Қазалыдағы Қарымсақов
Жантілеу Бержанұлы Қарымсақов 1926 жылы Қазалы ауданы, Қарашеңгел ауылдық Кеңесіне қарасты ауылда шаруа отбасында дүниеге келді. Жантілеу Қарымсақов 1943 жылы Орынбор теміржолына қарасты№ 67-ші орта мектепті бітіреді.Ол кезде Батыс Қазақстан теміржолы құрылмағандықтан № 67(70) мектеп Ресей теміржол орталығы Орынборға қарайтын еді. Сондықтан болар мектепте орыс тілін оқытуға ерекше көңіл бөлінетін, кейін орыс тілін жетік білуі Жантілеудің алдынан шықты. 1944 жылы жасы 18-ге келгесін Қазалы аудандық әскери комиссариаттан соғысқа шақыру қағазын алды. Бір апта бойы қызыл вогонмен жүріп отырып,әрең дегенде Москваға табан тіреді. Москваға жеткенше көрген қиыншылықты жиі айтып отыратын, «товарный» атанып кеткен қызыл вогон күз айы болғандықтан ызғып кетіп жолда үсіп кете жаздаған, кей станцияларға тоқтағанда он адамға бір шәйнек қайнаған ыстық су не болсын, сол кезедегі астана Москваға әрең жетеді.
Мектепте жақсы оқыған соң және орыс тілін жетік білетін Жантілеуді штабқа хатшы (писарь) етіп қалдырды, жыл соңында қысқа мерзімді мергендер курсына оқуға жіберді. 1945 жылдың қаңтар айында қатардағы жуынгер Жантілеу Қарымсақов мерген ретінде алдынғы шепке жіберілді. Соғыстың аяқталуына төрт айдан астам уақыт қаласа да, жаудың күші әлі дебасым еді. Вермахт генералитеті, яғни бас штабы Қызыл Армияны Балтық бойы мен Батыс Украинадан қуып тастап, Австрия, Венгрия тб шығыс европа елдерінде өз үстемдігін сақтап қалып, Батыс Украинаны басып алу үшін Балотон операциясын бастап жіберді. Жаудың генерал Зилла Дитрих бастаған СС танк дивизиясына қарсы 3-ші Украин майдан қорғанысқа көшіп қарсы тұрды. Наурыз айының 6-13 аралығында болған бұл жойқын шайқаста жау жағы 32 899 адамынан, қызыл армия27 мың адамынан айырылды.
Осы қырғын шайқастан қалай аман қалдым деп өзі де таң қалып отыратын. Соғыс адамды өзгертіп жіберетінін басынан өткерді, кезекті елді мекенді азат еткенде фашистердің шегініп бара жатқанда бүкіл бір деревня адамдарын сарайға қамап өртегенін, сарайға сыймай қалғандарын құдыққа тірілей тастап үстіне ағаш салып өртеп жібергенін көргенде жауынгерлердің қаны қарайып, жауға деген аяаушылық болмау керек екенін білдік деп отыратын. Соғыста сен өлтірмесең, жау сені өлтіреді деген қағидамен жүріп тұрды.
Осы Болотон шайқасының бастапқы кезінде жау ұшақтары үздіксіз бомбылау кезінде аман қалу үшін орманды барып паналайды. Бұларды байқап қалған неміс автоматшылары ізіне түскенде көктем айындағы мұздай батпақты әрі ну қамысты көлге барып тығылып қамысты түтікше қылып демалып жау кеткенше судан шықпаған кезін және осы орманда жасырынып жүргенде әр солдат рюкзагіндегі қатқан қара нанмен шәйді редискамен ішіп жүрдік қой деп қарындасы, орыс тілінің мұғалімі болған, қазір Қызылорда қаласында тұратын зейнеткер қарындасы Розаға айтқан болатын. Әр бір жауынгер сияқты Жантілеу де, соғыстың соңғы ордасы Берлинді алуға қатысқысы келгенмен №18 танк дивизиясының құрамында мерген ретінде Украинаның Волынск облысының Львов қаласында қалдырылды.
Себебі, фашистер шегініп бара жатып өздерінің одақтасы Степан Бандера бастаған ОУН-нің (украин ұлшылдар отряды) партизандық соғыс жүргізу үшін қару-жарақтың мол қорын тастап кетті, олар қателескен жоқ бұл қару ОУН үшін 1950 жылға дейін жетті. Олардың қаруы арқылы тіпті тыныш заман болды деген бертінгі 1980 жылға дейін батыс украинадағы жалғыз-жарым жүрген совет солдаттары өлтіріп кетіп отыруға жетті. Соғыстан бандеровшылармен соғысу өте қиын болып ұзаққа созылу себебі, олар күндіз егін егіп, мал бағып тіршілік еткенмен, түнге қарай қолына қару алып колхоз төрағаларын, партия мен комсомол белсенділерін өлтіріп, клуб, мектеп тб нысандарды өртеп отырды.
