Хаммурапи қағидасы һәм тіршілілік үшін текетірес
Әуелден жер бетіндегі тіршілік атаулының өсіп-өсуінің қажеттілігін қамтамасыз ететін сусыз күн кешу мүмкін емес. Ұзақ уақыт бойы тегін, қолжетімді ресурс ретінде қаралып келген ол XXI ғасырда ол тек табиғи ресурс емес, мемлекеттердің экономикалық қуаты мен геосаяси ықпалына әсер ететін стратегиялық фактор екендігін ұғындырған. Себебі белгілі. Суға деген сұраныстың асқақтауы су саясатын қолға алу, оны басқарудың тың тәсілдерін енгізуді қажетсінуде.Біздегі су саясаты қай деңгеде жүзеге асуда? Мемлекеттік қолдау көлемі қандай? Сараптадық.
Экономикалық құндылық
«Су – тіршілік көзі» деген бабаларымыз. Тарихтағы Ұлы өзен өркениеттері – адамзат дамуының алғышарты болғаны белгілі. Уақыт өте келе адамдар судың шексіз табиғат сыйы еместігін ұғынған. Шаруа баққан шаруалар өздері жұмсайтын су деңгейінің кемитініне көз жеткізген.
Ежелгі Ніл, Тигр мен Евфрат, Үнді, Хуанхэ өзендері бойындағы тұрғындар құрғақшылық немесе су тасқыны болған кезде істерінің табиғаттың күшіне тәуелді екенін топшылаған. Ал ғылыми көзқарастың қалыптасуы XVI–XVII ғасырларға тиесілі.
«Су – табиғаттың қозғаушы күші» дегенді айтқан Леонардо да Винчи су қозғалысы мен табиғаттағы үдерісі туралы алғашқы ғылыми тұжырымдар жасаған жан. Ғалымның бастамасын жаңғыртушы Пьер Перро мен Эдме Мариотт жауын-шашын мен өзен суының арасындағы байланыс барын анықтап, гидрология ғылымы негізінің қалануына себепкер болған.
Ұсыныс пен сұраныстың өзара байланысы нарықтағы тепе-теңдікті қалыптастыратыны экономикалық термин ғана емес, қарапайым өмір заңы. Адамдардың еңбекке деген қызығушылығы артып, өсім пен қарқын алу үшін суға деген сұраныс көлемі де ұлғаяды. Оны түсіну адамдардан дұрыс есепті шешім қабылдауды, ал мемлекеттерден тиімді экономикалық саясат жүргізуді қажетсінді.
XIX ғасырда ірі өндіріс орындары мен халық саны көбейген қалаларда ауызсу аздығы сезініп, тапшылықты жою мақсатында су қоймалары, арналар, бөгеттер бой көтеріп, судың экономикалық және стратегиялық ресурс екендігі жүйеленді.
Судың шектеулі ресурс екендігі ХХ ғасырда жаһандық деңгейде мойындалды. Мәселе 1977 жылы БҰҰ-ның Мардель-Плата қаласында өткен алғашқы су конференциясында көтерілді. Бүгінде БҰҰ, ЮНЕСКО, FAO сынды халықаралық ұйымдар — су ресурстарын қорғау мен тиімді тұтыну негізі мәселе ретінде назар аударады.
Су тапшылығы – адамзат алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі, экономикалық ресурс және бизнес объектісі екенін айтады қаржы саласы сарапшысы Мақпал Қасымхан.
«Қазіргі таңда су саясатын жүйелеу арқылы мемлекеттер нәтижелі, табысты ілгерілеуге ілесе алатынын ұғынды. Қарапайым өмірде тек құбырдан аққан су ретінде көрінгенімен, әдемде ол су инфрақұрылымы, ауыз су өндірісі, жаңа технологиялары, су саудасы, бөтелкедегі су бизнесі сынды құрылымдарда қаралып, ірі экономикалық секторға айналып отыр.
Су секторындағы жаһандық инвестициялар көлемі жыл сайын жүздеген миллиард доллармен есептелетді.
Су нарығы қалыптасқан елдер water rights яки суға құқық, су квоталары, су биржаларын экономикалық механизм ретінде қарастырады», – дейді сөзінде.
