Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімге – миллиардтар, тәрбиеге – жауапкершілік

Білімге – миллиардтар, тәрбиеге – жауапкершілік

Бұл Қазалы ауданы бойынша 2025-2026 оқу жылының аяқталуы қарсаңында өткен білім мен тәрбиенің біртұтастығы, мектеп пен отбасының ынтымақтастығы, ұстаздың қоғамдағы абыройын айқындауға бағытталған «Қауіпсіз қоғам: тәртіп, тәрбие, жауапкершілік» атты ауқымды басқосу ұғындырған түсінік болды.
Әйтеке би кентіндегі Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында маңызды жиын ұйымдастырылды. Аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте тек оқу жылы қорытындысы ғана емес, жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты өткір мәселелер талқыланды. Оған аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі мен әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері, аудандағы барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен бітіруші сыныптардың сынып жетекшілері де жиналды.
«ХХІ ғасыр – адамзат өркениетіндегі шұғыл өзгерістерге толы кезең болуда.
Елімізді әлем елдері арасында бәсекеге қабілетті ету үшін білім беруші мен білім алушыға жағдай жасау, сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру мемлекетіміздің негізгі стратегиялық бағыты.
Жас ұрпақтың бойына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру – ортақ парызымыз. Әрбір жас отаншыл, жасампаз, жаңашыл, білімпаз, еңбекқор, ұқыпты, үнемшіл болып өскенде ғана мәдениетті, қауіпсіз әрі заң мен тәртіп үстемдік құратын қоғамның іргесін қалайтыны анық. Қай қоғамда болмасын, қашанда ұрпақ тәрбиесі – өте өзекті.
Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі ұстанып отырған басты бағыттардың бірі – білім саласын жүйелі қолдау мен сапалы қаржыландыру», – деген аудан басшысы өз сөзінде соңғы жылдары білім беру саласына бөлінетін қаражат көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін ерекше атап өтті. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
««Бюджет – білімнің тірегі» деген қағиданы негізге алған мемлекет үшін жас ұрпақтың сапалы білім алуы – басты құндылықтардың бірі. Себебі білімге құйылған қаржы – келешекке салынған қайтарымды инвестиция. Білімді ұрпақ – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырып, экономиканың дамуына серпін береді.
Соңғы жылдары мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа білім ошақтарын салу, заманауи кабинеттермен жабдықтау, мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүзеге асуда. Бұл бастамалардың барлығы өскелең ұрпаққа қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған», – деді ол.
Аудан әкімі білім саласына бағытталған қолдау алдағы уақытта да жалғасатынын айтып, бұл жұмыстар ел болашағы үшін маңызды стратегиялық қадам екенін жеткізді.
2026 жылға арналған аудан бюджеті 14,1 миллиард теңгені құраса, білім саласына бағытталған жалпы қаржы көлемі 27 миллиард теңгеге жеткен. Бұл облыстық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлген 65 процентінің басым бөлігі білімге тиесілі екенін көрсетеді.
Биылғы оқу жылында «Келешек мектеп» жобасы аясында Жанқожа батыр ауылында 300 орындық су жаңа мектеп бой көтерген. Сонымен қатар, Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектепке күрделі жөндеу, ал Е.Бозғұлов атындағы №249, №266 мектеп-лицейлер, М.Матаев атындағы №70, Б.Әбдіразақов атындағы №88, Қ.Нұрмаханов атындағы №95, №98, Қ.Сәтбаев атындағы №216 және С.Сейфуллин атындағы №165 мектептерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан басшысы мемлекет қамқорлығына қайтарым – сол ғимараттардың ішінде сапалы білім мен саналы тәрбие берілуін қадағалау екені қадап айтты
Жиынның ең өзекті бөлігі жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен тәртіпсіздікке арналды. «2025-2026 оқу жылында шәкірттер білім мен тәрбие жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Бұл – ең алдымен ұлағатты ұстаздардың тынымсыз еңбектері, кәсіби біліктіліктері мен балаға деген жанашырлықтарының нәтижесі.
Оқу жылы аяқталғанымен, біздің жауапкершілігіміз тоқтамайды. Алдымызда балалардың жазғы демалысы кезінде су айдындарында, жол қозғалысындағы, өрт қауіпсіздігі мен интернет қауіпсіздігіне байланысты жүйелі жұмыстар жүргізу міндеті тұр», – деді аудан әкімі.
Сөз алған аудан прокуроры Мадияр Бекпанов қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселесіне кеңінен тоқталды. Мадияр Ержігітұлы әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, қылмыстық құқық бұзушылық деректерін азайту бағытындағы жұмыстарды барлық жауапты мекемелермен бірлесе күшейту қажеттігін айтты.
