міндет. Аудан әкімі газ құбырларын тарту жұмыстарының кестеге сәйкес жүріп жатқанын, алдағы уақытта жаңа елді мекендерді газбен қамту жоспарланғанын атап өтті. Былтыр Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Түктібаев елді мекендеріне газ жеткізу құбырларының құрылысы жүргізіліп, жұмыс көлемі толық аяқталды. Жоба құны – 3 млрд733,5 млн теңге. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөлжәне Түктібаев елді мекендеріне орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес, қазан айында аталған 4 ауыл көгілдір отынға қосылмақ. Қазіргі таңда аудан халқын көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 77,6 пайызды құраса, аталған 4 ауыл толық газ отынына қосылғаннан кейін аудан халқын көгілдір отынмен қамту көрсеткішін 86,3 пайыға жеткізу жоспарлануда. Айта кеткен жөн, Қазалы ауданы 2015 жылы газдандырылған. Ауданда 1 АГРС, 4 ГРП, 1 ПУРГ, 81 ГРПШ орнатылып, 575,6 км газ құбыры тартылған.Бұдан бөлек елді мекендерді газдандыру бойынша жалпы жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрайтын Жанкент, Бірлік, Қожабақы, Аранды ауылдарына магистарльды газ желілерін жеткізуге жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұдан бөлек Майлыбас ауылдық округіне қарасты Ақсуат ауылына автоматтандырылған газ тарату стансасын(АГТС) салуға (Жоба құны 1,938 млрд теңге) және Ақсуат, Байқожа елді мекендеріне орамішілік газ желілерін жүргізуге (Жоба құны 824 млн теңге.) жоба сметалық құжаттары әзірленген. Көгілдір отынға қосылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандардың бу қазандықтарын табиғи газга бейімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Бүгінде аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 91 пайызды құрайды. Биыл Қожабақы-Аранды (Жобаның болжамды құны 755 млн теңге) және «Қарлан» учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы (Жоба құны 254 млн теңге) аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жоспарда бар. Биылғы жылға Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жолының құрылысына 379 млн теңге, А.Талқанбаев көшесінің жолын қайта жаңғырту жұмысына 115 млн теңгебөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы да Әйтеке би кентіндегі 10 көшеге күрделі және орташа жөндеу жұмысы жүргізілмек. Биыл «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» маңызы бар автомобиль жолының 32,1 шақырымдағы темірбетонды көпірге күрделі жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 363,3 млн теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығының көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолы да тұрғындардың жиі көтеретін мәселерінің бірі. Биылғы жылы 163,8 млн теңгеге 4,5 шақырым құрайтын Т.Бөріқұлақов көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Аймақ басшысының қолдауымен облыстық басқармалар арқылы ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылға Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының екі аралығындағы 7 шақырымды құрайтын 4 жолақты жолдың түнгі жарықшамдарын орналастыруға 102,3 млнтеңге қаржы бөлініп, бүгінде түнгі жарықшамдар толықтай іске қосылды. 2022 жылы Қазалы ауданындағы аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымдағы Қарлан учаскесінен темір бетонды көпір құрылысы басталған болатын. Алайда мердігер мекеме «СтандартОйлКзо» ЖШС-інің жауапсыздығы салдарынан көпір құрылысы тоқтап қалған. Көпір құрылысы жұмыстарын аяқтау үшін қайта мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз болып «НұрлыТау ЛТД» жауапкершлігі шектеулі серіктестігі анықталды. 2025 жылдың сәуір айында аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен көпір құрылысы қайта басталып, жаңа мердігер мекеме тиісті жұмыстарды бастаған. Былтыр «Қарлан» көпірінің жұмысын жалғастыруға 758,4 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілсе, «Қарлан» көпірінің жоба сметалық құжаттарының қажетті қаржысына қайта есептеме жүргізіліп, жоба құны 6,7 млрд теңгеге ұлғайтылған. Қазіргі таңда көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетонтіреулерін құю жұмыстары атқарылуда. Бүгінде 84 дана свай қағу жұмыстары толық аяқталып, жоспарланған 8 тіреудің 5-еуі орнатылған. Қалған тіреулер бойынша құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Көпір құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ауданда құрылыс саласы айтарлықтай қарқын алды. Тұрғын үйлерден бастап, әлеуметтік маңызы бар нысандарға дейін ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аймақтың сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Ағымдағы жылдың жарты жылдығында құрылыс саласында келесідей негізгі бағыттар бойынша жұмыстар атқарылды. 2025 жылы бюджеттен 1 млрд320,5 млн теңгеге 2 пәтерлік 40 тұрғын үй сатып алынып, 80 отбасыға жаңа баспана табысталған. Жақын күндері ауданда 200 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын бастау жоспарлануда. Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде барлығы 3374 адам тіркелген. Оның ішіндехалықтың әлеуметтік жағынан осал топтары бойынша – 931 адам, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 128, көпбалалы отбасылар – 777, бюджеттік сала қызметкерлері – 306 және санатсыз – 1232 адам тіркелген.
