Сыр сахнасында туған жерге тағзым
Кеше Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтай аясында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, елге белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған «Айналдым сенен, Атамекен» атты гала концерт өтті.Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Өнер орталығында» ұйымдастырылған тағылымды сазды кешке мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет пен өнер саласының майталмандары қатысты.
Сөз бен саз тоғысқан концерт мерейтойлық шара ғана емес, елдік пен руханиятты дәріптеген мазмұнды мәдени оқиға болды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1925 жылы Ақмешітте өткен V съезде ұлтымыздың тарихи атауы «қазақ» атауы ресми түрде қайтарылып, қала Қызылорда деп аталған еді. Арада бір ғасыр өткенде Сыр өңірі тағы да ел болашағын айқындайтын ойлар тоғысқан, тағдырлы шешімдер қабылданатын рухани әрі қоғамдық алаңға айналды. Төрт астананың орнында түлеп, талай тарихи кезеңді бастан өткерген қасиетті мекенде өткен V Ұлттық құрылтай жаңа тарихтың жарқын беттерін ашты.
Осындай маңызы зор жиын аясында ән мен жырдың алтын бесігі саналатын Сыр өңірінде гала концерттің өтуі зор жауапкершілік әрі үлкен мәртебе. Кеш барысында туған жерге, атамекенге деген шексіз махаббатты, ел мен жердің қадір-қасиетін асқақ жырлаған Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған әндер орындалып, көрерменнің жүрегіне жол тапты. Елімізге кеңінен танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар ақынның патриоттық және лирикалық туындыларын нақышына келтіре шырқады.
Қазақ руханиятында сөз бен саздың қос қанатындай үйлесім табуы – өнердің биік өлшемі. Бұл үндестікті ақын Шөмішбай Сариев пен композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылық тандемінен анық көреміз. Сыр өңірінен түлеп ұшқан қос дарынның қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі өлшеусіз. Бірі – ұлттың жан дүниесін өлеңге айналдырған көрнекті ақын болса, екіншісі – сол өлеңдерге жүрекке жетер әуен сыйлаған қазақ эстрадасының классигі, кәсіби композитор. Олардың шығармашылық бірлігі жай ғана авторлық әріптестік емес, халықтың жүрегінен шыққан сөз бен сол жүрекке ән болып қайта оралған саздың табиғи тоғысуы.
Кеш барысында Кеңес Дүйсекеевтің әніне жазылған «Қарағым-ай», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел», «Анаға хат», «Өкінбе сен» сынды ел сүйіп тыңдайтын туындылар шырқалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әр әнде туған жерге деген сағыныш, анаға деген құрмет, ұлттық болмыс пен рухтың биік көрінісі айқын сезілді.
Кеш соңында Шөмішбай Сариевтің 80 жылдық мерейтойына арналған концертке арнайы келген мәртебелі меймандарға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан ықылас гүлі тарту етіліп, мерекелік шара жоғары деңгейде қорытындыланды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


