Сарапшы су нарығының классикалық моделі қалыптасқан, суға меншік құқығы заңмен бекітілген Австралия суды тиімді пайдаланылу арқылы өнімділікті арттырғанын, су тапшылығында инновациялық технологияларды дамытқан Израильдің тамшылатып суару технологиясы, суды тұщыту әдісі, recycling – суды қайта пайдалану, «ақылды» су жүйелері технологиялық бизнес ретінде пайдалануға болатынын дәлелдегенін айтады.
Бұл мысалдар суды жүйелеу оның көлеміне емес, дұрыс басқаруына тәуелді екендігін көрсетеді. Осы тұрғыда төрге озған су менеджментінің үлгілері бар. Мәселен, табиғи су ресурстары шектеулі ел бола тұра, тиімді басқару арқылы су қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Сингапур елі – су көздерін диверсификациялау, жаңбыр суын жинау, тұщыту зауыттары жұмысын қосу, қайта өңделген суды пайдалану бойынша көшбасшы.
Су қауіпсіздігі мен инженерлік шешімдер жайында әлемдік алпауыт Нидерланд су инженериясын халықаралық нарықта сұранысқа ие бизнеске айналдырған. Мұнда су тасқыны, теңіз деңгейінің көтерілуі сынды табиғи тәуекелдер тиімді басқарылады.
Су квоталары саудаға түсетін, су бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасып, экономикалық актив ретінде қарастырылатын ел – АҚШ.
Данияда экологиялық стандарттарды жоғарылату арқылы су сапасы қатал бақыланса, Жапония табиғи апаттарға төзімді жүйе құру арқылы су инфрақұрылымы жоғары деңгейде дамытуға болатын ұғындыруда.
Мақпал Нұржанқызы еліміз үшін әлемдік тәжірибеден алынатын негізгі сабақтар туралы былай дейді: «Су ресурстары: стратегиялық капитал, экономикалық фактор және мемлекеттік саясаттың маңызды тәсілі. Бұл тұрғыда озық тәжіибелерден алатын үлігіміз көп. Қазақстанды су индустиясында дамушы ел деп қарауға болады. Елде салаға бетбұрыс жыл санап аясын кеңейтіп келеді. Әйтсе де экономикалық ресурс ретінде қарастыруға басымдық беру қажет. Бұдан басқа трансшекаралық су саясатын күшейту, су технологияларын дамыту, су инфрақұрылымына инвестиция тарту ісін ілгерілету – уақыт талабы».
Қазақстандағы су басқару жүйесінің ерекшеліктері
Қазақстандағы су ресурстарын басқару мемлекеттік басқару моделі негізінде жүзеге асады. Су ресурстарын басқару саласында реформалар жүргізіліп жатқанымен, жүйеде құрылымдық және технологиялық мәселелер әлі де сақталуда.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын бекіту туралы 2024 жылғы қаулыда Қазақстанда су ресурстарын есепке алу жүйесінде бірыңғай интеграцияланған платформаның жоқтығы, деректерді біріктірудің әлсіздігі және автоматтандыру деңгейінің төмендігі негізгі проблема ретінде көрсетілген.
БҰҰ-ның Өкілі Катаржина Вавьерниа «GLOBAL WATER» Су технологиялары мен ресурстары жөніндегі Бірінші Халықаралық форумда сөйлеген сөзінде, БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP) мәліметі бойынша, Қазақстанда су ресурстарын басқаруда тиімсіз пайдалану, ластану және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі сияқты жүйелік мәселелер бары айтылған.
Су және коммуналдық инфрақұрылымның тозуы біздегі басты проблема екенін ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті таратқан мәлімет жоққа шығармайды.
Қазақстандық сумен жабдықтау инфрақұрылымының 40 проценке жуығының тозығы жеткендігі, ал кәріз жүйелерінің тозу деңгейі 60 проценттен асатын белгілі болып отыр. Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 90 процентті көрсеткен. Ал суару жүйелеріндегі шығын жылына 14–15 шаршы метр суға дейін жетеді.
Жағдайды реттеуге қажеттіліктен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды.