Аудан прокурорының орынбасары Биқожа Жұмаш баяндама жасады.
Сонымен қатар ол жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтіп, түнгі рейдтік іс-шараларды тек аудан орталығында ғана емес, барлық ауылдық округтерде де тұрақты түрде ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай профилактикалық жұмыстар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
Мектеп бітіру іс-шараларын жоғары деңгейде, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермей ұйымдастыру қажеттігі аталды. Аттестат табыстау рәсімдерін қарапайым әрі мазмұнды өткізу, түлектердің кортеж ұйымдастырып, жол ережесін бұзуына тыйым салу, жазғы демалыста түнгі уақытта қоғамдық орындарда жаппай жүру мен мерекелеуге шектеу қою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғанибек Құрманалиев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі рейдтердің нәтижесі, мектеп оқушылары арасындағы әлеуметтік желідегі теріс әрекеттер, кортеж мәселесі және жазғы лагерьлерге барудағы жол қауіпсіздігі туралы баяндады.
Аудан полицейлерімен жыл барысында атқарылған рейдтік жұмыстар мен профилактикалық шаралардың өз нәтижесіен көрсеткен.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің талаптарына сай жалпы құқық бұзушылықтары анықталып, жұмыс жүргізілген.
Тәртіп сақшысы түнгі уақыттағы жүріс-тұрыс, ата-ана міндетін орындамау, мопед басқарған жасөспірімдер, ойын-сауық орындарының жауапкершілігі сынды негізгі түйткілдер мен назар аударарлық мәселелерге тоқталды.
Түнгі уақыттағы бейбастық ата-ана бақылауының әлсіздігін көрсетіп отыр.
Мопед мәселесі де маңызды. 2024 жылғы заңнамалық өзгерістерден кейін мопед ресми көлік болып танылса да, кәмелетке толмағандардың рөлге отыруы әлі де тыйылмай тұр.
Суицидтік контент пен букмекерлік сайттардың жасөспірімдер арасында таралу қаупі – заманауи тәрбиенің басты сынағы.
Есепті кезеңде жасөспірімдер тарапынан бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл «нөлдік төзімділік» қағидасының іс жүзінде жұмыс істеп жатқанының белгісі.
Ғ.Құрманалиев ҚР заңы бойынша азаматтарға 18 жасқа дейін мопед тізгіндеуге тыйым салынғандығын жеткізді. Сондай-ақ баланың әлеуметтік желідегі белсенділігі – отбасылық бақылауда болуы тиістігін, кез келген әлімжеттік дерегі бойынша «102» арнасына хабарласуға болатынын мәлімдеді.
Ғанибек Айбергенұлына бірқатар өткір сұрақтар қойылып, учаскелік инспекторлардың жауапкершілігін күшейту, рейд жұмыстарын тиімді жүргізу міндеттелді.
Одан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов хабарлама жасап, аудандағы білім мен тәрби бағытындағы жұмыстарды санамалап, жазғы демалыста қанша оқушы лагерьмен қамтамасыз етілетіні, балалардың жауапкершілігі ата-аналарға жүктелетіні, мектептерде ата-аналармен түсіндірме жұмыстарының жүргізілетінін айтты.
М.Матаев атындағы №170 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Жеңісбек Аралбаев өз сөзінде отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды. Ол бала тәрбиесінің ең алдымен отбасынан басталатынын айтып, ұрпақ тәрбиесінде ата-ананың рөлі айрықша екенін атады.
Сонымен қатар, жас буынға дұрыс тәрбие беру, олардың бойына адамгершілік, жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытында ата-аналардың белсенді болуы қажеттігін атап өтті. Жиын барысында ол бала тәрбиесіне қатысты өз тәжірибесімен бөлісіп, ата-аналарға ақыл-кеңестері мен ұсыныстарымен бөлісті.
Жиында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшының міндетін атқарушы Райса Тасыбаева, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басшысы Майра Ршымбетова да сөз сөйледі.
«Адал адам» рухани-мәдени орталықтарының әлеуетін пайдалану, лагерьлердің санитарлық талаптарға сәйкестігі және азық-түлік сапасына мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды.
Жазғы тынығу лагерьлерінде балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңызды факторлардың бірі – азық-түлік сапасы. Өсіп келе жатқан жас организм үшін дұрыс және сапалы тамақтану иммунитетті нығайтып, жұқпалы аурулардың алдын алуға және балалардың толыққанды демалысына тікелей әсер ететіні анық.
Балалардың денсаулығына нұқсан келтіретін кез келген кемшілікке жол берілмеуді басты назарға алатынынын жеткізген аудан басшысы лагерьлердегі азық-түліктің сапасы мен жарамдылығына ерекше назар аударуды тапсырып, аудандық білім бөлімі мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне мынадай нақты міндеттер жүктеді.
