Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыс салған сойқан

Соғыс салған сойқан

Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Біз бейбіт өмірдің бесігінде тербеліп өстік. Соғыс көрмеген ұрпақпыз. Тек қан майданда шайқасқан ата-әкелеріміздің басынан өткенін естіп, соғыстың салқын лебін сезінеміз. Жүректі тербеп, көзге еріксіз жас үйірілетін қанды соғыстың салған сойқаны аз болмады. Талай ана жалғызынан айырылып жүрегі сыздап, айбынды әкелер отбасына оралмай оққа ұшты. Миллиондаған адамның өмірін жалмаған, соғысты халық ұмытқан жоқ. Ал кейінгі ұрпақ бұл тақырыпта толық ақпар білмейді. Оны сізде білмеуіңіз мүмкін?! Сондықтан Отан үшін өмірін құрбан еткен тағдырларды естен шығармай, тарих тереңіне бойлап көрелік.
1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағы­ның Ұлы Отан соғысы екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі ретінде тарихқа мәңгі енді. Бұл соғыста Қазақстандағы әр отбасынан жүздеген мың адам қолына қару алып, ұрысқа қатысты. Басталуы және оның сипаты туралы тарихи деректерге сүйенетін болсақ:
1939 жылғы шабуыл жасаспау туралы Кеңес Одағымен жасаған келісімді фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда бұзып, соғыс жарияламастан КСРО аумағына аяқ астынан басып кірді. Ал оған Гитлер 1940 жылдың орта кезеңінде-ақ «Барбаросса жоспары» деп аталатын стратегиялық жоспар құрып кіріскен. Яғни Германия мен оның қол шоқпарларының құрлықтағы, әуедегі және соғыс теңіз күштері КСРО-ға бір мезгілде шабуыл жасайтын болып келісті. Ондағы басты мақсат – қысқа мерзім ішінде «қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде аяқтау тиіс еді. Сондай-ақ бұл тұрғыда фашистердің саяси және экономикалық астары болды. Германия империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет құруды көздеді.
Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өз еркімен жаппай жазыла бастады. Мәселен, Алматы медицина институтының студенті Мәншүк Мәметова: «Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін», – деп әскери комитетке өтініш берді. Қазақстаннан соғыс майдандарында 100-ге жуық ақындар мен жазушылар шайқасқан. Республика бойынша 2 миллионнан астам адам әскери даярлықтан өткен.
Соғыстың алғашқы кезеңінде 14 атқыштар және атты әскер дивизиясы, 6 бригада құрылып, майданға жіберілді. Қазақстандық 36 жеке атқыштар бригадасы 30-дан астам ұлттан құрылды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған жігіттерден 316-атқыштар дивизиясы құрылып, оның командирі генерал М.В.Панфилов болды. Армия қатарына 1196164 қазақстандық қосылып, әрбір бесінші адам майданға аттанды.
Сол тұста ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды. Көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады. Мәселен, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 завод пен фабриканы, кәсіпорындарды Қазақстанға көшіру жүрді.
Панфиловшы аға лейтенант Б.Момыш­ұлы Москва түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады.
Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-шы атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шай­қастарында И.Б.Мадин, Рейхстагқа ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік танытты. А.Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен келеді. Соғыстан кейін Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде қойылды. Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.
Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бо­йынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті.
Қазақстандық жауынгерлер Украинаны, Белоруссияны, Балтық бойын, Молдовияны азат етуге қатысты. Мыңдаған қазақ жігіттері Кеңес әскерінің құрамында Шығыс Европа халықтарын Гитлердің тепкісінен азат етуге ат салысты. Кеңестік Шығыс әйелдері арасынан бірінші болып Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталғандар – шығыстың қос шынары: пулеметші Мәншүк Маметова мен 54-атқыштар бригадасының мергені Әлия Молдағұлова болды. Кеңес Одағының батыры, ҚР-ның қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Жас офицер Р.Қанқарбаев өзінің досы Г.Булатов пен бірге рейхстаг терезелерінің біріне алғашқыларының бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицерлері Қ.Меденов пен Р.Қараманов Берлин ратушасының төбесіне тікті.
Қазақстандықтар партизандық қозғы­лысқа белсене қатысты. Толық емес мәліметтерге қарағанда Украинаның партизандық құрамалары мен отрядтарында 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ жігіттері соғысқан. Белоруссияның әр түрлі аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден аса қазақстандықтар болған.
1945 жылы 2 мамырда Берлин қаласы алынды. Ал 8 мамырда фашистік Германияның тізе бүккендігі туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, 9 мамыр күні Қызыл Армия жеңіске жетіп, Ұлы Отан соғысы аяқталды.
Міне, осылай Кеңес халқы мен оның Қарулы күштері бұдан 77 жылдан астам бұрын адам баласының қас жауы фашизмді осылай талқандады. КСРО-ның Ұлы Отан соғысында өз елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалды, Европа халықтарын фашизмнің қанды шеңгелінен құтқарып, жеңімпаз халық атанды.
Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 миллион адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 миллион адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған. Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.
Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған қазақ­стандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқандардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл проценттік шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.
Кеңестер Одағының құрамдас бө­лігі ретінде жаумен шайқаста қазақ­стан­дықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.
Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Оның ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақты ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлерде, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар айтарлықтай болды.
Дайындаған
А.ЖОЛТЕРЕК
07 мамыр 2022 ж. 1 325 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031