Жануарларға жауапкершілік: қоғамдық қауіпсіздік һәм қорғаншылық
Қазақстан қоғамында жануарлар жайы жиі көтеріліп, өзектілігін байқатты. Мәселе мемлекеттік деңгейде жетуіне олардан келетін қауіп пен көпшлікітің хайуанаттарға жасаған қатігездігі себеп болып отыр. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтеріп, бұл бағыттағы заңнаманы қатаңдатуды тапсырды.
Иттің иесі, қасқырдың киесі бар
Жануарларға деген көзқарас – тек экологиялық емес, терең моральдық-этикалық мәселе.
Мал шаруашылығына негізделген көшпелі өмір салтына бейімделген халқымыз ежелден жануарларды тіршілік иесі ретінде құрметтеп, оларды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі деп санаған.
«Жұртымыз итті жеті қазынаның бірі деп есептеген. Ит үйді, малды қорғаған, аң аулауға көмектескен. Иттің атын қойып, оған құрметпен қараған. Моңғол-түркі халықтары итке сый-сияпат көрсеткен. Оны өлтіру немесе қинау үлкен күнә саналған. Қазақ фольклорында ит адалдық, күш, қорғаншылықтың символы ретінде суреттеледі.
Мысық Ислам дінінің ықпалымен ерекше құрметке ие. Мешітке кіре алатын жалғыз жануар мысықты қинау немесе тастау — ұнамсыз іс. Бізге малды күту, итті қорғау, мысықты таза ұстау сынды мейірімділік пен жауапкершілік тән. Көтеріп отырған бастама да осы дәстүрді жаңғыртып, жануарларға қатыгездіктің алдын алуға шақырып отыр», – дейді мәдениет саласының ардагері Айкүміс Сарықызы.
Дәстүртанушы сарапшы Маржан Тастыбай: «Қазақ халқы жануарларды «Тәңірдің жаратылысы» деп санағандықтан, оларға қатыгездік – адамгершілікке қайшы амал. Алайда, урбанизация мен жауапсыз иелік салдарынан бұл дәстүр әлсіреп, қаңғыбас ит-мысық проблемасы өршіп тұр.
«Иттің иесі болса, қасқырдың Тәңірі бар» деген бабаларымыз ешқашан итті қаңғытып, не қаңғыбас иттерді ауыл айналасына өргізіп қоймаған. Әр үй жануары үшін қожайындары жауапкершілік алған», – дейді.
Статистика не дейді?
Ресми дереккөздер Қазақстанда соңғы 1 жылда 41 366 адамды ит қапқанын көрсетіп отыр. Оның ішінде 23 134 жағдай яғни 55 проценті қаңғыбас иттерге қатысты екендігіһ анықталған. Мәліметтерді мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин парламент отырысында жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйене отырып жариялаған.
Статистика әр сағат сайын 5 адам, күніне 110–113 адам ит шабуылына ұшырайтынын ұғындырады. Балалардың үлесі жоғары. Мысалы, өткен жылы Батыс Қазақстан облысында зардап шеккендердің үштен бірі — 14 жасқа дейінгі балалар. Негізгі зардап шегушілер қатарында әйелдер де бар.
Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында құтырған ит қабу жағдайы анықталған.
Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары: «Egemen Qazaqstan», «Tengrinews», «ҚазАқпарат» жарияланған нақты жайттарға негізделген өңірлік мысалдар «жаға ұстатады».
2023 жылы Оралда орын алған оқыс оқиғаны көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Бөрлі ауданында балабақшадан кейін ойын алаңында серуендеп жүрген төрт жасар сәбиді ит ауыр жарақаттаған.
Дәрігерлер жәбірленушінің шап аймағының жыртылуы және жамбас сүйегінің жарақатына байлынысты күрделі ота жасаған. Полицейлер ит иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-2 бабы «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырып, 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салған. Итке екпе алған, бірақ чип салынбағаны анықталған.
Сол жылы Талғарда тағы бір ит талау оқиғасы тіркелді. Kazinform бір топ қаңғыбас ит 11 жасар жасөспірімге шабуыл жасағанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан балалар ойын алаңында жасөспірімге 10- нан астам иттің шабуылдағанын аңғаруға болады.
2024 жылы елді елеңдеткен оқиға Instagram, TikTok арқылы кеңінен тарап, әрбір ата-ананы алаңдатты.
Атырау облысындағы Нұрсая ықшам ауданында мектеп оқушысына ит шабуыл жасау қаупін төндірген. Әлеуметтік желіде тараған видеода жануардың ызалы мінез көрсеткені анық байқалады. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Дегенмен көршілері мұндай жағдайлардың соңғы уақытта жиілеп кеткенін айтып, дабыл қаққан. Тұрғындар сөздері, қала көшелерінде қаңғыбас иттердің саны айтарлықтай артқанын байқатқан.