Су жаңа су министрлігі 2024–2030 жылдарға арналған гирдроресурсатрды басқару тұжырымдамасын әзірлеу, жаңа Су кодексі дайындауға мұрындық болды. Үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру, тазартылған суды қайта пайдалану, бақылау және жауапкершілік механизмдерін күшейту, бассейндік инспекциялардың функциялардың кеңейтіліп, су ресурстарын басқарудың институционалдық құрылымы жетілдіру бағытындағы жұмыстарды қолға алды.
Дүниежүзілік банк жариялаған ақпарда, сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда су қажеттілігінің тек 50 проценті ғана қамтамасыз етілуі мүмкіндігі жазылған.
Су жүйелерінің ескіруі салдарынан су тасымалдау кезінде шығын көлемі көбеюге жол берілуде. Мемлекет бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 50 проценттен 25 процентке дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
ҚР Цифрлық даму министрлігі парақшасында Су ресурстары министрлігі 2026–2028 жылдары 3,6 миллион «ақылды» су есептегішін орнату және ұлттық су ақпараттық жүйесін енгізу жоспарланғандығын келтірген.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2024–2030 жылдарға тұжырымдама аясында 20 жаңа су қоймасын салу және 15 қолданыстағы су қоймасын жаңғырту, 14 мың шақырым суару каналын модернизациялау, су ресурстарын 2,4 шаршы шақырымға арттыру жоспарланған.Су үнемдеу технологияларын енгізуге берілетін субсидия 80 процентке дейін артқан. Мемлекеттік мүмкіндік нәтижесінде аталмыш технологиялар қолданылатын егістік көлемі 312 мың гектардан 581 мың гектарға дейін өскен.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген кең көлемді сұхбатында ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан жасалған ауқымды көмек масылдық пен көрші елдерге «аграрлық олигарх» атандырып отырғандығын алға тартып, сынға алды.
ҚР Үкіметі нақтылаған дереккөз мемлекет аумағының шамамен 2,8 процентін ғана су айдындары құрайтынын анықтаған. Бұл территорияның басым бөлігі құрғақ және шөлейт аймақтарда орналасқандығын ұғындырады. Басты себеп, климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы және мұздықтардың кемуі.
Елдегі су ресурстарының 44 проценті көрші мемлекеттерден келетін өзендерге тәуелді. 8 су бассейнінің 7-і трансшекаралық. Жыл санап олардың көлемінің қысқаруы, Сырдария, Шу және Талас өзендеріндегі ағын көлемінің азаюы көрші елдермен байланысты геосаяси тәуелділікті тудырып, ауыл шаруашылығы мен экологияға кері әсерін тигізуде.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы, FAO, OECD мәліметтері су қауіпсіздігі Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі екендігін көрсетуде.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға Қытайдан 10,2 млрд текше метр су жеткізілген. Бұл толық қажеттілікті қамтамасыз етуге қауқарсыз.
Орталық Азиядағы температураның жаһандық жылынуы мұздықтардың еруі мен өзен ағынының азаюын күшейтуге себепкер болған.
Қытай өндірісінің өсімі, су тұтынудың шамадан тыс артуы Ертіс өзенімен келетін ағын көлемін азайтуға алып келген. Балқаш көлінің негізгі су көзі – Іле өзені азаюы көпіт алаңдатуда. Сырдария бассейніндегі гидроэнергетикалық жобалар мен суармалы егіншіліктің дамуы су тапшылығын күшейтуде.
Арал теңізі – XX ғасырдағы ең ауыр экологиялық апаттардың бірі. Әлем бойынша көлемі, маңыздылығы бойынша төртінші үлкен көл саналатын Арал теңізі Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын мақта өсіру үшін ауытқуы салдарынан 90 процентке жуық көлемінен айылырған. Салдарынан өңірдегі тіршілікті тұралатып, экологиялық зардабын тигізуде
2000 жылдардан бастап Халықаралық Аралды құтқару қоры (IFAS), Дүниежүзілік банк және басқа халықаралық серіктестермен бірге теңіздің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру бағытында ірі жобаларды жүзеге асыруда. 2024–2026 жылдары Қазақстанның IFAS-қа төрағалық етуі Арал мәселесіне ерекше назар аудартты.
