Қазақстанда екі мыңнан астам қазақстандықтың әкімшілік айыппұлы кешіріледі: Бұл кімдерге қатысты

Сенат жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатқа қол қойылып, заң күшіне енген жағдайда, екі мыңнан астам қазақстандық пен жеке кәсіпкерлер әкімшілік айыппұл төлеуден босатылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әкімшілік рақымшылық Қазақстан азаматтарына, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттар мен заң консультанттарына қолданылады. Алайда оның заңды тұлғаларға, лауазымды адамдарға, қандастарға, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысы жоқ.
Сондай-ақ сот тағайындаған айыппұлдар мен азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін әкімшілік құқық бұзушылықтар рақымшылыққа ілінбейді.
Бұдан бөлек, салық заңнамасын бұзуға байланысты құқық бұзушылықтар рақымшылықтан шығарылды. Атап айтқанда:
- ӘҚБтК-нің 275-бабы – салық салу объектілерін жасыру;
- ӘҚБтК-нің 277-бабы – салық төлеуден жалтару;
- ӘҚБтК-нің 278-бабы – салық міндеттемелерінің мөлшерін төмендету сияқты әрекеттер кешірілмейді.
Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, мұндай заң бұзушылықтар ел экономикасына елеулі залал келтіреді.
Сонымен қатар микро және шағын бизнес субъектілері үшін "таза парақ" қағидаты қолданылады. Оған сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша салық берешегі толық өтелген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады.
“9 сәуірдегі жағдай бойынша бұл тетікті 19 мың шағын және микробизнес субъектісі пайдаланған. Олар 13 миллиард теңге көлеміндегі негізгі салық берешегін өтегеннен кейін 4,4 миллиард теңге өсімпұл және 4,9 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылған”, – деп мәлімдеді Қаржы министрлігі.
Ведомствоның алдын ала есебіне сәйкес, жаңа әкімшілік рақымшылық шамамен 2 370 адамға қатысты болып, жалпы 298,4 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдарды қамтиды. Оның ішінде 448 жеке тұлға 72,7 миллион теңге, ал 1 930 жеке кәсіпкер 225,6 миллион теңге көлеміндегі айыппұл төлеуден босатылады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, нақты мәліметтер заң қабылданып, ресми түрде күшіне енгеннен кейін белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрлігі Қазақстанда кімдер қылмыстық және әкімшілік амнистияға ілігуі мүмкін екенін түсіндірген еді.
“Амнистия қылмысқа жұмсақтық таныту емес, мемлекеттік саясаттың гуманистік және жасампаздық бағытын көрсететін ерекше құқықтық акт. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылық жасаған, бірақ қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін адамдардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасау. Мемлекет мұндай азаматтардың қоғамдық, еңбек және экономикалық өмірге толыққанды оралуына кедергі келтіретін құқықтық және қаржылық кедергілерді азайтуды көздейді”, – делінген хабарламада.











