ЖЫРЛАРЫ ЖҮРЕКТІ ЖАУЛАҒАН
Қазалы қаласында ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Мәдени шара «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығының «Әлем ВООК» жобасы аясында ұйымдастырылды.Қалалық мәдениет үйі мен қалалық кітапхананың бірлесе ұйымдастыруымен өткен бұл кеш Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург әрі аудармашы, ақын Шөмішбай Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналды. «Жырлары жүректі жаулаған...» атты әдеби-сазды кештің негізгі мақсаты – қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынның шығармашылығын кеңінен насихаттау. Филология ғылымдарының кандидаты, Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлық пен «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Шөмішбай Нағашыбайұлының әрбір туындысы – ұлттық құндылықтардың қайнар көзі. Шара барысында ақынның сыршыл лирикасы мен халықтың жүрегінен орын алып, әуезді әнге айналған өлеңдеріне айрықша тоқталып, оның әдебиеттегі сара жолы жастарға үлгі ретінде дәріптелді.
Шарада өнер мен білім ұштасты. Үйірме мүшелері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары ақынның отты жырларын нақышына келтіріп оқып, тыңдарманды поэзия әлеміне бөледі. Мәдениет үйінің дарынды өнерпаздары мен қызметкерлері А.Мәмбетов пен Ғ.Аралхан ақынның сөзіне жазылған, ел арасында кеңінен таралған хит әндерді орындап, кештің көркін қыздырды. Қалалық кітапхана қызметкерлері Шөмішбай Сариевтің бай мұрасын қамтитын арнайы кітап көрмесін жасақтады. Көрмеде ақынның өлең жинақтары, драматургиялық еңбектері мен аудармалары таныстырылып, оқырмандар қаламгердің шығармашылық лабораториясымен жақыннан танысуға мүмкіндік алды. «Әлем ВООК» жобасы шеңберінде өткен бұл шара тек еске алу кеші емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен көркем әдебиетке деген құштарлықты ұялатуды көздейді.
Кеш соңында қатысушылар ақын рухына тағзым етіп, оның есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
Айнұр ӘЛИ














