Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Шуақты өнер шырақшысы

Шуақты өнер шырақшысы

«Кино – өнер атаулының ішіндегі ең маңыздысы» деп бағаланған дәуірде, бұл сала жай ғана ермек емес, Кеңес үкіметінің ең қуатты идеологиялық құралы болды. Жаңа заманның ұрандары мен үміті шалғайдағы ауыл-аймақтарға осы сиқырлы таспалар арқылы жетті.
Ал сол «кино» атты тылсым әлемнің тікелей елшісі, жанды бейнесі – киномеханиктер еді. Олар ауыл адамдары үшін жай ғана маман емес, мәдениеттің шырағын жаққан тұлғалар болды. Менің әкем Мейрамбай Әлімбаев талай жанның танымын кеңейтіп, көрерменді әлемнің түрлі қырымен қауыштырған сол дүниеге жол ашушы еді. Ол кісінің қолынан шыққан жарық сәулесі экранға түскенде, ауыл тұрғындары өздерін жаңа әлемнің бөлшегіндей сезінетін. Әкем айналасы үшін өнердің отын маздатқан нағыз кино әлемінің шырақшысы болды.
Әкем Мейрамбай Әлімбайұлы 1939 жылы Қазалы ауданының «Коммунизм» ауылында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстың зары мен жоқшылықтың тауқыметі қатар келген нәубет кезеңге дөп келеді. Сегіз баланың тірегі, үйдің үлкенінің иығына тағдыр тым ерте жауапкершілік жүгін артады. Колхоз фермасында бақташы мен сауыншы болып тер төккен ата-анасына қолғанат болып, бауырларына қамқор болып, еңбекке жастайынан шыңдалды. Оның бойындағы қажыр-қайрат пен таудай талап сол кезден-ақ қалыптасады. 1957 жылы мектеп бітіріп, алғашқы еңбек жолын Бозкөл совхозында шофёр болудан бастағанда-ақ елге қызмет етудің алғашқы баспалдағынан нық қадаммен өтеді.
Алайда өмір жолы өнердің киелі саласы кино әлемімен тығыз өрбиді.
1960 жылы Алматыдай ару қалаға аттанып, кинотехникумды бітіріп, Бозкөлдегі Мәдениет үйіне киномеханик болып орналасады. Осы жылдарда халыққа тек экрандағы бейнелерді көрсетіп қана қоймай, көрерменнің жүрегіне үміт пен шуақ сыйлайды. Ол кезде кино – адамдар үшін әлемге ашылған жалғыз терезе, рухани азық еді. Дарияның арғы бетіндегі алты ауылға жауапты болып, облыстан «Шеф-киномеханик» деген абыройлы атақты үш мәрте иеленуі – өз кәсібіне деген шексіз махаббатының жемісі.
Мәдениет үйінде қызмет еткен жылдарында кино көрсетумен бірге сахнада сан қырымен көрінді. Өмірі тек қажырлы еңбек пен таусылмас төзімнен ғана емес, құлақтан кіріп бойды алар әсем әуеннен де әспеттеледі.
Табиғат сыйлаған кең тынысты, қоңыр да қанық баритон дауысымен шырқағанда, тыңдаған жан нағыз кәсіби сахна шебері деп қалады. Әуеннің әуезімен тербелген сәттерде жаны мен болмысының тереңдігі ашыла түсетіндей. Талай думанды кеш, ауқымды іс-шараларда хор ұжымының белді жеке орындаушысы болып, асқақтата ән салатын.
Бүгінде сексеннің сеңгірінен асса да, көңілінің күйі, көмейінің әні ескірмеген. Уақыт кейбір ескі естеліктерді естен кетірсе де, жадында сүйікті әндерінің сөзі мен мақамы терең ұялаған.
Ол кісінің болмысы нағыз қазақы кеңдіктің көрінісіндей. Ауылдың шыға берісіндегі қойшылар қыстауларына баратын орында орналасқан үйімізден қонақ арылмайтын. Қысқы демалыс кезінде қыстаудағы үйлеріне қайтқан қойшы балаларын атына мінгізіп, ақ түтек боранда, аязды күнде, діттеген жеріне жеткізіп салатын қамқор бейнесі көз алдымызда. Осы қарапайымдылығы мен адамгершілік қасиеті өмірлік ұстанымымызға айналды.
Әкемнің мәдениет саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі лайықты бағасын алды. 2024 жылы әкемнің 85 жасқа толған мерейтойына орай, Қазалы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өзі қырық жылға жуық еңбек еткен Бозкөл ауылдық мәдениет үйінде «Еңбегі ерен нар тұлға» атты облыстық байқау өткізілді. Киноүзінділерін көрсетуден өткен бұл шара әкемнің кәсіби шеберлігіне көрсетілген зор құрмет. Сол жиында кеш иесіне Сағадат Нұрмағамбетов атындағы төсбелгінің тағылуы адалдық, төзімнің және Отанға деген шексіз қызметтің құрметіндей көрінді.
Кейде кино таспаларын айналдырған қолының жылуын, мамандыққа деген кіршіксіз тазалығын сезінгендей боламын. «Еңбек ер етеді» деген. Бозкөл ауылының тарихы жайлы айтылғанда, әкемнің аты сол топырақтағы алғашқы және жалғыз киномеханик ретінде аталады.
Әкем бүгінде анам Төрегүл перзенттерін мәпелеп, немере-шөберелерінің алтын қазынасына айналып отыр.
«Байқаймысың, Байқаймысың, Мына ғажап тамашаны, Бір адамға байланысты бір адамның болашағы» деген өлең жолдары әкем жүріп өткен жолдар сәулесін есіме салады.
Өзім осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатсам, сіңлім Ақнұр – кәсіби күйші. Өзге бауырларымыз басқа мамандықты таңдаса да, өнерден құр-алақан емес. Немерелерінің де бір шоғыры қасиетті қазақ өнеріне өз үлестерін қосып жүр. Қатарлары кәсіби мамандармен толысуда. Алды Халықаралық, облыстық, аймақ, аудандық байқау конкурс, өнер жарыстарының жеңімпазы болса, барлығы да атадан басталған жолды абыроймен жалғауға күш салып келеді. Мен үшін әкем салған із тек таңдалған мамандық емес, адамдық қасиеттің биік шыңы, жауапкершілікті жол. Осы асыл бағытты абыроймен алып жүру – мұратты мақсатымыз.
Айнұр МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ
Лақалы ауылы
23 мамыр 2026 ж. 17 0

Шуақты өнер шырақшысы

23 мамыр 2026 ж. 18

Табысты бизнес моделі

23 мамыр 2026 ж. 19

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031