2005 жылы аяқталған Көкарал бөгеті Солтүстік Аралды Оңтүстік бөліктен бөліп, Сырдария өзенінің суын теңізге жинауға мүмкіндік беріп, су деңгейін 12 метрге көтерді. Теңіз көлемі 27–27,5 миллиард шаршы метрге жетті.
Дүниежүзілік банкпен бірлескен feasibility study жобасы қолға алынды.
2025 жылға қарай 300 мың гектардан астам жерге сексеуіл егілуі құрғақшылық пен сортаңдықты еңсеруге көмектескен.
Қызылорда өткен бесінші Ұлттық құрылтайда да мәселеге мән берілді.
«Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды. Қазір Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады», – деді Президент сөзінде.
Мемлекет басшысы Арал тағдыры түйіткілінің шешімі су саласындағы шебер дипломатияға байланыстылығын жеткізіп, қазір Орталық Азия елдерінің бәрімен су ресурстарын бірлесе пайдалану туралы келісімдер жасалғанын, Аралмен бірге, Каспий, Балқаш, Ертістің тағдырын шешу үшін келісімдерге қол қою қажеттігін алға тартты.
Қ.Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру ұсынылған. Алдағы сәуірде Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен мәселе талқыланбақ.
Арал теңізінің Оңтүстік Арал бөлігі әлі де құрғақ. Оның Қазалы ауданы үшін де маңызы зор. Күрделі экологиялық мәселе туралы жанашырлықпен ұтымды ұсынысын ұсынып жүрген су саласының ардагері Қолғанат Қартановтың бұл туралы айтары көп.
«Аралдың экологиялық зардабын түгелдей дерлік Қазалы ауданы сезініп отыр. Аралдың 15-20 процентіне ғана экологиялық жағдай тән. Егер батыс беткейдегі теңізден жел соғатын болса, Қазалыны шілденің 40 градус ыстығында ақ боран басады. Тұзды шаң жердің көгермеуіне бөгесін.
Барлық мәселені трансшекаралық жағдайға телудің қажеті жоқ. 2013 жылы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Қазақстандағы 8 су бассейнінің 6-уы 2020 жылға қарай тапшылыққа ұшырау қаупінде тұрғанын жеткізді. Сол жиында жедел су ресурстарын пайдалану мен басқарудың тиімділігін көтермесе, 2040 жылға таман су тапшылығы арта түсетіні тұжырымдалған», – деп бастады сөзін.
Тәжірибелі маман пікірлеріне зер салсақ, жергілікті мәселені дұрыс жүйелеу арқылы Аралдан төнетін апатты еңсеруге болады.
Қазалы ауданы аймағындағы Ақсай-Қуаңдария көлдер жүйесі бойындағы елді мекендерді өз жағдайына жеткізу үшін реттелмелі су құрылыстарын орналастырып, 30 мың гектардан асатын көлдер жүйесін қолға алу қажет.
Ақсай арнасы сағасынан 50 текше метрлік су өткізетін реттелмелі күрделі су тоспасын орналастырып, 5 текше метр суды Әбекен каналы арқылы Сарыкөл, Табанкөлге, Ботай елді мекеніндегі 450 гектар мал азығындық инженерлік жүйеге келтірілген егістігіне аяқсу апаруға болады. «Қараарықтан» «Өгізбөгетке» дейін халықтың бақша егуіне аяқсу барады. Томай көлінің «Келтеарығын» тазалап, су өткізетін реттелмелі су тоспасын орнатып, Ақсайдан Жұбан-Садырбай көлдеріне дейінгі аралықты тазалап, Мырзаш қыстауына дейін 2 шақырымдық қорғаныс бөгетін салу жағдайды реттейді.
Жұбан жеріндегі ескі бөгетті үлкейтіп, 40,0 текше метр су өткізетін реттелмелі су тоспасы салынса, 3700 гектар көлдерді келесі су жіберілгенінше толық жағдайда ұстауға қауқар бар.