Жылдың басында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 398,5 млн теңгеге Бекарыстан би ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, аталған жоба аясында Әйтеке би кентіндегі «Мәдени-демалыс кешені» мен (Жоба құны 628,7 млн теңге) мен Қожабақы (Жоба құны 537,1 млн теңге) ауылынан спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп, жақын күндері пайдалануға берілетін болады.«Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1,3 млрд теңгеге теміржол вокзал жанындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір қайта салынып, қаңтар айында Нұрлыбек Машбекұлының қатысуымен пайдалануға берілді. Бүгінде аудандағы 125 жылдық тарихы бар теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, жақында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлы мен бірқатар қонақтардың қатысуымен ел игілігіне пайдалануға берілді. Тарихи ғимаратты қайта жаңғырту жұмысына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан 1 млрд 290 млн теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, темір жол вокзалының аумағына 91,0 млн теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Білім саласы – келешек ұрпақтың әлеуетін арттыратын маңызды бағыт. Ауданның білім беру саласында барлығы 91 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Аудандағы білім ордаларын жабдықталған кабинеттермен қамтамсыз ету мақсатында 243,3 млн теңге бөлінсе, биыл 6 білім беру ұйымдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 269,9 млн теңге қаржы бөлінді. Биылғы оқу жылында ауданымызда 1015 түлек мектеп бітірді. Оның ішінде 943 оқушы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Биыл ауданда мектеп бітірген 1015 түлектің 99-ы «Алтын белгі», 116-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұдан бөлек 2026-2027 оқу жылында 1 сыныпқа 1504 бала қабылданады деп жоспарлануда. Оқушылардың пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқаулардағы жетістіктері – ұстаздар еңбегінің нәтижесі. Аудан бойынша дарынды балаларды ынталандыру және олардың халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысуына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ауданда халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары жетістіктерге жеткен Темірхан Бақдаулет, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Әмірхан Нұртөре және пәндік олимпиадалар жүлдегері Жеткерген Ерасыл сынды дарынды жас түлектер биыл әлемнің және елдің беделді оқу орындарының гранттарын жеңіп алды.
Аудан әкімінің брифингіндегі тағы бір басым бағыт – медициналық қызметтің сапасын арттыру және оның тұрғындар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету. Алты айда аудандағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және медициналық көмектің деңгейін көтеру бағытында мақсатты жұмыстар атқарылған. Қазалы аудандық ауруханасына 1 орталық аурухана, 1 аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік акушерлік пункт және 13 медициналық бекет қарайды. Аудандық ауруханаға қарасты мекемелерде 171 дәрігер, 765 орта буын медицина қызметкерлері және 440 басқада қызметкерлер жұмыс жасайды. 2025 жылы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен аудандық көпбейінді орталық аурухана ғимаратына жаспарлас 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы жүргізіліп, өткен жылдың желтоқсан айында нысан пайдалануға берілген. Бүгінде орталыққа құны 326,6 млн теңге болатын компьютерлік томограф аппараты іске қосылса, жыл соңына дейін аудан тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылмақ. Елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 26 дана жедел жәрдем автокөлігі табысталып, ауданда санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толыққанды шешілген. Сонымен қатар өткен жылы аудандық ауруханада жүрек ырғағының бұзылыстары бойынша алғаш рет аритмологиялық жоғары мамандандырылған оталар жасалынды. Мұндай жоғары мамандандырылған ота Республика бойынша аудандар арасында алғаш рет Қазалы ауданында жасалыныпты.
