Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Батырлықпен барша жұртқа белгілі, қазалылық қаһармандар ерлігі

Батырлықпен барша жұртқа белгілі, қазалылық қаһармандар ерлігі

Екінші дүниежүзілік соғыс – тарихтағы ең терең тақырып, ең ауыр қасірет және адам рухының ең үлкен сыны болған кезең. Бұл тек мемлекеттердің қақтығысы емес, миллиондаған тағдырдың тас-талқаны шығып, жақсылық пен жамандық арпалысқан қаралы дәуір. Осы сындарлы сәттердің аяқталғанына сексен жылдан астам уақыт өтсе де, оның салған сызы мен ащы шындығы азат елдің ерлік пен елдікке деген өміршең өресі ретінде биік.
Ортақ Отанын қорғауға қазақ елінен 1 миллион 200 мың жауынгер соғыс даласына аттанса, олардың 497-сі Кеңес Одағының Батыры атанды. Осынау қайсар жандар қатаранда қазалылылық қаһармандар да бар.
Барлығы Жеңіс үшін!
Соғыс басталған алғашқы күндерден-ақ Қазалы ауданынан мыңдаған азамат өз еркімен және шақыртумен майданға аттанған.
Жауынгерлік жолдар шежіресіне үңілсек, ерлік жолына өмірін сарп еткен жерлестірміз Мәскеу түбіндегі шайқастан бастап, Сталинград, Курск доғасы, Днепрден өту және Берлинді алу операцияларына дейін қатысқан.
Қызылорда облысының энциклопедиясында: «Соғыстың алғашқы күндерінен бастап Қазалы ауданынан 11 мыңнан астам адам аттанды» деген жолдар бар. Бұл сол кездегі аудан халқының ең еңбекке жарамды, ер азаматтар бөлігінің басым көпшілігін құрайды. Олардың 5 мыңға жуығы ұрыс даласынан қайтпай, ерлікпен қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен.
Қазалылық қайсар ерлер Мәскеуді қорғаудағы ең қиын шептерде Волоколам тас жолы бойындағы ұрыстарға қатысқан.
Атақты генерал Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясының сапында Қазалы ауданынан аттанған жауынгерлердің болғанын және олардың ерлігін растайтын ресми тарихи және мұрағаттық дереккөздер жеткілікті.
«Боздақтар» кітабының Қызылорда облысына арналған томдарында 1941 жылдың шілде-тамыз айларында Қазалы аудандық әскери комиссариаты арқылы Алматыдағы аталмыш дивизияның жасақталу пунктіне жіберілген азаматтардың тізімі мен олардың Мәскеу түбіндегі Волоколамск, Дубосеково маңында қаза тапқандығы немесе хабарсыз кеткендігі туралы нақты деректер тіркелген. Тағы бір дерек – Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві құжаттары. Архивтегі «Қызылорда облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1945 жж.)» атты құжаттар мен материалдар жинағында соғыстың алғашқы айларында Қазалыдан Алматыға әскери эшелондармен жіберілген жауынгерлердің есебі мен статистикалық мәліметтері сақталған.

Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архиві және «Память народа» порталынан 316-атқыштар дивизиясы құрамында соғысқан, туған жері немесе әскерге шақырылған орны «Кзыл-Ординская область, Казалинский район» деп көрсетілген жүздеген сарбаздардың марапаттау қағаздары мен әскери құжаттары табылған.
«Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты академик М.Қозыбаевтың еңбегінде 316-дивизияның тек Алматы мен Фрунзе қалаларында жасақталғанымен, оның сапын толықтыруға Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жауынгерлері мен еріктілері де көптеп жіберілгенін нақты архивтік құжаттармен дәлелдейді.
Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қанды ұрысы Сталинград шайқасына да Қазалыдан шыққан сарбаздар қатысқан.
«Боздақтар» кітабында тақырып туралы мәліметтер Сталинград маңында қаза тапқан қазалылық боздақтардың есімі келтірілген.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінде де 1942-1943 жылдары аудандық әскери комиссариаттардың Сталинград бағытына жіберген жауынгерлер туралы жедел есептері мен статистикалық деректері бар. Құжатты қағаздарда Қызылорда облысы бойынша 30 мыңнан астам жауынгер жіберлгені айтылса, олардың шамамен 2-3 мыңға жуығы Қазалы ауданынан болуы мүмкін.
Сталинград аспанында жау ұшақтарына соққы берген ұшқыштар мен Еділ жағалауындағы «Мамай қорғанында» ажал сепкен артиллеристердің арасында Қазалы стансасынан аттанған теміржолшы-жауынгерлер көптеп кездеседі.
Қазалылықтардың қатысуы тек Мәскеу мен Сталинградпен шектелген жоқ. Курск доғасындағы танкті ұрыстарында да қазалылық саперлер мен жаяу әскерлер жаудың «Тигрларына» қарсы тұрған.
1945 жылдың мамырында Рейхстагқа ту тіккендер мен қала ішіндегі соңғы ұрыстарға қатысқандардың арасында да Қазалы перзенттері болғаны туралы мәліметтер мол.

Еңбегі – шежіре, ерлігі – дастан
КСРО-дағы ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі және ең мәртебелі атақ – Кеңес Одағының Батыры – соғыстағы теңдессіз ерлік пен қаһармандық іс-қимыл үшін беріледі. Осы қаһармандардың сапында Қазалы топырағында туып-өскен бес батырдың есімі ел жадында ерекше құрметпен аталады.
Владимир Михайлович Счастнов 1915 жылы Қазалыдағы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Соғысқа дейін жергілікті депода слесарь болып еңбек етіп, майданға аттанған. Оның 1938 жылы Хасан көлі маңында жапон самурайларымен шайқаста шыңдалған тәжірибесі жау бетін қайтаруға көп көмектеседі.
Бірінші Белорус майданы, 48-армияның 8-инженерлік-саперлік бригадасының құрамында болған В.Счастновтың ең жоғарғы ерлігі 1944 жылы 10 қазанда Польшаның Грабник деревнясы маңында болды.
Оның бөлімшесіне шабуылдаушы күштер үшін жол ашу, яғни мина алаңын тазарту міндеті жүктеледі. Жаудың үздіксіз атқылауы мен зымырандардың жарығы астында Счастнов бірнеше жарақат алса да, шегінгенбей, жауынгерлік міндетіне адалдығын аңғартады. Осы ерлігі үшін 1945 жылы Батыр атағы беріледі.
«Герои Советского Союза: Краткий биографический словарь» екі томдық анықтамалықта батырдың ерлігі туралы егжей-тегжейлі сипатталған. Оның аяғын кезекті мина жарқыншағы жұлып кетіп, қаһарман жауынгер жаны тәсілім болғанша 8 жерден жарақат алғанына қарамастан, 18 минаны өз қолымен залалсыздандырғаны және соның нәтижесінде біздің әскерлердің алға жылжуына мүмкіндік туғаны жазылған.
Жаужүрек жауынгер ерлігі Поляк жерінде де жоғары бағаланған. Ол алғашында Грабник деревнясында жерленгенімен, кейіннен оның сүйегі Макув-Мазовецки қаласындағы кеңестік жауынгерлердің бауырластар зиратына ауыстырылғаны жайлы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Жерленген жерлер туралы есеп карточкасында» №246 тізімде тіркелген.
«Көк аспанның сұңқары» атанған Яков Михайлюктің ерлігі – бүгінгі әскери сала үшін үлкен тәжірибе.
Яков Данилович Михайлик 1919 жылы Қазалы стансасында туған. Ол 1938–1939 жылдары Қазалы стансасындағы фабрика-зауыт училищесін паровоз машинисі мамандығы бойынша бітіріп, соғысқа дейін Қазалы локомотив депосында жұмыс істегенін «Қызылордалық Кеңес Одағының батырлары» тарихи анықтамалығы айқындайды.
1941 жылдың тамызында Чугуев әскери авиация мектебін сержант шенімен бітіріп шығады.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық архиві және 85-ші гвардиялық истребительдік авиация полктарының құжаттары ұшқыштың алғашқыда отандық Як-1 истребителін тізгіндесе, соғыстың екінші жартысында АҚШ-тан одақтастық көмек ретінде келген атақты P-39 «Airacobra » истребителімен жауға ойсырата соққы бергенін көрсеткен.
Жауынгерлік көрсеткіші жайында М.Ю.Быковтың «Советские асы 1941-1945. Победы Сталинских соколов» атты 2008 жылы баспаланған ресми тарихи энциклопедиялық жинағында мынандай жолдар келтірілген.
«Яков Михайлюк соғыс жылдарында 339 рет әскери тапсырмамен әуеге көтеріліп, 75 әуе шайқасын өткізген. Ол Мәскеу, Сталинград, Курск түбінде және Берлин операциясында жаудың соққыларына тойтарыс берді». Оның есебінде жеке өзі атып түсірген 26 жау ұшағы бар. Кейбір деректерде жеке 17, топ құрамында 5 ұшақ деп нақтыланады. Осы ерлігі үшін 1944 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
1945 жылдың сәуір-мамыр айларында Берлин шайқасы кезінде 54-гвардиялық истребительдік авиация полкінің құрамында болған ол Берлин аспанында жаудың соңғы ұшақтарын құртып, әуеде үстемдік орнатуға үлес қосқан.
«Мен – Сұңқар, шабуылға шықтым» кітабында оны Яков Михайлюктің өзі жазғаны мәліметтер бар.
Кеудесін оққа тосқан Үрмәш, кей деректерде Орман, Түктібаев туралы аңызға ұқсас ақиқат ел жадында. Ресми марапаттау қағазында оның ерлігі қолма-қол шайқастағы теңдессіз қайсарлық ретінде сипатталады.
1944 жылдың 20 шілдесінде Латвияның Лудза ауданы, Перели деревнясы маңында кіші сержант Түктібаев өзінің пулеметімен жаудың шегініп бара жатып жасаған қауіпті контратакаларының бетін қайтарған.
Қарсыластың жиырмаға жуық сарбазы оны қоршап, тірідей қолға түсірмекші болады. Үрмәш пулеметпен оқ жаудырып, олардың көбін жояды. Ұрыс кезінде пулеметтің ұңғысы қызып кетіп, оқ таусылған сәтте, бір неміс сарбазы оның қаруын тартып алмақшы болады. Үрмәш саспастан пулеметтің ауыр темір дүмін қару қылып, ақырғы демі қалғанша шайқасып, ерлікпен қаза табады. Жауынгерлік әдісі өз шебін жауға беруге тосқауыл болады.
Жаужүрек жастың 261-атқыштар полкінің пулеметшісі болғаны және КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені «Память народа» электронды архивіне көрсетілген.
Ол Латвияның Лудза ауданы, Нирза деревнясындағы бауырластар зиратында жерленген.
«Боздақтар» анықтамалығында Үрмәш Түктібаев 1917 жылы Қазалы ауданы, Сарыой ауылында туғаны, майдандағы ерлігі нақты жазылған.
Есімі Қазақ КСР мен Өзбек КСР тарихында «Днепр шайқасының шебері» ретінде алтын әріппен жазылған Мақаш Балмағамбетов те Қазалының тумасы.
Әскери мұрағаттық дереккөздерде 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының атақты Степной майданы, 7-армиясында жеке оқу батальонының 2-ротасының бөлімше командирі болғаны жазылған.
«Память народа» порталында Мақаш Балмағамбетовке КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы №3422 «Алтын Жұлдыз» медалі мен Ленин ордені берілгені туралы ресми құжаттардың түпнұсқасы сақталған.
1943 жылдың 25 қыркүйегінде гвардия сержанты М.Балмағамбетов өз бөлімшесімен бірге Днепр өзенінен бірінші болып өтіп, плацдармды басып алады.
Жаудың басым күшімен болған ұрыста оның бөлімшесі бір күнде неміс автоматшыларының үш бірдей қарсы шабуылын тойтарып, өзге бөлімшелердің өзеннен өтуіне мүмкіндік туғызады. Түнгі шайқаста немістердің маңызды атыс нүктелерін жарып жіберіп, батальонның алға жылжуына ықпал етеді. Оның бұл қаһармандығы «Атқыштар полкінің алдаспаны» деген атпен тарихқа енген.
28 қыркүйекке қараған түні батыр жаудың бірнеше от нүктесі орналасқан үйді жарып жіберіп, батальонның Бородаевка кентін толық азат етуіне жол ашады. Осы ұрыста ол жау офицерін қолма-қол айқаста атып түсіреді.
«Герои Советского Союза — казахстанцы» басылымында Мақаш Балмағамбетовтың ерлігі мен оның Қазақстанмен байланысы егжей-тегжейлі баяндалған.
Соғысқа дейін колхозда есепші, техник болып еңбек еткен. Соғыстан кейін, 1945 жылы елге аман-есен оралып, Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласында тұрды және сонда белсенді қызмет атқарған. 1977 жылы 29 қыркүйекте дүниеден озған.
«Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары», «Навечно в сердце народном», Ресей Федарациясының орталық мұрағаттық базаларында Геннадий Фадеевич Шляпиннің майдандағы мергендігі мен шеберлігі, 196-гвардиялық атқыштар полкін басқарғаны, Батыс Двинадан өткендегі тактикасы сияқты нақты әскери бұйрықтар мен марапаттау қағаздары сақталған.
Мәскеудегі Жеңіс Музейінің victorymuseum.ru сайтында да ол басқарған 196-гвардиялық атқыштар полкі 67-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында болғаны жайлы мағлұматтық дерек бар. Ол соғысты кіші лейтенант болып бастап, жеңісті гвардия полковнигі шенінде қарсы алған бірегей тұлға.
