Топ-баннер
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың құрғақ көз жасы – адамзат үшін болған сын

Аралдың құрғақ көз жасы – адамзат үшін болған сын

Сыр өңірі аумағындағы Арал теңізінің тартылуы экологиялық қиындығымен бірге әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан үлкен ауырлық тудырды. Арал тағдыры – адам тағдыры. Адамзат тарихындағы ең ауыр антропогендік экологиялық дағдарыстардың бірі – теңіздің тартылуы әлемдік мәселе екендігін ұғындырды. БҰҰ «ХХ ғасырдағы ең ірі экологиялық апат» деп бағалалаған жағдайды толық қалпына келтіру мүмкін болмаса да, оның салдары мен себептерін сейілтудің түрлі амалдары қолға алынуда. Қауіп неде? Қауқар қандай? Сараптадық.
Арал тұзы Антарктидаға жетеді
Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің ресми деректерінде жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу, суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейту, жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау, табиғат ресурстарын тұтынуда жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі Арал теңізінің апатқа ұшырауына себеп болған факторлар екенін айтады.
Тақырып өзектілігімен назар аудартуда. Бұл туралы БҰҰ, NASA, Britannica есептері, ғылыми мақалалар және экологиялық зерттеулер мәселенің қаншалықты маңыздылығын алға тартады.
ХХ ғасырдың 1960 жылдары ауданы ауқымды әлемдегі 4-ші үлкен көл саналған су қазір қайраңдап қалған. БҰҰ таратқан дерек 1960 жылдары көл көлемі шамамен 68 мың шаршы шақырымды құрса, 1960 жылғыдан он есеге азайғанын, 2000 жылдары көлемі күрт кемігенін көрсетеді.
«Арал теңізінің тез тарылуына Әмудария мен Сырдария өзендеріне су бөлінісі басты себеп болғаны белгілі.
Назар аударуға тиіс дүние – суды қайтарудан бұрын, одан төнген қауіппен күресу болып отыр. Тұзды, улы шаң дауылдары жыл сайын 15–75 миллион тонна, кейде 100 миллион тоннаға дейін жетеді. Құрамында пестицидтер, тыңайтқыш қалдықтары, ауыр металдар бар. Ол Орталық Азияны ғана емес, алыс аймақтар, Еуропа, тіпті Антарктидаға дейін жететіні ғылыми расталған.
Жыл сайын 10-ға дейін ірі шаң дауылы, шаң 500 шақырымға дейін тарайды. Тұзды шаң атмосфералық радиация балансын бұзып, ауа сапасы нашарлауға алып келуде. Салдарынан жаздық температура 2–10 градусқа жоғарыласа, қыста суық күшейіп, жауын-шашын азаюда.
Бұл – жай ғана жергілікті құрғақшылық емес, планетадағы ең үлкен су айдынының жойылуы», – дейді эколог Бағдат Жеткербай.
Биологиялық әртүрлілік жойылуына себепкер
«Теңіздің тартылуы биологиялық әртүрліліктің жойылуына тікелей әсер етті», – дейді биология пәнінің мұғалімі Бағдат Әлмұратова.
«Теңіз көлемінің күрт кішіреюі жергілікті экожүйенің құлдырауына алып келді. Арал теңізі айналасындағы табиғи орта құрғап, жергілікті флора мен фауна жоғалған.
Теңіз суының булануы нәтижесінде тұз және басқа да зиянды минералдар жер бетіне шоғырланып, аумақтың топырағы тұздануы егістік жерлердің құнарлылығын төмендетіп, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтірген. Жергілікті балық түрлерінің 11, құстардың 26, сүтқоректілердің 12-сіне жойылу қаупі туындаған. Бұл биоалуантүрліліктің жоғалуының ауыр мысалы, табиғатты аялау, су ресурстарын ойластырып пайдалану қажеттігінің үлкен сабағы», – дейді сөзінде.
Экономикалық әсері
1970–1980 жылдары теңіздегі жағдай күрт нашарлай бастады. Су деңгейі төмендеп, тұздылық деңгейі бірнеше есе өсті. Бұл өзгерістер теңіздегі тіршілікке үлкен қауіп төндірді. Балықтардың көпшілігі жойылып, бұрын гүлденген балық шаруашылығы толықтай дерлік тоқтады. Мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы қиындады.
«Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Арал өңірінің халқы майданға және тылға үлкен үлес қосты. Теңіз маңындағы балықшылар майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Соғыс кезінде ет пен басқа да өнімдер жетіспегендіктен, балық негізгі тағам көздерінің бірі болды.
Балықшылар тәулігіне бірнеше рет теңізге шығып, жоспардан артық өнім тапсырып, Арал–Сырдария бассейнінде жылына 40–60 мың тоннаға дейін балық ауланғаны, 1941–1945 жылдары Арал өңірі майданға және тылға 200 мың тоннадан астам балық өнімдері:жаңа балық, кептірілген, консерві жөнелткені туралы айғақты жазбалар жеткілікті.
Жыл сайынғы өндіріс он мыңдаған тоннамен есептелсе, көрсеткіштер Қазақстандағы тыл еңбегінің аса маңызды бөлігін құрайды.
Ұсталған балықтар майданға, госпитальдерге және тылдағы жұмысшыларға жөнелтілген.
Кей деректер бойынша, соғыс басталғанда балықшылардың едәуір бөлігі майданға кетіп, олардың орнына әйелдер мен жасөспірімдер саны 50–70 процентке дейін артқаны да айтылады. Бұл кезде Арал аймағында ондаған балық артелдері мен бірнеше ірі балық зауыттары үздіксіз жұмыс істеген.
Арал балықшылары тек соғыс кезінде емес, бұған дейін де елге көмек көрсеткен. 1921 жылы аштық кезінде Еділ бойына 14 вагон балық жібергендігі, олардың ұйымдасқан түрде ірі көлемде өнім жөнелте алатындығын көрсетеді.
Су көлемінің азаюы теңіздің екіге бөлінуіне алып келді. Нәтижесінде Арал теңізі Үлкен Арал және Кіші Арал болып бөлінді. Бұл ауыл шаруашылығына тікелей залалын тигізді,», – дейді аралдық балықшылар әулетінің үшінші буыны Махмұт Қали.
Еңбек ардагері 1950–60 жылдары Арал теңізінде жылына 48 мың тоннаға дейін балық ауланғанын жазған. Тұздылықтың өсуінен балықтарға тікелей әсер етіп, 1980 жылдарға қарай балық түрлері жойылып, кәсіпшілік балық аулау 1987 жылға қарай төмендегенімен де бөлісті.
Адам денсаулығына зияны көп
«Арал тек Қазақстан мен Өзбекстанның ғана емес, бүкіл әлемнің мәселесі», – дейді Ажар Нұрсейітова.
«Арал маңындағы халық Қазақстанның Қызылорда, Өзбекстанның Қарақалпақстан өңірінде теңіз тартылған алғашқы жиырма жылдықта тыныс жолдары аурулары артып, қатерлі ісік, анемия, бүйрек аурулары көбейгені туралы дәйекті деректер бар. Әсіресе өткен ғасырдың 90-жылдары бала өлімі көрсеткіштері көбейді. Салдарын әлі де жергілікті тұрғындар тартып отыр», – дейді денсаулық сақтау саласының қызметкері.
Салдармен күрес, ертеңге үлес
1990 жылдары Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін апаттың салдарымен күрес басталды. 1993 жылы Аралды құтқару халықаралық қоры құрылды.
Қазіргі таңда бірнеше ел бірлесіп жұмыс жүргізіп, су бөлу келісімдері, ортақ экологиялық бағдарламалар құрылды.
