Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғылымға ғұмырын арнаған

Ғылымға ғұмырын арнаған

«Ғылым – ақылдың ғана емес, жүректің де ісі. Оны сүймей, оған бар өмірін арнау мүмкін емес?» деген тәмсіл бар.
Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы мерейлі белестің биігіне абыроймен жетіп отыр.
Бағдат Кәрібозұлы 1956 жылы 18 мамырда Қазалы ауданының Құмжиек ауылында дүниеге келген. Ауылдағы №92 мектепті 1973 жылы жақсы бағамен бітіріп шығады. 1975-1979 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында білім алады. Ол осы университет қабырғасында студен болып жүргенде Лениндік степендиант атанады.
1979-1985 жылдары Қызылорда пединститутында оқытушы қызметін атқарады. Мұнан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында 1985-1988 жылдар аралығында аспирантурада,1994-1997 жылдары докторантурада оқып, академик Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен 1988 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертацияларын қорғайды.
Қазақтың біртуар тұлғасы Мұхтар Әуезовтің шәкірті академик Зейнолла Қабдоловтың тәлімін алған ол ұстазға лайықты шәкір болуды жауапкершілік пен мүмкіндік деп сезінеді.
1989-2000 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде филология факультетінің деканы, 2000-2002 жылдары филология, тарих және өнер институтының директоры, 2002-2008 жылдары аталмыш оқу орнының тәрбие жұмыстары, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарады. Ұзақ жылдардағы тәжірибе «Қорқыттану» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері қызметінде есімін даралайды. Филология ғылымдарының докторы, профессор ізденістегі жылдары мен жұмыстары арқасында Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшелігіне енеді. Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі атанды.
Осы уақыттар аралығында ғалым әдебиеттану ғылымы, қазақ поэзиясының жанрлық ,ұлттық сипаты, өлке тарихы, ел өміріндегі тұлғалар туралы жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Зерттеуші-ғалым еңбегінің нәтижесінде үш жүзге тарта ғылыми-танымдық зерттеу мақала мен он монографиялық еңбек қазақ ғымынының көшіне қосылады. Бірнеше әдеби-публицистикалық еңбектер жазып, 200 томдық «Сырдария кітапханасының» жинақталуына тікелей жетекшілік жасаған, қазақ әдебиеті мен руханиятына сүбелі үлес қосады. 2009-2011 жылдар аралығында Қызылордадан республикалық ғылыми-танымдық «Базар жырау» журналын шығарады. Оның басшылығымен 2011-2018 жылдар аралығында «Менің Отаным – Қазақстан» сериясы бойынша «Сырдария», «Қазалы», «Қызылорда», «Жаңақорған», «Қармақшы», «Отан үшін от кешкендер» кітаптары жарық көреді. Өзімен әріптес бір топ ғалымдармен қорқыттану бағытында ғылыми-зерттеулер жүргізіп, 2018 жылы «Қорқыт Ата туралы аңыздар мен әңгімелер» хрестоматиялық жинақтың шығарылуына ұйытқы болады. Еңбекті дайындау барысында іссапармен Түркия, Әзірбайжан мемлекеттеріне барып, архив, кітапханаларда тынбай еңбектенеді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурстарында профессор Б.Кәрібозұлының жетекшілігімен толымды жұмыстар жүзеге асады.
«Сыр бойы ақын-жыраулары шығармаларының әдеби, мәдени, тілдік, тарихи және танымдық сипаты», «Сыр сүлейлері шығармаларындағы тәлім-тәрбиелік, дүниетанымдық және ұлттық сипаттарының «Мәңгілік Ел» рухында жырлануы», «Базар жырау шығармаларының жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктері» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жеңімпаз деп танылып, жобалар бойынша Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты базасында талантты шәкірттермен жұмыстар жүргізіледі. Осындай жанқиярлық жұмыстары арқылы қаншама шәкіртке ғылымға бет бұруына себепкер болады.
Бағдат Кәрібозұлының «Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасы», «Қайран сөз», «Сырлы сөз сипаты», «Өркениетке өріс», «Беталыс», «Ынсап», «Дидар», «Ыждағат», «Ераға», «Ырыс» сияқты еңбектері бағаланып, абырой биігінен көрініп келеді. «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Құрмет» ордені, «Үздік оқытушы», «Ел ардақтысы», «Элита» медальдары, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазалы ауданының Құрметті азаматы», «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», «Парасат» орденімен марапатталып, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағын алуы – ғалымның ғылымға қосқан өлшеусіз еңбегінің айғағы. Ұстаздық жолында екі ғылым кандидатын, 2 РҺD, 45 магистр дайындаған.
Қызылорда мемлекеттік университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы атындағы «Әдебиет теориясы» дәрісханасының ашылған. Денсаулық жағдайына қарамастан, соңғы екі-үш жылда жарыққа шығарған «Ғазиз жүрек», «Ұстаз ұлағаты», «Ізденіс іздері» кітаптарының тұсаукесер рәсімінің жоғары деңгейде өтуі – төккен тер мен табандылығының нәтижесі, ұжымы мен шәкірттерінің риясыз ризашылығы.
Саналы ғұмырында алаңсыз сүйікті ісімен айналысуына бар жағдайды жасаған жары Салтанаттың да еңбегін айтпасқа болмайды.
Құмжиек ауылындағы өзі білім алған №92 мектепте академик Бағдат Кәрібозұлының 70 жасқа толған мерейлі мерейтойы қарсаңында түрлі шаралар өткізіліп, оның өнегелі өмір жолы ұлықталды. Қатарында «Ғылым әлемі» тақырыбындағы байқау, «Ғылым – болашақ кілті» тақырыбындағы оқушылар арасындағы эсселер байқауы, «Ізденіс ісіндегі зерделі ғалым» тақырыбындағы кітап көрмесі, «Ғалым мұрасы: ғалымды зерттеу мен насихаттау» танымдық шарасы, «Өнегелі он бес минут» тақырыбындағы таныстырылым, «Тұлғатану» тақырыбындағы танымдық кештері бар.
Айша ҚАРАМАН
23 мамыр 2026 ж. 20 0

Шуақты өнер шырақшысы

23 мамыр 2026 ж. 18

Табысты бизнес моделі

23 мамыр 2026 ж. 19

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031