Осындай партизандық соғыс кезінде мерген Жантілеу Қарымсақовқа зор міндет жүктелді. Түнде тасада тосқауылда жатып, орманнан шығып келе жатқан олардың басшыларын атып өлтіріп отырды. Сол кезде сасып абыржып қалған ОУН-дықтарды біздің әскерлер жоюға жеңілдеу болды. Қазіргі кезде батыр халық украиндар өзінің бостандығы үшін соғысып жатқанда украин ұлтшылдары туралы жазу мен үшін қиындау, оқырмандар айыптауы да мүмкін. Бірақ менде Жантілеудің қарындасы Роза айтқан естеліктерінің бейнежазбасын көргесін жаздым. Онда Роза «ағам Жантілеу соғыс туралы кино көрмейтін бәрі де шындыққа келмейді деп, әсіресе бандеровшылардың айуандығы туралы айтсам жандарын түршігіп кетеді» – деген.
Тарихшы ретінде украин халқының басынан не өткергенін жақсы білемін. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында қазақ пен украин халқын аштықтан қыруды қолдан ұйымдастырды. Сондықтан олардың кремльдегі орыстарға деген өшпенділгін де түсінемін. Мен тек Жантілеу Қарымсақовтың басынан өткергенді ғана жаздым. Соғыстан соң осы Украинадағы орналасқан Прикарпат әскери округы бойынша өткен мергендердің снайперлік виновкадан нысана көздеуден1948 жылы өткен 4-ші жарысында 138 үпай жинап бірінші орынды гвардия ефрейторы Жантілеу Қарымсақов жеңіп алғанда, сайысты көруге келген Одесса әскери округінің қолбасшысы маршал Г.К.Жуков Грамотаны тапсырып тұрып: «Қарымсақовтың көзі дүрбі сияқты ғой» (глаза у Каримсакова как биноколь)деді деп жиі айтушы еді деп қарындасы Роза тағы бір есіне түсірді.
Осылайша Украинадағы 18 танк дивизиясында 1944-1947 жылдары, ал №26045 әскери бөлімде 1947-1950 жылдары болып, 1950 жылдың 28 қаңтарында еліне қайтты.Қазалыға келгесін Жантілеу Қарымсақов 1951-1954 жылдары қамсыздандыру мекемесі ГОССТРАХ-та инспектор болып жүргенде Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы кооперативтік техникумда сырттай оқып бітіріп алды және Алматыдағы жоғары партия мектебінде де оқыды. 1954-1961 жылдары поселкелі кеңес пен аудандық атқару комитетінде инспектор, 1961-1965 жылдары аудандық стстистика бөлімінде инспектор, 1965-1986 жылдары ет комбинатында директордың орынбасары, аудандық тұтынушылар одағында товаровед, СЭС мекемелерінде қызмет істеп зейнеткерлікке «Еңбек ардагері» медалін тағып шықты.
Бұдан басқа соғыста алған медалдері өз алдына бар. Алайда, бір жылдан соң 1987 жылдың 25 тамызында 61 жасында дүние салды. Құдай қосқан жары Күлзада екеуінің тоғыз баласынан 15 немере, 18 шөбере таралып отыр. Тыл ардагері Күлзада немере мен шөбере қызығын ұзағынан көріп, бертін келе 2021 жылы қайтыс болды. Елге сыйлы болған қос ардагер тоғыз баласының жоғары оқу орындарында білім алуына бар жағдай жасады. Айымторы-инженер, марқұм Айшагүл – математика пәнінің білікті мұғалімі еді, менімен № 70-ші мектепте қызметтес болды, Бағдагүл – товаровед, Дәметкен – құрылыс инженері, Дәмелі- СЭС мекмесінде қадағалаушы, Күләнда – теміржол колледжінде мүғалім, Бақыт- Алматыда құрылыс инженері, Айып – инженер механик, Рысбек-әскери күзет қызметінде еңбек етіп жатыр.
2026 жыл Қарымсақовтар әулеті үшін ерекше жыл. Әкелері Жантілеу 100 жасқа келгенін өзі мерген ретінде үлкен үлес қосқан Жеңіс күні 9 мамырда атап өтпекші. Ол кезде туу туралы куәлікке туған күні жазыла бермейтін еді. Қарымсақовтар үшін әкесі Жантілеудің туған күні ретінде 9 мамырда атап өту дәстүге айналған болатын.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі











