Күй өнері – құдіретті, сырлы өнер
Жақында Қазалы қалалық мәдениет үйі мен қалалық кітапхананың бірлесіп ұйымдастыруымен қазақтың дәулескер күйшісі, композитор, күй өнерінің дара тұлғасы Дина Нұрпейісованың туғанына 165 жыл толуына орай «Ұлы дала күйшісі – Дина» атты әдеби-сазды кеш өтті.Тағылымды шараның басты мақсаты – жастардың рухани танымын кеңейтіп, ұлттық өнердің өміршеңдігін дәріптеу, күй өнерінің көрнекті өкілі Дина Нұрпейісованың өмір жолы мен шығармашылығын кеңінен таныстыру, сондай-ақ оның баға жетпес мұрасын тыңдатып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету болды. Кешке қалалық кітапхананың тұрақты оқырмандары мен өнерсүйер қауым қатысты.
Әдеби-сазды кеш барысында Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнер жолына қатысты тағылымды, тың деректер айтылып, көрерменнің ұлттық музыкаға деген қызығушылығын арттырды. Шара аясында қалалық мәдениет үйінің қызметкерлері мен «Қорқыт ата» атындағы музыка мектебінің оқытушылары күйшінің «Тойбастар», «Жеңіс», «Көгентүп» сынды таңдаулы күйлерін орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар көрермендер Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін күйшінің өз орындауында сақталған таспадан тыңдап, күй құдіретін терең сезінді. Кеш барысында «Күй анасы – Дина Нұрпейісова» атты танымдық кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Өнерімен өрнек салған Дина» тақырыбындағы презентация көпшілік назарына ұсынылды.
Ұлттық өнерді ұлықтаған мазмұнды кеш қатысушыларға рухани серпіліс сыйлап, күй өнерінің құдіретін тағы бір мәрте айшықтай түсті.
Жанат ӘБДІРОВА,
кітапханашы