Кіші Аралды сақтап қалу үшін Көкарал бөгеті салынды. Дүниежүзілік банктің қолдауымен, шамамен 86 милиолн доллар қаржы арқылы жүзеге асқан бұл 12 шақырым ұзындықтағы бөгет Солтүстік Аралды Оңтүстік Аралдан бөліп, судың оңтүстікке ағып кетуін тоқтатты. 2005 жылы бой көтерген бөгет пен Сырдария өзенін басқару арқылы су деңгейі қалпына келтіру жұмыстары басталды.
2025–2026 жылдары су көлемі 27 миллиард текше метрге жетіп, ең төменгі нүктеден 42–50 процентке өскен. Тұздылық төмендеп, жылына 8 мың тоннаға дейін балық аулауға мүмкіндік туған.
Соңғы жылдары Арал теңізінің экологиялық жағдайында оң өзгерістер байқалуда. Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан су ресурстарын басқару және халықаралық келіссөздер нәтижесінде теңізге құйылатын су көлемі айтарлықтай артқан.
24.kz әзірлеген материалда 2024 жылы Арал теңізіне 2,6 миллиард текше метр су құйылғандығы айтылған.
Телеарна ұсынған мәліметке сәйкес, Арал теңізіне жіберілген судың, шамамен 1 миллиард текше метрі егін суару кезеңінде берілген. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш теңіздегі экологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының дерегіне сүйенсек, теңіз суының тұздылығы төмендей бастаған. Қазіргі таңда Кіші Аралда балықтардың тіршілігіне қолайлы жағдай қалыптасқан. Бұл – теңіз экожүйесінің біртіндеп қалпына келе бастағанының белгісі.
Ал 2022 жылы жағдай әлдеқайда күрделі болған. Сол жылы Кіші Аралға небәрі 816 миллион текше метр су босатылған. Нәтижесінде су деңгейі төмендеп, тұздылық бір литрге шаққанда 11 миллиграмға дейін артқан. Бұл көрсеткіш балық шаруашылығына кері әсер еткен.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары трансшекаралық өзендер бойынша көрші мемлекеттермен жүргізілген келіссөздер оң нәтиже беріп отыр. Соның арқасында Арал теңізіне келетін су көлемі ұлғайған.
«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы өкілі Зейнулла Қазтоғановтың айтуынша, теңіздегі су деңгейі біртіндеп көтерілуде. Оның сөзінше, негізгі 27 миллиард текше метр су жиналған жағдайда теңіз деңгейі Балтық жүйесі бойынша 42 метр болуы тиіс. Алайда 2022 жылы бұл көрсеткіш 40 метр 42 сантиметрге дейін төмендеп кеткен. Сол кезде теңіздегі су көлемі 18 миллиард 500 миллион текше метр болған.
«Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау»– «САРАТС» – Кіші Аралды қалпына келтіріп, өңірдегі елдің әл-ауқатын түзеліп балық шаруашылығын қайта түлеуіне ықпал еткен жоба. Оның іске асырылуы су көлемін ұлғайтып, балық түрлері 20-дан астамға жеткізуге мүмкіндік тудырды.
Теңіз табанын көгалдандыру – сексеуіл, басқа тұзға төзімді өсімдіктер егуде де елеулі жұмыстар бар. ҚР Президентінің 2025 жылға дейін 1,1 миллион гектар сексеуіл отырғызу тапсырмасы 2024 жылға дейін 672 мың гектарға орындалған. UNDP қолдауымен, Өзбекстанның «Жасыл Арал» жобасы жалғасуда. Жоба аясында 2023–2025 жылдары жүздеген мың гектар сексеуіл, басқа тұзға төзімді өсімдіктер отырғызылған. Қазақстан бөлігінде де 1,1 миллион гектар жер көгалдандырылған. Болат Өтемұратов қорының жаңа жобасы – тесттік егу арқылы өсімдіктерді 50 гектарға дейін кеңейту көзделген.
ҚазОрманШаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының пікірінше, Сексеуіл отырғызу технологиялары – Арал теңізінің құрғаған түбінде тұзды-құмды шөлді көгалдандырудың негізгі құралы. Сексеуіл – шөлге өте төзімді, тамыры терең, ылғалды аз қажет ететін өсімдік. Бір түп сексеуіл жыл сайын 4 тоннаға дейін құмды ұстауға қауқарлы. Бірақ тұздылығы жоғары, ылғал аз жерде өсуі қиын, сондықтан өмір сүру деңгейі 10-30 процентке дейін болады.
Сондай-ақ 2020 жылдан бері жүргізліп жатқан тамшылатып суару технологиялары арқылы іске асатын Қытай мемлекетінен келген көмек, кореялық KOICA, Дүниежүзілік банк, GGGI сияқты ұйымдардың «Aral Sea GRIP» жобалары сынды Халықаралық қолдаулар бар.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазгидромет деректерін негізге алсақ, Өзбекстанға тиесілі Оңтүстік Арал бөлігі құрғап, 62 мың шаршы шақырым Аралқұм шөліне айналған Қазақстан бөлігінде де құрғақ табан үлкен. Қалған кіші көлдер Судочье, Жылтырбас, Тұщыбас тұздылығы көлемі тұрақсыз болғандықтан, балық өмір сүре алмайды. Бұл орайда Халықаралық ынтымақтастық – Аралды құтқару қоры, Қазақстан төрағалығы, БҰҰ, Дүниежүзілік банк қолдауы, Өзбекстанмен бірлескен жобалар бар. Ала тақиялы ағайындар экотуризмді дамытуға күш салуда. Дегенмен ирригацияға жұмсалатындықтан, Оңтүстік Аралға Әмудария өзенінен су жетпейді.
Екінші кезең бойынша, Көкарал бөгетін қайта жаңарту арқылы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге жеткізу, ауданын 3913 шаршы шақырымға, көлемін 34–35 миллиард текше метрге ұлғайту міндеті тұр.
Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру, ирригация жүйесін жаңғырту, Ақшатау және Қамыстыбас көлдеріне гидротехникалық кешен салуды жүзеге асыру жұмыстары кезек күтуде.
Солтүстік Аралдағы оң өзгерістер үміт береді. Бұл – әлемдегі ең ауыр экологиялық апаттың бір бөлігін шынымен қалпына келтіруге болатынын дәлелдеген нақты мысал. Теңіхді толық қайтару мүмкін емес десек те, оның тұз шаңын тоқтату, су ресурстарын тиімді пайдалану және көгалдандыру арқылы зардапты азайтуға болатынын тәжірибе көрсетті.
Халықаралық ынтымақтастық: Орталық Азия елдері Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан келісімдер арқылы су бөлісу жалғасуда. Қазақстан Аралды құтқару қорының (МФСА) төрағасы ретінде белсенді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі су деңгейінің көтерілуі, толқын айналымының қалпына келуі, оттегі мен қоректік заттардың таралуы балықтардың уылдырық шашуына және өсуіне қолайлы жағдай жасап, Сырдария өзенінің атырауы қайта жанданып, балықтардың миграциясы жеңілдегенін айтады. Бекіре тұқымдастары сияқты сирек түрлерді өсіру үшін қосымша жұмыстар табиғи өсімін арттыру, зауыттар қажет. Ал климат өзгерісі мен көрші елдермен су бөлісу мәселесі әлі де тәуекел үстінде
Мемлекет Сібір өзендерін Қазақстанға бұру, Амудария мен Сырдария өзендерінің суын реттеу арқылы суды молайту, Арал теңізін жартылай сақтап қалу, Каспий теңізінің суын жасанда канал арқылы әкелу, Жер асты суларын пайдалану, Арал теңізінің өздігінен табиғи реттелуін немесе толысуына күш салуда. Алайда ауқымды істі Қазақстан өз күшімен еңсеруге қауқарсыз.