Спорттық инфрақұрылымды дамыту, жаппай спортпен шұғылдануды насихаттау бойынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылған. Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің ерекше қолдауымен ауданымызда спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жолға қойылған. Аудан халқының дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар үлесі 35 058 адамды құрап, 44,5 пайызын құрап отыр.2026 жылдың 6 айында Халықаралық турнирлерде аудан спортшылары 3 алтын, 7 күміс, 6 қола медальдарын иеленсе, Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 14 алтын, 19 күміс, 27 қола медаль иеленді.Есепті кезеңде аудан аумағында халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық 78 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 11000-ға жуық адам қатысқан. 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Әйтеке би кентіндегі №276 орта мектептің жанынан және 2 кварталдан жаңа жасанды футбол алаңдары пайдалануға беріліп, тағы да екі спорт алаңына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Айта кететін жайт, аудан бойынша барлығы 62 жасанды футбол алаңдары бар. Оның ішінде Әйтеке би кентінде 28 жасанды алаң, Қазалы қаласында 4 жасанды алаң, қалған 30 жасанды алаң ауылдық округтерде орналасқан.
Мәдениет саласында да айтулы жаңалықтар бар. 2026 жылдың 6 айында ауданның мәдениет саласында 875 мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Биылғы жылы ақпан айында Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеевтің 80 жылдығына арналған мәдени шаралар өткізілді. Алдағы уақытта Ел Тәуілсіздігінің 35 жылдығы мен атақты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлының 450 жылдығы аясында республикалық мәдени-көпшілік шараларды атап өту жоспарлануда.
Ал экономиканың түрлі саласында 2026 жылдың 6 айында құрылған жұмыс орны– 1732. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс – 24, жастар практикасына – 36, ақылы қоғамдық жұмысқа – 592, күміс жас жобасына – 50, 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны жобасы бойынша – 304, тұрақты жұмысқа – 596, ұлттық жоба бойынша – 130 адам жұмыспен қамтылған. Биылғы жылдың 6 айында жұмыссыздар саны – 1506 адам, жұмыссыздық деңгейі – 4,5 пайызды құрады.
Қазір аудан халқының 29,7 пайызы жастар. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында 2 жастар орталығы жұмыс жасайды. 2026 жылы ерікті жастардың қатысуымен барлығы 80-нен аса іс-шаралар өткізілген. Ал оған 3700 жас қатыстырылыпты. Жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке тарту мақсатында биыл «Жасыл ел» еңбек жасағы аясында барлығы 110 жас маусымдық еңбекке тартылуда. Жасақ мүшелері ауданның санитарлық тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және олардың ұсыныстарына құлақ түру мақсатында «Жастар керуені» жобасы тұрақты өтіп келеді. Айта кеткен жөн, «Жастар керуені» жобасы республикадағы ең үздік 10 жобаның бірі деп танылды.
