Тоқаев жануарларға қатыгездік үшін жазаны күшейтуді тапсырды
Фото: Andrew S, unsplash.com“Таза Қазақстан” бастамасы аясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін күшейту мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға тоқталды
"Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек. Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады", - деді мемлекет басшысы.
Президент мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет екенін атап өтті.
"Сондай-ақ ешқандай "хайпқа" жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын. Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғамның арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сәйкес, балалар, тіпті, ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Басты мәселе – осы. Сондықтан бұл проблемаға мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда, заң шығару тұрғысынан Парламенттің араласпасына болмайды. Бірақ біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бейжай қарамауымыз керек, атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс", - деді Тоқаев.
Сонымен қатар Тоқаевтың ойынша, осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады. Бұл да "Таза Қазақстан" аясында атқарылуға тиіс істің бірі деді Президент.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бұралқы иттер ұсталған соң бес күннен кейін эвтаназия жасалатыны туралы хабарлаған едік. Жануарларды баспанада ұстау мерзімі шектеледі: қаңғыған жануарлар – 5 күнге дейін, ал үй жануарлары – 60 күнге дейін. Осы уақыт ішінде иесі табылмаса, эвтаназия жасауға рұқсат берілуі мүмкін.













