Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табысты бизнес моделі

Табысты бизнес моделі

Бүгінде қазалылықтар кәсіпкерлікті жан-жақты дамытып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көркейтуге сүбелі үлес қосуда. Әрбір тұрғын ешкімге қол жаймай, өзінің жеке ісін дөңгелетуге қам жасауда. Олардың қатары тағы бір еңбекқор жаспен толықты. Солардың бірі – Самат Қуаныш. Ол тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында жаңа боулинг орталығын ашты.
Кәсіпкердің айтуынша, боулинг – әмбебап және көңілді ойын түрі. Қазіргі уақытта әлемнің бірқатар елінде көпшілікке танымал көңіл көтеру қызметі болып табылады. Әлеуметтік байланыстар мен достық қарым-қатынастарды нығайтуға үлес қосатын орын қатарына қосылған. Отбасылық мерекелер, достармен кездесу, корпоративтік шаралар өткізу үшін таптырмас орталық ретінде қызмет етеді.
Боулинг әртүрлі жастағы адамдарға қызықты, осының арқасында ол кең аудитория үшін тартымды болып отыр. Орталықтың жаңа әлеуметтік атмосферасы спорт пен көңіл көтеруді біріктіріп, жыл бойы, қысы-жазы сұранысқа ие.
Орталықты ашу үшін қажетті барлық лицензиялар мен рұқсаттар алынған. Сонымен қатар салықтық, еңбек заңнамалары мен басқа да нормативтік актілер сақталған. Спорт алаңы жоғары сапалы боулинг жабдықтарымен жабдықталып, автоматтандырылған есептеу жүйелерімен қамтамасыз етілген. Орталық қызметкерлері жоғары деңгейде дайындық өткізді. Тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуге дайын. Бұған қоса ғимарат ішінде келушілерге арналған жайлы кафе-барда жеңіл тамақтануға мүмкіндік бар.
Жаңа нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, кәсіпкерлік саласында атқарылып жатқан игі жұмыстарды атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған саясатын алға тартты. Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы аудан аумағында 32 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, онда 80-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.
– Биыл 5 кәсіпкерлік нысан ашылып, 20-ға жуық адам жұмысқа орналастырылды. Бұған дейін кәсіпкерлік мақсаттағы Қонақ үй ғимараты, «Мұқаш ата» сауда үйі, «Ривера» тамақтану орны, «Ақбота» кондитерлік өнімдері, «Ербол» тіс емханасы сынды ірі кәсіпкерлік нысандар пайдалануға берілсе, олардың қатары тағы бір орталықпен толықтырылуда. Осындай заманауи, жаңа кәсіпкерлік нысан ашып, қазалылықтарға ұсынып отырған Самат Серікұлына алғыс білдіреміз. Істеріңіз ілгерілеп, кәсіптеріңізден береке табыңыздар, – деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.
«Нұрдәулет» боулинг орталығының ашылуында аудандағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін Самат Қуаныш аудан әкімінің «Алғыс хатын» алды. Оның әкесі Серік Майлыбай болашақта ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстарға сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі мен қонақтар ойын-сауық орталығының лентасын қиып, нысанның жұмысымен танысты.
– Туған өлкеміз күн сайын дамып келеді. Ойластырған жанға кәсіптің түрлері көп. Қазалы ауданы да үлкейген соң халық бос уақытын жақсы өткізуді қалайды. Сондықтан үлкен қаладағыдай жағдайы жасалған боулинг орталығы қажет екендігін түйсіндік. Дегенмен осы кәсіпті іске асыруды көздеген жерлесіміз Нұрдәулет фәниден мезгілсіз өтіп кетті. Сол кезде аяқсыз қалған игілікті істі қолға алу туралы ой келді. Мемлекеттен қаржылай көмек алмағаныммен аудан әкімі А.Есмахановтың тікелей қолдауы арқылы іске кірісіп кеттім. Керек жарақтарды басқа қалалардан алып келіп, жұмысты бастадым. Нәтижесінде бірнеше айда боулинг ойын орталығы ашылды. Ойын-сауық демалыс орталығына боулингты ашу туралы бастама көтерген, бірақ мезгілсіз өмірден өткен Нұрдәулеттің есімін бердім. Мұндағы ойым мезгілсіз сөнген азаматтың рухы риза болсын дегенім, – дейді Самат Серікұлы.
Құны 60 миллион теңгені құрайтын «Нұрдәулет» боулинг орталығы Самат Серікұлының жеке қаражаты есебінен салынған. Заманауи ойын-сауық орталығы бір мезетте 70-ке жуық адамға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мұнда 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.
Боулинг ойын-сауық орталығы күн сайын өзгеріп отыратын әлемде тұрақты, қарапайым әрі көңілді бизнес түрі. Ойыншыларды тарту үшін жаңа технологиялар, интерактивті ойындар, жарыстар мен арнайы акциялар сияқты жаңалықтарды енгізу арқылы адам санын тарту стратегияларын жетілдіре отырып, боулинг орталығының танымалдылығын арттыруға болады.
Бұл бизнес әлеуметтік байланыстарды нығайтып, адамдарды біріктіретін және табыс әкелетін кәсіп. Дұрыс жоспарланған маркетинг стратегиясы, жақсы қызмет көрсету және сапалы жабдықпен қамтамасыз етілген боулинг орталығы табыстылыққа жете алады.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
23 мамыр 2026 ж. 18 0

Шуақты өнер шырақшысы

23 мамыр 2026 ж. 17

Табысты бизнес моделі

23 мамыр 2026 ж. 19

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031