Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерген болған майдангер

Мерген болған майдангер

Кеңес-герман соғысының ардагері Жантілеу Бержанұлы Қарымсақов 1926 жылы Қазалы ауданындағы Қарашеңгел ауылдық Кеңесінде шаруа отбасында дүниеге келді.
1943 жылы аудан орталығындағы теміржолға қарасты №67 (қазіргі №70) мектепті бітірді. 1944 жылы соғысқа шақыру қағазын алды. Сол жылдың қаңтар-маусым аралығында жарты жылдық қысқа мерзімді мергендер дайындайтын курста оқып болғасын, бірден майданға жіберілді. Бұл кезде Кеңес армиясы елді фашист басқыншыларынан азат етіп жатқан уақыт болатын. Мерген Жантілеу Қарымсақов генерал-полковник Галицкий басқаратын №18 гвардиялық танк дивизиясы құрамында болып, жаудан Украина жерін азат ету шайқастарына қатысты. Украинаның Волынск облысы, Львовь қаласына қалдырылды. Себебі фашистер шегініп бара жатып, өздерінің сыбайластары Степан Бандера басқарған Украин ұлтшылдар отрядына (ОУН) партизан соғысын жүргізу үшін қару-жарақтың мол арсеналын тастап кеткен болатын, сол қор оларға 1950 жылға дейін соғысуға жетті. Бандеровшылармен күрес өте қиын болды, күндіз шаруа болып егін егіп, мал бағып, тіршілігін істегенмен, түнде қолына қару алып колхоз төрағаларын, партия мен комсомол белсенділерін өлтіріп, әскери бөлімдерге шабуыл жасап тұрды. Осыған байланысты мергендерге зор міндет жүктелді. Түнде тасада жасырынып, орманнан шығып келе жатқан бандеровшылардың басшыларын атып, қатты састырды. Сол кезде біздің әскер де оларды жойып отырды. Мұндағы соғыс герман жеріндегі соғыстан да қауіпті еді. Онда жау белгілі, бұл жақта жау күндіз қасында жүретін.
Соғыстан соң мергендігімен көзге түскен Жантілеу Қарымсақовты керек маман ретінде №26045 әскери бөлімшеде аға сержант шенімен атқыштар бөлімшесінің командирі қызметінде қалдырды.
1950 жылы 28 қаңтардағы Кеңес үкіметінің дембилизация туралы қаулысының санатына ілініп елге қайтты. Майдандағы ерлігі үшін Жоғары Бас қолбасшының Алғыс хатымен және бірнеше медалімен марапатталды. Қазалыға келгесін 1951-1954 жылдары камсыздандыру ГОСТРАХ мекемесінде инспектор, 1954-1961 жылдары поселкелік кеңесте, аудандық атқару комитетінде инспектор, 1961-1965 жылдары аудандық статистика бөлімінде инспектор, 1965-1986 жылдары ет комбинаты директорының орынбасары, аудандық тұтынушылар одағында товаровед, санитарлық-эпидемологиялық станцияда қызмет етіп «Еңбек ардагері» медалін тағып құрметпен зейнеткерлікке шықты. Ол 1987 жылы 25 тамызда 61 жасында өмірден озды.
Құдай қосқан қосағы тыл және еңбек ардагері, «Алтын алқа» иегері Күлзадамен бірге 9 балаға тәлім-тәрбие беріп, барлығына жоғары білім алуына жағдай жасады. Жантілеу ағамыз көре алмай кеткен қызықты Күлзада апамыз 15 немереден тараған 18 шөберенің ортасында, ағамыз қорғап қалған бейбітшілік заманда бақытты ғұмыр қызығын көруде.
Балалары: Айымторы – инженер, Айшагүл – педогог, Бағдагүл – товаравед, Дәметкен – құрылыс инженері болып қызмет істеп зейнеткерлікке шықса, Дәмелі – теміржолға қарасты санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінде, Күланда теміржол көліктік жоғары колледжде мұғалім, Бақыт Алматыда құрылыс инженері, Айып инженер-механик, Рысбек әскери күзетші қызметінде.
«Ерлік өшпес өнеге» демекші ел басына қауіп төнгенде майданға аттанған Жантілеу ағадай арда азаматтардың даңқты жолы мәңгі көкейден өшпек емес.

Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,
тарихшы, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
07 мамыр 2021 ж. 630 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031