Балаларға берілетін азық-түліктің сапасы, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттарына күнделікті мониторинг жүргізу, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз етіп, ас мәзірінің жас ерекшеліктеріне сай, калориясы жеткілікті және витаминге бай болуын бақылау қажеттігін міндеттеді.
Аудан әкімі пікірінше, бұл жай ғана талап емес, балалардың қауіпсіз демалысының және ата-аналардың сенімінің негізі. Сондықтан Қазалыдағы барлық жазғы тынығу орындарында бұл мәселе ерекше бақылауда болатынын ескертті.
Жазғы демалыс кезеңі – балалардың тек демалуы ғана емес, олардың рухани, мәдени және дене шынықтыру тұрғысынан жан-жақты дамуы үшін де маңызды уақыт. Осыны ескере отырып, Қазалы ауданында «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары мен спорт кешендері жаз бойы оқушылар үшін толыққанды жұмыс істеуі тиістігін айтты.
Жазғы демалыс бойы рухани-мәдени орталықтарда шығармашылық үйірмелер, әдеби кештер, ұлттық дәстүрлерді насихаттау шаралары, кино көрсетілімдері ұйымдастырылмақ.
Спорт кешендері мен стадиондарда футбол, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика секциялары, дене шынықтыру сабақтары тұрақты түрде өткізіледі.
Оқушылардың бос уақытын мақсатты әрі пайдалы өткізу үшін арнайы күнтізбелік жоспар әзірленген.
«Балаларымыздың жазғы демалысы бос әрі мағынасыз өтпеуі керек. «Адал адам» орталықтары мен спорт нысандары осы мақсатта толық жұмылдырылуы тиіс», – деп атап өткен Алмасбек Әбілқасымұлы бұл бастама жасөспірімдерді пайдалы істерге баулып, олардың дене және рухани дамуы, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алуға зор үлес қосатынын назарға ұсынды.
Қазалы ауданының барлық мектеп оқушылары мен ата-аналары мен саланың жауапты мамандарын жазғы бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырды.
Мәжіліс барысында оқу жылын аяқтау мен жазғы каникулға қатысты негізгі талаптар қойылды.
Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық жинау, даңғаза кештер ұйымдастыруға қатаң тыйым салынды. Түлектердің көліктермен шеру жасауына жол берілмеу қажеттігі қатаң тапсырылды.
Судағы қауіпсіздік жағдайына да жіті назар аударылды.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев рұқсат етілмеген орындарында балалардың шомылуына жол бермеу, суға кету оқиғаларының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілетінімен бөлісті. Өткен жылы орын алған келеңсіз жағдайдың қайталанбасы үшін су айдындарында тұрақты кезекшілік ұйымдастырылатынын баяндады.
Бүгінгі таңда оқушылардың әлеуметтік желілердегі мінез-құлқы мен белсенділігі ерекше бақылауды қажет етеді. Кибербуллинг фактілерінің жиілемесі үшін олардың интернеттегі әрекеттерін қадағалау міндетін, бірінші кезекте, ата-аналарға жүктелді. Оларға өз кезегінде оқушылар және ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын күшейтіп, әлеуметтік желілердегі қауіптер, жеке деректерді қорғау және онлайн-қауіпсіздік ережелерін насихаттау тапсырылды.
Жазғы демалыста туған жерлеріне оралған студенттер арасында топтық төбелес пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша арнайы шаралар күшейтілмек. Аудандық полиция бөлімі мен әкімдіктер студент жастардың бос уақытын бақылауды және тәртіпті сақтауды қатаң талап етеді.
Ата-ана жауапкершілігі – басты фактор. Оларға үндеу жасап, балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігі мен тәрбиесі үшін отбасы жауапты екені жеткізілді. Тәрбиелеп отырған жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі не істеп отырғаны, қайда жүргені, кіммен араласатынын білу – әрбір ата-ананың міндеті делінсе, мектеп те бұл істе қолдау көрсететіні айтылды.
Бүгінгі таңда барлық ата-аналарды балаларының интернеттегі белсенділігін бақылау, олармен ашық әңгіме жүргізу және жазғы демалыс кезінде тәртіпті сақтауды талап ету маңызды.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовке барлық тапсырмалардың орындалуын үйлестіру жүктелді.
Маңызды мәжіліс соңында Алмасбек Есмаханов: «Оқушылардың жазғы қауіпсіздігі – бір күндік мәселе емес, тұрақты жұмысты қажет ететін маңызды міндет. Аудан бойынша барлық мекеме, полиция, білім бөлімі және ата-аналар бірлесіп, балаларымыздың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіз болуы үшін бар күш-жігерін жұмсайды», – деп барлық мемлекеттік органдар мен ата-аналарды жауапкершілікке шақырды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
23 мамыр 2026 ж. 20 0

Табысты бизнес моделі

23 мамыр 2026 ж. 13

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031