Экологиялық дағдарыс һәм «Арал синдромы»
Дүиежүзінде көлдер, теңіздер құрғап, адам әрекетінен немесе климат пен адам факторынан болған экологиялық дағдарыстарға тап болған Аралмен тағдырлас тарихтар орын алған.
Иранның Урмия көлі бір кездері әлемдегі ең ірі тұзды көлдердің бірі болған. Көл суаруға арналған өзен суларын бұру, бөгеттер салу және климат өзгеруі салдарынан 2000 жылдардан бастап өте қатты тартылған. Қазір толық құрғау алдында тұр. Тұзды шаң-тозаң аурулар тудырып жатқан қатерді ғалымдар тікелей «Арал синдромы» атаған.
Африка, Чад, Нигер, Нигерия, Камерунға ортақ Чад көлі 1960 жылдары шамамен 25 000 шаршы шақырым болып шалқыса, қазір 90 процентке кішірейген. Негізгі себебі – құрғақшылық, халық санының өсуі. Миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп тұрған жағдай балық аулау және ауыл шаруашылығын құлдыратқан.
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Солтон теңізі – адам қолынан жасалған көл. ХХ ғасыр басында суару каналдарынан су ағып толған теңіз қазір тұздылығы өте жоғары, улы шаң-тозаң, балықтардың жаппай қырылған «экологиялық бомба».
Ютадағы Ұлы тұзды көліндегі жағдайды сарапшылар «келесі Арал болуы мүмкін» деп ескерткен. Себебі соңғы жылдары су деңгейі рекордтық төмен деңгейге түсіп, тұзды шаң-тозаң қалалық аймақтарға тарауда.
Израиль, Иордания, Палестинаны біріктіретін Өлі теңіздің су деңгейі жыл сайын 1 метрге жуық төмендеп, тұздылығы шектен тыс өсіп, жағалаулар құлауына алып келген.
Боливиялық Poopо көлі бірнеше рет құрғап кетсе, 2015 жылы толық жоғалған.
Еліміздегі Каспий теңізінің қазіргі жағдайы да табиғат жанашырларын алаңдатуда.
Соңғы жылдары су деңгейін өте тез төмендеуін анықтаған экология мамандары «Арал сияқты апатқа ұшырауы мүмкін» деп дабыл қағуда. Теңіз суы 2100 жылға дейін 18 метрге дейін түсуі мүмкін деген болжам бар.
Арал теңізі суының күрт кемуі салдарынан табиғи қалпынан айырылуына БҰҰ бас хатшысы Бан Ки Мун «Әлемдегі ең нашар апаттардың бірі» деген баға берген. Қазақстандағы аса ауыр экологиялық қасірет – Аралды құтқару осындай қателіктердің қайталанып, орын алмауына назар аудартады.
«Арал мәселесін қозғамау мүмкін емес. Арал теңізін құтқару – бүкіл адамзат үшін әлі де аса маңызды міндет болып отыр. Мен бұл мәселені халықаралық алаңдарда бірнеше рет көтердім», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда.
Кіші Аралдың қалпына келтірілуі – үміттің үлкен нышаны. Бұл бағытта белгілі жетістіктер бар Алайда Үлкен Арал әлі де қайғылы күйде. Бұл проблеманы шешу үшін халықаралық деңгейде түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Алайда жалпы теңіздің айдындары толып, «балығы тайдай тураған, бақасы қойдай шулаған» күйге енуіне әлі алыстығы көпті алаңдатады. Қозғау, қолдау, оң бастамалар жүзеге асса, халық игілігін көрері анық. Әзірге «Егінші жылда арманда, Балықшы күнде арманда» деп көкжекке көз тіккен тұрғындардың келешектен күтері көп.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
28 ақпан 2026 ж. 33 0

Еңбегі елдің есінде

28 ақпан 2026 ж. 24

Қарғыс ұратыны рас па?

28 ақпан 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728