«Тасөткел» өзегінен күрделі су тоспасын орналастыру 4000 гектар Жанай көлдерін толық күйде ұстауға көмектеседі. Кәукей халқы үшін Жиеней Жарма каналы аяғын «Тасты» аралына дейін қорғаныс бөгетін қалыпан келтіріп, «Айжарым» аралығына бөгет тұрғызылуы тиіс. Сондай-ақ, Сарыкөл аяғындағы өзекке 10 текше метр су өткізетін реттемелі су тоспасын орналастыру арқылы шабындық, жайылымдық бағытында Тайкеткен, Талқанбай, Шүбеке, Қожамберлі, Құрдым, Иманкөл, Сарыкөл барлығы 6-7 мың гектар көл суланады.
Тұжырым 5 реттелмелі су тоспасы арқылы аудандағы ахуалды жақсартатынын ұғындарады.
Жерасты суларын жаңғырту жайында:«Біздің өңірде мол жерасты суы қоры болған. Байқоңыр ғарыш айлағы үшін Қармақшы «Бекей» деген жоба жүзеге асқан өткен ғасырда жерасты суларының барлығы тартылып қалды. Бастама қолға алынғанын білемін. Жерасты суларының көзін ашу тиімді тәсіл болғанымен, ол үлкен қаражатты қажет етеді», – дейді.
Әлемдегі ең үлкен тұйық су айдыны – Каспий теңізінің су деңгейі жылдам төмендеуі 2025–2026 жылдары халықаралық деңгейде талқыланып, зерттеулер мен бағдарламалар күшейтілуде.
Қазір деңгейі 2 метрден астам төмендеген. Халықаралық климат өзгерісі жөніндегі үкіметаралық комиссия – IPCC 2100 жылға қарай теңіз деңгейі 9–21 метрге төмендеуі мүмкіндігін болжаған. Каспий итбалығының мекені 57–81 процентке кеміп, бекіре балықтарының уылдырық шашатын жерлері 25–45 процентке азаю қаупі бар.
Теңіздің тартылуының экологиямен бірге экономикалық әсері де бар. Таяздану Қазақстан порттарына кері әсерін тигізеді. Балық шаруашылығы мен логистика секторлары да зардап шегуі мүмкін.
2026 жылдан бастап Ақтау мен Құрық порттарының акваторияларын тереңдету жобасы жүзеге асырылуда.
Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтына қаржы бөлініп, гидрологиялық және экологиялық зерттеулер жүргізілуде. Теңіз жағдайын сақтап қалу 2003 жылғы Тегеран конвенциясында, 2026 жылы Иранда өткен жетінші саммит, Астанада өңірлік экологиялық саммиттерінде маңыз берілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийді сақтау – жаһандық міндет екенін атап, көрші елдерді бірлескен іс-қимылға шақырды.
Қазір әлем халқының 2 миллрдтан астамы таза су тапшылығын сезініп отырса, 40 праценттен көбі су тапшылығы бар аймақтарда тұрады. БҰҰ: «Суға қолжетімділік – адамның негізгі құқығы» деген мәлімдеме жасаған. Су – бейбітшілік пен тұрақтылықтың кілті, экономикалық капитал және геосаяси құралы. Сондықтан оны үнемдеу, қорғау және тиімді пайдалану әрбір адамның және бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Біздің заманымызға дейінгі 1792-1750 жылдары өмір сүріп, Месопотамияның барлық аумағына үстемдік құрған Вавилонның даңқты патшасы Хаммурапи шығарған заңда: «Егер адам өзінің меншікті жер бөлігінде бөгетті шала жасап, ол бұзылып, көршілерінің жерін су шайып кетсе, онда сол адам залалды болған егіннің құнын беруі қажет» деген жолдар бар. Тұжырымды қазақ «Судың да сұрауы бар» деген ықшам тәмсілге сыйдырған. Ысырап пен немқұрайлықты жою үшін бәлкім бізге де заң тұрғысында елді ширататын Хаммурапи қағидасы сынды қаталдық керек те шығар. Әйтпесе алмастырылмайтын ресурс тірлікті тұралатып, төртінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына себеп болуы бек мүмкін…
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














