Ауыл мәжениеті – дәстүр мәйегі
«Өнер – ұлттың жаны». Ал сол жанның шырағы, руханияттың алтын бесігі – мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында ауылдық клубтардың жұмысын нығайтып, мәдени ошақтар жаңартылуы керек екенін айтады. Тапсырмаға сәйкес әр аймақтағы бірқатар елді мекендерде жаңадан мәдениет үйлері бой көтеріп, ауыл адамдары мәре-сәре. Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында, халықтың рухани сұранысын өтеп келе жатқан Жалаңтөс батыр ауылдық клубының атқарған ауқымды жұмысына тоқталуды жөн көрдік.Ауыл клубы – жай ғана концерт өтетін сахна емес. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы алтын арқаумен өрілген, ұлттық құндылықтар дәріптелетін, ауыл тұрғындарының басын қосатын үлкен рухани орталық. Соңғы жылдары клуб ұжымы тек мерекелік іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, халықтың рухани-танымдық деңгейін көтеруге, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуға баса назар аударып келеді. Ауданға қарасты Қарашеңгел ауылдық округінде бой көтерген ауылдық клуб үйі 1964 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. 2017 жылы ауылда 150 орындық «Жалаңтөс батыр ауылдық клубы» салынды. Бұл мекен бірнеше жылдар бойы мазмұнды кештерімен қаншама адамға ізгілік дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиелеп келеді. Клуб ауласында трансформатор қондырғысы, дизельді электр станциясы, бу қазандығы, автотұрақ орналасқан. Ғимараттың бу қазандығы жылытуға арналған. Ғимараттың ауданы 680 шаршы метр. Құрылыс алаңы 6000 шаршы метрді құрайды. Ғимарат 2 қабаттан тұрады. 150 орындық көрермендер залы, үйірме бөлмелері, кітап сақтау бөлмесі, оқырмандар залы, гардероб қарастырылған.
Заман талабына сай, ауыл клубы өз жұмыс форматын да жаңартып келеді. Сәтті жүзеге асқан, халықтың ықыласына бөленген жобалардың қатары артқан. Мекеме басшысы Ербол Рахметтулаұлының айтуынша, мұнда атқарылып жатқан ауқымды іс көп.
– Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Қарашеңгел ауылдық округі әкімі аппаратының «Жалаңтөс батыр ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны 2017 жылы қазан айында пайдалануға берілді. Клубта ән, би, домбыра, драма, қолөнерге бағытталған 5 үйірме жұмыс жасап тұр. Үйірмеге қатысушы саны – 50. Үйірме мүшелері халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, топ жарып жүр. Қазаны қайнаған, босағасында бақ пен береке ұялаған, талай өнер майталмандары түлеп ұшқан ауылымызда мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер көп. Қазіргі таңда ауылымыздағы мәдениет саласының және өнерпаздардың шығармашылығын дамыту мақсатында түрлі аудандық, облыстық байқаулар өткізіліп келеді. Жүйелі түрде атқарылып жатқан жұмыстарымыздың ең бастыларына тоқталар болсақ, «Адал адам » мәдение тәрбие орталығының «Сұхбат time», «Кино time », «Жанұя шуағы», «Еріктілер тобы», «Креатив hab», «Әлем book», «ART уақыт» бағыттары бойынша ауыл тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірме жұмыстары жүргізіліп, жас жеткіншектердің де өнерін шыңдау назарымыздан тыс қалған емес. Жастармен тығыз байланыста жұмыс жасау барысында «Еріктілер тобымен» жастары арасында түрлі шаралар өткізіліп келеді. Одан бөлек, мәдениет үйінің ұйымдастыруымен түрлі бағыттағы мәдени шаралар, өнер байқаулары, жаңа жобалар ел назарына ұсынылуда, – дейді Жалаңтөс батыр ауылдық клубының басшысы.
Бұл шаралардың барлығы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, оларға рухани серпіліс, жанға жайлы демалыс сыйлауда. Мәдениеті жоғарылаған ұлттың мәртебесі биік болады. Ауыл клубының отын жағып, жарығын өшірмей, халыққа рухани азық таратып жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегі ерен. Олар үлкен сахнаның тасасында жүрсе де, ұлттық мәдениетіміздің іргетасын қалап жатқан нағыз патриоттар. Олардың әрбір қойылымы, әрбір ұйымдастырған кеші ауыл баласының жүрегіне жылылық ұялатып, өнерге қанаттандырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы: «Мәдениет тарихы түптеп келгенде адамзат тарихы. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», – деген еді.
Біз тек өнерпаздар қойған концертке көрермен болып, рухани кешті тамашалаймыз. Ал оның артында қаншама қызметкерлер атқарған жұмыс пен үздіксіз дайындық тұр. Мәдениет саласының әрбір қызметкеріне үлкен жауапкершілік жүктелген. Тіпті кейде ауқымды іс-шараларды қатарынан абыроймен өткізіп келе жатқан қызметкерлердің халық алдына әдемі қалпында шығып, еш шаршамай, күліп жүргенін көргенде, бір жағынан қуанып, бір жағынан тәнті болатынымыз жасырын емес. Бұл сала мамандарының өз жұмысына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты деп білеміз.
Ауыл өнері өркен жайса, қазақ мәдениеті қанатын кеңге жаяды. Ауыл мәдениетінің ауқымы артып, өнер өлкесінде өзіндік із қалдырып, ел руханиятын дамытуда еңбек етіп жүрген сала мамандарының шабыты шалқысын!
Айнұр ӘЛИ
Коллаж автордікі














