Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге атқарылған істер мен алдағы міндеттер талқыланды
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері алдында 2025 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер туралы есеп берді.Руханият орталығында өткен жиынды аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов ашып, жүргізді. Есептік кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол жөндеу, білім, мәдениет, спорт және әлеуметтік салада жүзеге асырылған жобалар жан-жақты қамтылды.
Аудан әкімі өз баяндамасында халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылған нақты жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта іске асырылатын жоспарлар мен басым бағыттарды атап өтті.
-2025 жыл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуы тұрақты түрде қамтамасыз етіліп, елдің игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшымыз Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің даму қарқынына, атқарған жұмыстарымызға оң бағасын берген болатын. Ал, осы жылдың 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен дәстүрлі Ұлттық құрылтайтың бесінші отырысы өтті. Ұлтты ұйыстырып, бірлігімізді бекемдей түсетін алқалы жиынның Сыр елінде өтуі – өткен мен бүгінді сабақтастыратын тағылымды таңдау, аймағымыздың ел өміріндегі айрықша орны мен беделінің айқын көрінісі. Алқалы жиында Президентіміз Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда екенін, облыстың жағдайы жалпы жақсы екенін айтты.
2025 жылдың қорытындысымен аудандағы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде едәуір өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі – 112,3 (32 млрд. 863 млн.теңге), өңдеу өнеркәсібі – 112,8 (28 млрд. 863 млн. теңге), сауда – 101,1 (16 млрд. 181,8 млн. теңге), ауыл шаруашылығы – 103,6 (30 млрд. 869,4 млн.теңге), негізгі капиталға тартылған инвестиция – 105,1 (29 млрд. 681 млн.теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі – 145,6 (20 млрд. 726 млн.теңге), тұрғын үй құрылысы – 105,7 (67 093 ш.м.) пайызға артты, - деді аудан басшысы.
Кездесу барысында Қоғамдық кеңес мүшелері өз пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ ауданда жасалып жатқан жұмыстардың барлығына оң бағасын беріп, алдағы міндеттерге табыс тіледі.
Өз кезегінде аудан әкімі алдағы уақытта ел-халықтың сенімінен шығып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру бағытында кеңес мүшелерімен бірлесе жұмыс жасайтындығын айтты. Ал, кеңес мүшелері тарапынан айтылған әрбір ұсынысқа жеке-жеке жауап беріп, көтерілген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.
Айта кетейік, басқосуға қоғамдық кеңес мүшелерінен бөлек, аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасарлары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.














