Қазалы аудандық полиция бөліміне табысталған қызметтік автокөліктер таныстырылды
23 маусым - Қазақстан полиция күні кәсіби меркесіне орай облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өңірдегі полиция қызметкерлеріне 94 арнайы қызметтік автокөліктің кілтін табыстау рәсімі өткен болатын.
Бүгін Қазалы ауданында аудандық полиция бөліміне табысталған 7 арнайы қызметтік автокөлікті таныстыруға арналған шара өтті.
Шара барысында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, жаңа қызметтік автокөліктер полиция қызметкерлерінің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және қызметтік міндеттерді тиімді орындауға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігіне тоқталды.
— Қоғам дамуының басты мұраты – елдің тыныштығы. Бұл орайда жоғары кәсібилікті, асқан жауапкершілікті талап ететін әрі өмірі қауіп-қатерге толы полиция қызметкерлерінің еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтап, қылмыстың алдын алу жолындағы Сіздердің күнді түнге жалғаған еселі еңбектеріңіз әрдайым ел есінде. Мемлекет тарапынан материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында барлық жағдай жасалуда. Полиция күніне орай облыс орталығында аймақ басшысы Мұрат Нәлқожаұлының қатысуымен полиция қызметкерлеріне 94 арнайы автокөліктің кілті табысталды. Соның ішінде 7 қызметтік автокөлік Қазалы аудандық полиция бөліміне беріліп отыр. Бұл – құқық қорғау органдарының әлеуетін арттырып, халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен қолдау. Ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда абыроймен қызмет ете беріңіздер!, — деді аудан әкімі.
Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық орындарда тәртіпті бақылауға және жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын автоматты түрде анықтауға арналған 72 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі ғимаратында бейнебақылау жүйелері арқылы құқықбұзушылықтарды анықтайтын арнайы кіші Жедел басқару орталығы жұмыс істейді.
Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінің бірлескен кешенді жұмыстарының нәтижесінде ауданымызда қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Биыл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда қылмыс деңгейі 50-ден 40-қа, яғни 10 пайызға азайған.
Қазіргі таңда ауданымызда 100-ден астам полиция қызметкері ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында абыройлы қызмет атқаруда.