Аудан бойынша қоғамдық тәртіпті бақылау және жастар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 15 рейдтік топ құрылып, биыл үшінші жыл қатарынан күнделікті жұмыс жасауда.Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық орындарда тәртіпті бақылайтын, жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды автоматты түрде анықтайтын 72 бейнебақылау камералары орнатылған. Аудандық полиция бөлімі ғимаратында бейнебақылау камералары арқылы түрлі құқықбұзушылықтарды анықтайтын арнайы кіші Жедел басқару орталығы жұмыс жасайды. Сала қызметкерлерінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атқарған кешенді шаралардың нәтижесінде ауданда қылмыс деңгейі жыл сайын төмендеп келеді. Мәселен, биыл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда аудан бойынша қылмыстылық деңгейі 50-ден 40-қа, яғни 10 пайызға төмендеген. Жақында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен Полиция күніне орай өткен салтанатты шарада өңіріміздің полиция қызметкерлеріне берілген 94 арнайы қызметтік автокөліктің 7-еуі Қазалы аудандық полиция бөліміне берілді.
Елде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асуда. Бұл тазалық науқанына барша қазалылықтар жыл сайын белсене атсалысып келеді. Аталған акция аясында санитарлық тазалық пен абаттандыру бағытындағы шаралар аудан көлемінде кең ауқымда ұйымдастырылып, жыл басынан бері жалпы саны 100-ден астам сенбілік өткізілген. Тазалық шаралы аясында 16 755 тонна қоқыс арнайы орындарға шығарылып, оның 5026 тоннасы сұрыпталыпты. Ал тазалық шаралары аясында аудан бойынша жыл басынан бері 10 000 ағаш егіліп, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.Бүгінде ауданда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті Президент, ықпалды Құрылтай, еститін Үкімет» қағидалары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылуда.
2026 жылдың 6 айында аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 990 өтініш келіп түскен. Оның ішінде, жер телімі бойынша – 188, тұрғын үй бөлу туралы – 141, жұмыспен қамту – 212, коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша – 86, материалдық, қаржылай көмек көрсету – 36, мәдениет – 39, ауыл шаруашылығы – 25, кәсіпкерлік – 22 және басқа да мәселелер бойынша 241 өтініш тіркелген. Барлық келіп түскен өтініштер бойынша толықтай зерделеу жұмыстары жүргізіліп, өтініштердің орындалуына қатаң бақылау жүргізілген. Жыл басынан бері аудан әкімі 17 жеке қабылдау өткізіп,барлығы 212 жеке және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдаған. Тұрғындардың көтерген 51 мәселесі өз шешімін тауып қанағаттандырылса, 161 мәселе бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті.
– Алда атқарылар жұмыстар ауқымды, мақсат-міндеттер де жоғары. Жоспарланған жұмыстарды іске асыруға ел Президенті мен Үкімет басшысы, аймақ басшысы тарапынан үлкен қолдаулар жасалуда. Жыл соңына дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту бойынша міндеттер тұр. Оның ішінде салықтық түсімдер көздерін, инвестиция тарту, кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту. Қазалы жұртшылығын алдағы уақытта да Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдап, тамыз айында өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауда белсенділік танытып, елдік іске ауызбіршілікпен атсалысатын болады. Береке бар жерде – даму бар, татулық бар жерде – тұрақтылық бар, тұрақтылық бар жерде – жарқын болашақ бар. Бастысы – елдің тыныштығы мен береке-бірлігі. Алдағы уақытта да аудан экономикасының қарқынды дамуына құтты қадамдар жасалып, аудан халқының қолдауымен жүзеге асыратын боламыз, – деді аудан әкімі Алмасбек Есмаханов өз сөзінде.
Аудан әкімінің жартыжылдық есебі – жай ғана сандар мен баяндамалар жиынтығы емес, бұл өңірдің даму жолындағы үздіксіз еңбектің нәтижесі. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы серпіліс, кәсіпкерлікке берілген мүмкіндіктер, жаңарып жатқан инфрақұрылым мен әлеуметтік сала – ауданның әлеуеті мен болашағына деген сенімді нығайта түседі. Бүгінгі таңда аудан алдында тұрған басты міндет – қол жеткізген жетістіктерді сақтай отырып, әрбір жобаны сапалы аяқтау.
Айнұр ӘЛИ














