Жанқожа батыр ауылын табиғи газға қосу жұмыстары басталды
Бүгінде Қазалы ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, 2024 жылы Абай ауылының тұрғындары «көгілдір отынның» қуанышына кенелсе, 2025 жылы Ақтан батыр ауылы газға қосылды.Ал өткен жылы ауданға қарасты Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ желілері жүргізілген болатын. Бүгінде магистральды газ құбырларын тарту жұмыстары толықтай аяқталып, елді мекендерде орамішілік газ желілерін жүргізу жұмыстары басталуда.Осыған орай, бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың қатысуымен Жанқожа батыр ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының басталуына арналған салтанатты шара өтті.

Жиында сөз алған аудан басшысы бұл жобаның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды көптен күткен қуанышымен құттықтады.
-Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Ауыл – ел бесігі. Ауылдарды дамыту – мемлекеттің стратегиялық басымдығы» екенін атап өтіп, инфрақұрылымды жаңғырту, соның ішінде газ, су, жол мәселелерін шешу – басты міндеттердің бірі екенін нақты тапсырған болатын. Сыр өңірінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауымен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың басшылығымен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында кезең-кезеңімен ауқымды жобалар жүзеге асып келеді. 2026 жылға аймақ басшысының қолдауымен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына орамішілік газ желілері құрылысын бастауға республикалық бюджеттен 680 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгін міне, елді мекендерге орамішілік газ жүргізу жұмыстары басталуда.
Жалпы жыл соңына дейін аудан бойынша елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 78,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта Жанқожа батыр ауылы толыққанды «көгілдір отынға» қосылғаннан кейін, елді мекендегі 280 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан «көгілдір отынға» қосылып, 1600-ге жуық тұрғын «көгілдір отынның» қуанышына кенелмек. Тағы да ауылдағы кәсіпкерлік нысандар табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады. Осындай қуанышты сәтте баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі жолындағы жұмыстарымыз берекелі болсын! Ауылымызға құт-береке, әр шаңыраққа жылу мен жайлылық тілеймін! — деді аудан әкімі.
Аудан басшысынан кейін «Құрмет» орденінің иегері, облыстық мәслихат депутаты Ибайдулла Тілеп пен Қазалы ауданының Құрметті азаматы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Берік Бисембаев сөз сөйлеп, жанқожалықтарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.
Мұнан кейін, шараға жиналған ел ағалары, ауыл тұрғындары елді мекенге орамішілік газ желілерін бастау жұмыстарына куә болып, ауыл ақсақалы Қожас Медеубай игі іске ақ батасын беріп, басталған істің берекелі болуына тілегін білдірді.














