Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің 55 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық ғылыми-танымдық конференция осы тақырыпта аталды.
1967 жылы қалалық кітапхана ішінен ашылып, 1968 жылы жұмысын бастаған музей бүгінге таңда киелі орынға айналды. Қазалыға қонақ бола келгендердің бірден-бір аялдайтын шаңырағы да осы. Бұндағы тарихи жәдігерлер мен тың деректерді, Ғани Мұратбаевқа қатысты мәліметтерді, ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертетін деректер мен дәйектерді көріп, танысуға құмар жандар көп-ақ.
Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде құнды дүниелерді көздің қарашығындай сақтап, неше жылдан бері жинақталған жауһар жәдігерлерді келушілерге көрсетіп отырған ұжым қызметкерлерінің еңбегі орасан. Мәдени, көпшілік іс-шараларды мәнді әрі мағыналы етіп өткізуде музей ұжымының тәжірибесі мол. Бұны бүгінгі конференцияда тағы бір мәрте дәлелдеді.
Музейге келген қонақтар алдымен Ғани Мұратбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, музей экспозициясымен танысты. Бұдан соң Қазалы аграрлық-техникалық колледжінде өткен конференцияда Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің меңгерушісі Роза Асанова «Ғани Мұратбаев музейінің қалыпсатуы мен қызметінің қазіргі таңдағы әлеуметтік-мәдени маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан соң жиналғандар ҚР Ақпараттар академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі Ермек Зәңгірдің «Ғани Мұратбаевтың Алаш ардақтыларымен байланысы», тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің «Аргеология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры Тәттігүл Қартаеваның «Мемориалдық музейлердің өлкетанулық қызметінің маңызы», Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Эльмира Ержанованың «Музей и современное общество роль музея в патриотическом воспитании молодежи», Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың «Серәлі Лапин тағылымы», Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Салтанат Қуандықованың «Қалжан ахун мешіт-медресесін туристік нысанға айналдырудың маңызы» тақырыбында дайындаған баяндамаларын тыңдап, ой-пікірлерін ортаға салды.
«Тарихты түгендеп, болашағымызды бағамдаған баяндамашыларға рақмет айта отырып, конференцияны жабық деп жариялаймын», – деген Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев шараға атсалысқан жандарды Қазалы ауданы әкімдігінің «Құрмет» грамотасы, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекованың, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының, Қазалы аудан әкімнің «Алғыс» хатымен марапаттады.
Бұдан соң Ы.Жахаев музейінен әкелінген «Даланың дара диханы – Ыбырай Жахаев» атты көшпелі көрме көпшілік назарына ұсынылды. Жан-жақтан жиналған қонақтар Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне арнайы әкелген сыйларын табыс етті. «Музей – рухани тәрбие орталығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел басында тұщымды пікірлер айтылып, өзекті мәселелер ортаға салынды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА