Соңғы бір жылда 41 мың адамды ит қапқан
Жаңа заң жобасы үй жануарларын есепке алу жүйесін дамытуды да қарастырады. Нақтырақ айтсақ, чиптеуді міндетті түрде енгізу, сондай-ақ жануарларды тек тіркеу болған жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді.

Бұралқы иттер мәселесі және статистика
Депутат Еділ Жаңбыршин осы заң жобасына қатысты баяндамасында бірнеше резонансты оқиғаны еске салып, құжаттың маңызына тоқталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселе жөнінде нақты ұстаным білдірді.«Өскеменде қаңғыбас иттер 11 жастағы балаға шабуыл жасады. Осындай жағдайлар Оралда, Көкшетауда, Жалпақсай аулында, Қосшыда болды. Ал 2022 жылы Ақтөбе облысында бұралқы иттердің шабуылынан бала қаза тапты.Осындай әрбір қайғылы оқиғадан кейін қоғам мемлекетке өте орынды сұрақ қояды: адамдардың қауіпсіздігіне, бұралқы иттерге, жүйенің әрекетсіздігіне кім жауап береді? Егер мемлекет осы сұраққа нақты жауап бере алмаса, онда мәселе тек иттерде емес. Мәселе – құқықтық және басқарушылық вакуумда», - деп түсіндірді Еділ Жаңбыршин.
Еске сала кетейік, 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң қабылданған болатын. Ол заңда қаңғыбас жануарлар санын реттеудің негізгі тетігі ретінде қайтарымды аулау – аулау, стерилизациялау, вакциналау және қайта сол ортаға орлалту әдісі қарастырылды.«Біз жануарларға жанашырлықпен қарауға міндеттіміз, алайда азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі мемлекеттің сөзсіз басымдығы болуы тиіс», - деген еді Президент.
Халықаралық тәжірибе«Заң қабылданған кезде бұл әдіс заманауи, гуманистік, өркениетті тәсіл ретінде ұсынылды. Бірақ біз заңды ниетпен емес, нәтижемен бағалауымыз керек. Ал нәтижесінде өкінішке қарай бұралқы иттердің саны азайған жоқ, керісінше өсті. Егер 2022 жылы 243 574 қаңғыбас жануар ауланса, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, бұл көрсеткіш 276 282-ге жеткен. Яғни, біз азаюды емес, өсімді көріп отырмыз. Демек, қолданыстағы модель оны енгізудің басты мақсатын орындай алған жоқ», - деп нақтылады Еділ Жаңбыршин.
Жалпы халықаралық тәжірибеде иесіз жануарлар санын реттеудің екі түрлі моделі жиі қолданылады: қайтарымды және қайтарымсыз аулау.
Адам өмірі мен қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын мемлекеттерде бұралқы иттерді қоғамдық ортаға қайтару не қолданылмайды, не өте шектеулі түрде ғана қолданылады.
Мәселен, Түркияда 20 жылға жуық уақыт бойы қайтарымды аулау моделі қолданылып келді. Алайда күткен нәтижеге қол жеткізілген жоқ. Керісінше, әртүрлі бағалаулар бойынша, бүгінде Түркияда шамамен 4 миллион бұралқы ит бар. Сондықтан 2024 жылы Түркия бұрынғы тәсілден бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшуге мәжбүр болды.
Тағы бір маңызды мысал – Үндістан. Үндістан көбіне қайтарымды аулау моделі қолданылатын ел ретінде мысалға келтіріледі. Осы ретте Еділ Жаңбыршин біз тек құқықтық жағын емес, санитариялық-эпидемиологиялық салдарын да қарауымыз керек екенін атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі құтырудан болатын өлім-жітімнің шамамен 36%-ы Үндістанға тиесілі. Ал адамның құтырма жұқтыру жағдайларының 99%-ы иттерден болады. Бұл – өте маңызды ескерту.
Ит пен мысықты міндетті чиптеу енгізіледі«Егер мемлекет популяцияны толық бақылауды, жаппай вакцинацияны сәйкестендіруді және қатаң әкімшілендіруді қамтамасыз етпесе, онда мұндай модель қоғам қауіпсіздігіне қарсы жұмыс істей бастайды. Бұл заң жобасы эмоциялық емес, жүйелі қайта қарауды ұсынады. Ол жануарларға қарсы бағытталмаған.Ол бүгінгі проблеманы туындатқан құқықтық бейберекетсіздікке, жауапсыздыққа, басқарушылық дәрменсіздікке қарсы бағытталған», - деді депуат Еділ Жаңбыршин.
Жаңа заң жобасы үй жануарларын есепке алу жүйесін дамытуды да қарастырады. Нақты айтсақ, чиптеуді міндетті түрде енгізу, сондай-ақ жануарларды тек тіркеу болған жағдайда ғана көбейту талаптары белгіленеді. Сондай-ақ қоғамдық бақылау құқығы бекітіледі, сөйтіп қоғам өкілдері жануарлардың панажайлары мен уақытша ұстау пункттеріне баруға мүмкіндік алады.
Сол себепті міндетті чиптеу – жай ғана техникалық талап емес. Бұл – иесін анықтайтын, жауапкершілікті бекітетін, қоғам алдындағы міндетті нақтылайтын құқықтық құрал.«Бұл – заң жобасындағы ең маңызды жүйелі түзетулердің бірі. Өйткені бұралқы ит мәселесінің едәуір бөлігі шын мәнінде көшеден емес, біреудің ауласынан, үйінен, шаруашылығынан басталады. Итті: «бала үшін», «күзетке», «саяжайға», «аулаға» алады. Ал кейін: көшеге тастайды; қараусыз бос жібереді; есепке қоймайды; сәйкестендірмейді; ал қайғылы жағдай туындағанда: «Бұл менің итім емес» дейді», - деп атап өтті депутат.
Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл норма жануардың иесін анықтауға, оны көшеге тастап кетуді жазасыз қалдырмауға, ашық есеп жүргізуге және нақты бақылау мен жауапкершілік тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.