Мұнан бөлек өңірлерде түрлі осыған ұқсас ірілі-ұсақты жайттар орын алған.
Ит қапса не істеу керек?
Ардагер-ұстаз Мәрия Байзаққызы ит қапқанда жасалатын дәстүрлі амалдармен бөлісті.
«Дәстүрлі қазақ қоғамында ит қапқан жағдайда халықтық медицина мен ырым-жоралғылар қолданылған. Бірақ негізгі шара — жараны тез тазалау және емшіге немесе дәрігерге жүгіну болған. Алғаш жараны сабынмен немесе тұзды сумен жуып, қан орнын тазалап, шөппен немесе қайнатпа, май сынды дәстүрлі дәрі-дәрмекпен емдеген.
Халқымыз «құтырған ит» деп аталатын ауруды мойындаған. Құтыру өлімге әкелетін ауру ретінде белгілі болғандықтан, ит қапқан адамды дереу «емшіге» немесе ауылдағы дәрігерге апарған. Ит тісі тиген, жарақаттаған жерді «таза» деп санау, батасын беру немесе арнайы дұға оқитын болған».
Ит қапса немесе мысық тырнаса, алғашқы медициналық көмек көрсеткенде йод немесе антисептикпен өңдеу дұрыстығын айтады дәрігер Жұлдыз Пархотова.
«Ұшықтау, киіз басу, айналасына үйде бар жақпаларды жағып қою – дұрыс тәсіл емес. Міндетті түрде дәрігерге жүгіну қажет. Мұндайда антибиотиктер, сіреспеге қарсы егу шаралары орындалып, жара тазаланып, тігіледі. Құтыруға қарсы вакцина салу – қауіптен қорғанудың ең тиімді құралы».
Маманнан олардан келетін қауіптер және жұғатын аурулар жайын сұрадық. «Мұндайда адам жануарлар тарапынан тістеп, тырнап, қауып алу секілді физикалық жарақат алу қаупі басым. Екіншіден, психологиялық қорқыныш ұялауы мүмкін. Мәселен стресс әсіресе балалар мен «аяғы ауыр» әйелдерде жиі кездеседі. Тәжірибе көрсеткендей, ит қауып нәрестесінен айырылып қалған келіншек келесі көтерген баласы сол аптаға жеткенде түсік қайталана беретін жағдайды кездестірдік. Иттің қауып не талауынан тілі шықпай қалған, түнгі дәретін ұстай алмайтын, өзге де қорқынышты күйге ұшыраған балалар болады.
Аурулардың ең қауіптісі ит пен мысықтан сілекей арқылы жұғады. Белгілері бір айдан бір жылға дейін пайда болуы мүмкін. Лептоспироз аталатын ауру иттің зәрі, су, топырақ арқылы жұғып, бүйрек, бауыр қызметін әлсіретеді. Токсокароз балалардың көз, өкпе жүйесін зақымдайды. Мысық тырнауынан пайда болатын бартонеллез ауруы бездердің ісінуі, безгекті тудырады. Мысық нәжісі арқылы тарайтын токсоплазмоз әсіресе жүкті әйелдер үшін қауіпті. Сонымен бірге жануарлармен жақын болу аллергия, тері аурулары, құрттарды көбейтеді», – дейді Жұлдыз Дүйсенбайқызы.
Жауапсыз иелік – негізгі себеп
Қызылорда облысында да қаңғыбас иттер мәселесі өзекті тақырыптардың бірі болып қалуда. Жыл басынан бері бұл бағытта бірнеше жұмыс жүзеге асқан.
Қазалы ауданыны әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта мұндай жұмыстар Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы аясында ауданда да жүргізілуде.
Негізгі шаралар тіркелген жануарларға қатысты орындалады.
Алғашқысы, аудару, зарарсыздандыру және вакцинациялау. Заң талаптарына сәйкес, иттерді жаппай жоюға тыйым салынған. Оның орнына аулау, стерилизация, чиптеу жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындардың арыз-шағымдары және жоспарлы рейдтер негізінде иттер арнайы қызметтермен ауланады.
Көше жануарларының санын табиғи түрде шектеу жұмыстары да бар.
Егер ит адам өміріне аса қауіпті деп танылса, аудандық ветеринариялық станциялар құтыруға қарсы екпе егу жүргізеді. Бұл індеттің таралуын алдын алу үшін жасалатын маңызды қадам. Сонымен қатар, иттерді заңсыз ату немесе қатыгездікпен өлтіру фактілеріне жол бермеу мақсатында қоғамдық бақылау күшейтілген.
Тұрғындарға үй жануарларын есепке алу – чиптеу міндеттелген.
Бұл орайда тек мемлекеттік шаралар ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың өз үй жануарларына деген еркін жібермеу, уақытылы екпе салу жауапкершілігі үлкен рөл атқарады.
Аудан ветеринарлары жануарды алғашында асырап алып, кейін тастап кету мен чиптеу және есепке алудың толық орындалмауындағы азаматтардың немқұрайлылығы әлі де басым екендігін жеткізді.
Озық елдер тәжірибесі нені ұқтырады?
Жануарлар дүниесін қорғау — қоршаған ортаны қорғаудың ажырамас бөлігі.
TASSO, Findefix, Deutsches Haustierregister мәліметтері әлемнің көптеген елдерінде жануарлар құқығы заңнамалық тұрғыдан жоғары деңгейде қорғалғанын көрсетеді.
Нидерланд – үйсіз жануарлары жоқ алғашқы мемлекет.
2015 жылдан бастап циркте арыстан, аю, піл, керік сынды жануарларды қолдануға тыйым салынған. Жануарларға нашар қарым-қатынас үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру және 17 мың еуро, шамамен 7,6 миллион теңгеге, дейін айыппұл қарастырылған. Жануарлардың барлығына дерлік міндетті зарарсыздандыру жүргізіледі.
2002 жылдан бері жануарлар құқығы Конституцияда қорғалатын ел – Германия. Мұнда «Жануарлар қорғаушысы» мамандығы бар. Эвтаназия яғни ауру жануарды өлтіруге тыйым салынған.
Италияда ит пен мысықты тастап кеткендерге 1 жылға түрмеге тоғыту және 10 мың еуро айыппұл төлету күшіне енген. Туринде итті күніне үш реттен аз серуендеткендер үшін 500 еуро айыппұл белгіленген. Сондай-ақ жануарлардың табиғи болмысынан алыстатып, түгін бояуға, пластик пакетке «алтын» балық сатуға тыйым салынған.
Австрияда балапандарды тар торда ұстауға, иттерді шынжырға байлауға, үй жануарларын арқанмен байлауға тыйым бар. Күшіктер мен мысықтарды ауасы тар зоодүкендерде ұстауға болмайды. Ереже бұзған азаматтар үшін 2 мыңнан 15 мың долларға дейін айыппұл төлетеді.
Греция үкіметі 2012 жылғы жануарларды көңіл көтеру үшін пайдалануға, чиптемеуге, сату туралы хабарландыруға заңмен тоқтау қойған. Жануарды ұрлағандар 6 ай түрмеге тоғытылып, 3 мың еуро айыппұл арқалайды. Қастандық жасағандарға 1 жыл бас бостандығынан айыру және 15 мың еуро айыппұл, жануарды тәркілеу және иелікке тыйым салу мүмкін.
2011 жылдан жануарларға қастандық үшін үндістандықтар 10-25 мың рупий айыппұл немесе 2 жылға дейін түрмеге жаба алады. Егер жағдай қайталанса, жаза екі еселенеді. Дельфинарий ашуға және еркінен тыс рұқсат етілмейді. Косметикалық сынақтарға тыйым салған алғашқы Оңтүстік Азия елі.
1999 жылдан бері Францияда ит пен мысық үшін туған күніне байланысты міндетті Ұлттық I-CAD дерекқоры жасақталған. Жануарларды сату немесе асырап алу кезінде бұл мәліметтер міндетті түрде талап етіледі.
Еуропа елдерінің көбінде чиптеу жасы иттер үшін 2–3 ай, мысықтар үшін 2–12 ай аралығында белгіленген. Көптеген елдерде иесі ауысқанда тіркеуді қайта жүргізу міндеттелген.
Австралияның көптеген штаттарда ит пен мысық үшін міндетті айыппұл жоғары. New South Wales штатындағы айыппұл көлемін 5000 аустралия долларына дейін.
Жаңа Зеландияда иттер 2006 жылдан чиптелмесе, 300-ге дейін Жаңа Зеландия долларының көлемінде ақы төлеуі мүмкін.
Чиптеу – қандай әдіс?
Қазақстан Республикасы Үкіметі әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, қатыгездік үшін қылмыстық жазаны күшейтуді жоспарлап отыр. Президент тапсырмасы бойынша заң күшейтіліп, чиптеу міндетті болмақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыру жайын көтеріп, балалар мен ересектер жабайы иттерден жиі зардап шеккен проблеманы мемлекет пен Парламент деңгейінде шешуді тапсырды.
Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, Президент үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу, әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату және қатыгездік көрсеткендерге қылмыстық жазаны күшейтуді тапсырды.
«Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек», – деген мәтінде.
Президент пікірінше, қаңғыбас иттер проблемасының негізгі себебі – азаматтардың жауапсыздығы. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қоғамдық бақылауды күшейту, «хайпқа» жол бермеу және мамандандырылған жануарлар орталықтарының жұмысын жетілдіру қажет.
«Біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бейжай қарамауымыз керек. Атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл да «Таза Қазақстан» аясында атқарылуға тиіс істің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуропа Одағы елдеріндегі 2025–2026 жылдардағы жағдай иттерді чиптеу 24 мүше елде, ал мысықтар үшін — 7 елде ұлттық деңгейде міндетті екендігін көрсетеді. 2025 жылы Еуропалық Парламент заңсыз сауда, қатыгездікке қарсы және жануарлардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ит пен мысықтың барлығын чиптеу мен тіркеуді міндеттеу туралы ұсынысты қолдаған.
Биология пәнінің мұғалімі Бағдат Әлмұратова чиптеудің артықшылықтары мен тәжірибесі жануарлар санын төмендетпеу, бақылау, жоғалған жануарды қайтаруға көмектесетінін айтады. Табиғат жанашыры чиптелген жануарлардың 80–90 проценті иесіне қайтарылған әлемдік статистиканы алға тартты.
«Чиптеу қаңғыбас жануарлар проблемасын азайтудың тиімді тәсілі. Деректер нақтыланса, иесін анықтау оңай, жауапсыз иелікке жаза қолдану жеңіл.
Халықаралық саяхат бойынша Австралияға, Жаңа Зеландияға кіру үшін ISO чип міндетті. Чип вакцинациядан бұрын имплантациялануы керек», – дейді ол.
Атыраудағы итті тоңазытқыш есігімен қылғындыру сияқты жан түршігерлік оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырған.
Жаңа бағыттың негізгі тетіктері: жазаны күшейту, иелері жауапкершілігін арттыру, мінедетті есепке алуға негізделіп отыр
Қаңғыбас иттердің балалар мен ересектерге шабуыл жасау фактілері де жиілеген. Демек, мемлекет бір жағынан жануарларды қорғаса, екінші жағынан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жерде Парламент пен жұртшылықтың бірлескен жұмысы қажет.
Браконьерлік пен қатыгездікті жою арқылы біз болашақ ұрпаққа таза экология ғана емес, таза адамгершілік мұрасын қалдыратынымыз туралы айтады Қасым-Жомарт Тоқаев.
2022 жылдан бастап күшіне енген арнайы Заң елімізде алғаш рет «жануарларға қатыгездікпен қарау» ұғымын нақтыламақ.
«Ұсыныстар бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 316-бабының санкцияларын күшейту бойынша жануарды өлтіргендер 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заң тек жануарды емес, оның агрессиясынан адамдарды қорғауды да көздейді. Маман ретінде жазаны әлі де жеңіл деп санаймын. Себебі көп жағдайда кінәлілер тек айыппұлмен құтылып кетеді. Сонымен қатар, чиптеу процесі ел бойынша толық аяқталмағандықтан, «иесіз» жануарлар саны азаймай отыр», – дейді заңгер Айгүл Нұриманова.
Official Government Sources – Нидерланд үкіметінің ресми порталдары өздерінің қаңғыбас иттерсіз елге айналудың 4 тірегі болғандығымен бөліскен.
Күшік туғаннан кейін 7 апта ішінде чиптеледі. Бұл процесс тек сертификатталған мамандар арқылы жүреді. Чиптелмеген итті сатып алу немесе асырау – қылмыс. Айыппұл көлемді.
Жануарлардың бақылаусыз көбеюін тоқтату үшін мемлекеттік деңгейде зарарсыздандыру бағдарламалары жүргізіледі. 2026 жылдан бастап Нидерландта мысықтарды да міндетті чиптеу енгізілген.
Қазақстан үшін Нидерланд моделі – нақты бағдар. Жануарды чиптеу жай ғана техникалық шара емес, бұл жауапты иелік мәдениеті. Президент Тоқаев айтқандай, «Таза Қазақстан» — тек қоқыстан тазару емес, сонымен бірге айналамызға, тірі жанға деген ниетіміз бен жауапкершілігіміздің тазалығы. Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа өзгерістер қабылданып, іс жүзінде орындалса, еліміз де қауіпсіз әрі ізгі қоғамға айналары сөзсіз. Жануарға деген қатыгездік — адамға деген қатыгездіктің бастауы.
Қазақстан заңнамасы чиптеуді толық цифрландыру, панажайлар желісін кеңейтуді көздеп, жануарларды қорғау бағытында маңызды қадам жасады. Бірақ ол әлі жетілдіруді қажет етеді.
Заңның тиімділігі тек жазада емес – қоғамның санасын өзгерту мен жауапкершілікті қалыптастыруда. Президент бастамасы осы бағыттағы маңызды дабыл. Себебі «Сақтықта қорлық жоғы» бесенеден белгілі.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












