Жаңа білім министрі үштілділікке қатысты ойын айтты
Күләш Шәмшидинова балалар ең алдымен өз ана тілін, қазақ тілін білуі керек деп есептейді. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова үштілділікке қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Заман талабына сай, балаларымыз, ең бірінші, өз ана тілін, қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілін біз тек Қазақстанда ғана дамыта аламыз. Екіншіден, жалпы интеграциялану үшін, басқа көрші мемлекеттермен жұмыс істеу үшін бізге орыс тілі мен ағылшын тілі қажет. Міне, осы жағдайға байланысты қазір мектептерде пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытылып жатыр", - деді Шәмшидинова үкімет каулыларында.
Министр мектептер пәндерді ағылшын тілінде оқытуға біртіндеп көшетінін атап өтті.
"Әрине, елдің бәрін көп толғандырып, көп шулатқан мәселе – ол пәндерді ағылшын тілінде оқыту. Осыған байланысты министрлік қазір кадрлардың дайындығына қарай біртіндеп көшуді қарастырып отыр", - деді ол.
Оның айтуынша, 2016 жылы жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдерді даярлауға мемлекеттік тапсырыс берілген.
"Сол тапсырыспен болашақ мұғалімдер келесі жылдан бастап университтердің қабырғаларынан шыға бастайды. Сондықтан да балаларды ағылшын тілінде оқыту мәселесі кезең-кезеңмен, кадрлардың және мектептердің дайындығына байланысты мектептердің қалауымен біртіндеп енгізіледі. Біз қазір 15 мектеп немесе 20 мектеп енгізсін деген талап қойып отырған жоқпыз", - деді Шәмшидинова.