1944 жылы Витебск облысында жау қорғанысын бұзып, Батыс Двина өзенінен өту кезінде полкті шебер басқарып, стратегиялық басымдыққа ие болған Г.Шляпин – тек батыр жауынгер емес, сонымен қатар ірі әскери стратег. Соғыстан кейін де әскери салада қызмет етіп, Бас штабтың академиясын бітірген. Көптеген орден-медальдардың иегері.
Барлығы Жеңіс үшін!
Қазалылықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қосқан үлесі тек майдан даласындағы ерлікпен ғана емес, сонымен бірге тылдағы қажырлы еңбекпен де өлшенеді.
1941-1945 жылдары Қазалы теміржолшылары майданға баратын жүктерді өңдеудегі ерен еңбегі үшін бірнеше рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алған. Бұл – тыл мен майданның бірлігінің нақты дәлелі.
Аудан сол кездегі майданды азық-түлік, киім-кешек және жауынгерлермен қамтамасыз еткен. Тылдағы еңбек туралы нақты деректер Қазалы ауданының «негізгі тірек нүктесі» болғанын растайды.
«Қазақстан теміржолының тарихы» жазбасында Орта Азия мен Ресейдің орталық бөлігін жалғаған негізгі теміржол торабы – Қазалыда соғыс кезінде эвакуацияланған кәсіпорындар тоқтамай өтіп, майданға қажетті қару-жарақ пен техника тиелген эшелондар кідіріссіз жөнелтіліп отырғаны көрсетілген. Поездарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету жеделдетілген режимде жүргізілген. Қазалы локомотив депосының жұмысшылары поездарды жөндеу уақытын 2-3 есеге қысқартып, «луниншілер» қозғалысын кеңінен өрістеткен.
Соғыс жылдарында Қазалы балықшылары мен диқандары «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен мемлекетке жоспардан тыс мыңдаған тонна өнім берген. Әсіресе, Қазалы балық зауытының өнімдері майдандағы сарбаздарды азықтандыруда үлкен рөл атқарды. М.Қозыбаевтың «Қазақстан – майдан арсеналы» атты іргелі еңбегінде е Сыр бойының соғыс экономикасына қосқан үлесі ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Майданға кеткен ер-азаматтардың орнын қарттар, әйелдер мен балалар мемлекетке тонналап бидай, тары және ет-сүт өнімдерін өткізген. Мысалы, балықшылар ұжымы мемлекеттік жоспарды 150-200 процентке орындап отырған. Қазалы халқы өздерінің азын-аулақ жиған-терген қаражатын майдан қорына аударған. Мерекелер мен қыс айларында майдандағы жауынгерлерге сәлемдемелер үшін жүн шұлық, қолғап, жылы киімдер мен азық-түлік жіберіп тұру дәстүрге айналған.
Әйелдер трактор тізгініне отырып, егіс даласында күн-түн демей жұмыс істеген.
Аудан тұрғындарының жинаған қаражатына «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасы мен ұшақтар құрастырылған.
Сол кезде аудан тұрғындары батыстан эвакуацияланған жүздеген отбасыларды, сондай-ақ депортацияланған халықтарды бауырына басқан. Жергілікті халық соңғы нанымен бөлісіп, олардың орналасуына, жұмысқа тұруына көмектескен.
Қызылорда облыстық мемлекеттік архивінің мәліметінше, 1941 жылдың соңына қарай облыс аумағына 20 мыңнан астам эвакуацияланған халық келген. Оның ішінде Қазалы ауданына 1500-ден астам адам, шамамен 400-500 отбасы, орналастырылған.
Көшіп келгендердің басым бөлігі Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентіне және теміржол бойындағы елді мекендерге жайғастырылған. Жергілікті тұрғындар оларды өз үйлеріне қабылдап, баспанамен қамтамасыз еткен. Келушілер Қазалы локомотив депосы, балық зауытына және колхоздарға жұмысқа орналастырылған.
Қазалылықтардың соғыс жылдарындағы ерлігі – майдандағы оқ пен оттан кем түспейтін рухани жеңіс. Соғысқа қосқан үлесі майдандағы жаунгер жерлестерімен бірге аш-жалаңаштыққа қарамай, «Жеңіс!» деген бір ғана мақсат үшін дамылсыз еңбек еткен бүкіл халықтың ержеүректілігі мен қайсарлығы. Олардың ерлігі – бүгінгі бейбіт күннің баға жетпес құны.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
09 мамыр 2026 ж. 186 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031