Бейбітшілік – ең жоғары құндылық

8 мамыр – Еуропаның көптеген елдерінде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күні. Әсіресе Батыс Еуропада Жеңіс күні ретінде аталып өтеді.
Еуропа – әлемнің соғыс эпицентрі. Оған геосаяси орналасуы, отарлық бәсекелестік, ұлтшылдық пен түрлі идеологиялық күрес әсер еткені анық. Сондықтан еуропалықтар бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын жақсы түсінеді.
Conflict Catalog мәліметіне сүйенсек, 1500 жылдан 2000 жылға дейінгі аралықта әлемде орын алған ірі соғыстың 70 пайыздан астамы Еуропада болды. Соңғы 500 жылда бұл құрлықта 2000-нан астам ірілі-ұсақты әскери қақтығыс тіркелді. Орташа есеппен, Еуропада әрбір 2-3 жыл сайын бір соғыс орын алды.
Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең ауыр әрі ауқымды қақтығыс болды. 1939-1945 жылдары әлемнің 60-тан астам елі қатысып, 100 миллионнан астам адам әскери қызметке тартылды. Соғыстың нәтижесінде 70-85 миллион адам қаза тапты.
Кеңес Одағы 27 миллионнан астам азаматынан айырылды. Бұл қатарда Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мыңнан астам жауынгердің ерлігі де ерекше назар аударуға тұрарлық. Өкінішке орай олардың көпшілігі майдан даласынан оралмады.
Еуропа сол кездері толық күйреу шегіне жетті. Берлин, Прага, Ницца, Рим, Лондон, Сталинград, Ленинград секілді ірі қалалар қирап, миллиондаған бейбіт тұрғын қаза тапты. Әсіресе 1944 жылы Варшава жермен-жексен болды. Қала тұрғындарының 85 пайызы үйінен айырылды. Бұл қалалар бүгінде өткеннің ауыр сабағын еске салып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын түсіндіреді.
Сондықтан Еуропада 8 мамыр – тек жеңіс күні емес, ең алдымен, өткенді еске алу және болашақ ұрпаққа ескерту күні.
Бүгінде еуропалықтар Украинаның болашағына алаңдап, соғыстың ертерек аяқталуын тілеп отыр. Өйткені соғыстың оты Еуропаны қайтадан шарпуы мүмкін деген қауіп бар.
Әлемде соғыс болмасын. Бейбітшілік – әлемнің ең құнды мұрасы болсын!
Ерлік рухы – мәңгі жадымызда
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына тура 80 жыл. Бүгінде Қазақстаннан майданға 1 миллион 200 мыңнан астам адам аттанды. Олардың 600 мыңға жуығы ұрыс даласынан оралған жоқ. Бұл – әр қазақ отбасының жүрегіне жара салған қайғы-қасіреттің бір айғағы.
Оған қоса тылда еңбек еткен миллиондаған әйел мен жасөспірімнің жанкешті еңбегі соғыс жылдарында жеңісті жақындата түсті. Қазақстан тыл тірегіне айналып, елге 500-ден астам өнеркәсіп орны көшірілді. Сол кәсіпорындардың басым бөлігі қазақ жерінде жұмыс істеп, майданды керек-жарақпен үздіксіз қамтамасыз етті.
Еліміз 2,5 миллион тонна азық-түлік, 300 мыңнан астам вагон қару-жарақ пен әскери жабдық жіберіп, майдан шебін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл – халқымыздың табандылығы мен жанқияр еңбегінің тарихи көрінісі.
Соғыстың жеңіспен аяқталуына ғылым да зор рөл атқарды. Алайда біз бұл тұста Қаныш Сәтбаевтың ерлігін жиі еске ала бермейміз. Ғалым соғыс кезінде Урал мен Сібірге тәуелді Кеңес Одағының ауыр өнеркәсібін Қазақстанмен қамтамасыз етудің жолын ұсынды. Оның жетекшілігімен жүргізілген геологиялық барлау нәтижесінде елімізден мыс, марганец, қорғасын, көмір және уран сынды стратегиялық маңызды кен орындары табылып, олардың өнімдері тікелей майдан қажеттіліктеріне бағытталды.
Жезқазған мен Балқаш кен орындарын игеру – Сәтбаевтың ғылым мен Отан алдындағы шексіз жауапкершілігінің көрінісі. Ол бұл еңбегін майданмен тең санады. Стратегиялық ойлай білген ғалымның арқасында Қазақстан сол жылдары Кеңес Одағының басты металл өндіруші аймағына айналды. Бұл ерлікке Сталиннің өзі баға бергені де тарихи дерек ретінде белгілі.
Жауынгерлік әрекет те ескерусіз қалмауы тиіс
Қазақстаннан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 497 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде 103-і – қазақ ұлтынан шыққанын айту керек.
Ерекше ерлігімен көзге түскен Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқтаров, Махмет Қайырбаев, Ыбырайым Сүлейменов, Төлеуғали Әбдібеков, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова атауымыз керек.
Ленинград майданында жау дзотын кеудесімен жауып, ерлікпен қаза тапқан Сұлтан Баймағамбетовтың ерлігін естен шығармауымыз қажет.
Олар – елінің абыройын қорғаған ерлік символдары.
Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыс – тек әскери тарих қана емес, бұл – халқымыздың қайсарлығы мен бірлігін, ерен еңбегі мен ғылыми өрісін танытқан дәуір. Бұл – біздің қоғамдық жадымызда мәңгі сақталуы тиіс тағдырлы парақ.
Ерлік ұмытылмайды. Ерлік рухы – мәңгі жадымызда.
Нұрлат БАЙКЕНЖЕ