Құрылыс – ел болашағына салынған инвестиция
Ауқымды құрылыс – ел дамуының, халықтың әл-ауқатын арттырудың және өңірлердің әлеуетін нығайтудың маңызды тетігі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының жаңа бағыттары айқындалып, инфрақұрылымды жаңғырту мен құрылыс саласын өркендетуге ерекше басымдық берілді. Президент атап өткендей, Қазақстан алдағы кезеңде ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Бұл – жекелеген нысандарды тұрғызумен шектелмейтін, елдің барлық өңірін қамтитын стратегиялық маңызы зор бастама.
Жолдауда көтерілген негізгі міндеттердің бірі – халыққа қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын кеңінен салу. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт мекемелерімен қатар, тұрғын үй, жол, ауызсу және газ желілерін дамыту көзделіп отыр. Мұның барлығы, ең алдымен, азаматтардың күнделікті тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Мемлекет басшысы осы ауқымды бастаманы жүзеге асыру мақсатында «Халықтық құрылыс» бағдарламасын ұсынды. Инфрақұрылымды жаңғырту жоспары аясында 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделген. Сонымен қатар 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды. Бұл – ел тарихындағы инфрақұрылымдық дамуға бағытталған ірі қадамдардың бірі.
Құрылыс дегенде, ең алдымен, көз алдымызға бой көтерген ғимараттар мен жаңа нысандар келетіні рас. Алайда оның мәні әлдеқайда тереңде. Әрбір салынған мектеп – сапалы білімге жасалған мүмкіндік, әрбір жаңа аурухана – адам өмірі мен денсаулығына деген қамқорлық, әрбір жөнделген жол – елді мекендердің байланысын нығайтып, экономикалық белсенділікті арттыруға қосылған үлес. Ал таза ауызсу мен табиғи газдың қолжетімді болуы – тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартатын маңызды көрсеткіш.
Әсіресе, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселесінің маңызы зор. Ауыл мен қала арасындағы тұрмыс сапасының алшақтығын азайту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан шалғай ауылдарға дейін сапалы жол тарту, инженерлік желілерді жаңарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету өңірлердің тұрақты дамуына негіз болады.
Сонымен қатар құрылыс саласының дамуы экономиканың өзге бағыттарына да оң серпін береді. Жаңа жобалардың жүзеге асуы жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің дамуына, құрылыс материалдары өндірісінің кеңеюіне ықпал етеді. Президенттің отандық құрылыс материалдарын, металл конструкциялары мен инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндіруге басымдық беру жөніндегі тапсырмасы да осы мақсатпен сабақтас. Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, ұлттық өндірістің әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Дегенмен ауқымды құрылыстың нәтижесі тек салынған нысандардың санымен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуы, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, белгіленген талаптардың сақталуы және нысандардың ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етуі. Өйткені бүгін бой көтерген әрбір ғимарат – ертеңгі ұрпаққа қалатын ортақ мұра. Осы тұрғыдан алғанда, құрылыс саласында жауапкершілік пен сапа мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс.
Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынуы да бекер емес. Бұл бастама еліміздің әрбір өңірінде жаңа серпіліс қалыптастырып, әлеуметтік және экономикалық дамуға тың мүмкіндік береді. Әсіресе, құрылыс қарқынының артуы өңірлердің әлеуетін көтеріп қана қоймай, тұрғындардың болашаққа деген сенімін нығайтады.
Қорыта айтқанда, құрылыс – тек бүгінгі қажеттілікті өтеу емес, келешекке берік негіз қалау. Заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан, әлеуметтік нысандары жеткілікті, тұрғындарына қолайлы жағдай жасалған елдің даму мүмкіндігі де жоғары болады. Сондықтан Президент Жолдауында айқындалған ауқымды құрылыс бастамасы – елдің ертеңіне бағытталған маңызды инвестиция. Оның табысты жүзеге асуы мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігіне байланысты.











