Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» Тапшылыққа тағы тап боламыз ба?

Тапшылыққа тағы тап боламыз ба?

«Судың да сұрауы бар» деген нақылды біздегі жұрт жақсы білгенімен, қиындыққа бетпе-бет келгенде терең түсіне түсті. Арнасы тасып жататын мол судың ортасында өскен қызылордалықтарға бұл кездеспейтін жағдайдай көрінетін. Өткен жылы «Сырдың суы сирақтан келіп», құрғақшылыққа кез болды? Жағдай қалай орын алды? Мәселеге мән бердік.

Күрделі экологиялық мәселе
Жер бетінің 70 проценті осы элементпен жабдықталғанын мектепте жағрапияны оқығандар жақсы біледі. Алайда олардың мол қор болғанымен, жер шарындағы барлық судың тек 3,5 проценті ғана пайдалуға келетінін және ол біркелкі таралмағандықтан, тұтынуға толық қолжетімді еместігін ескере бермейді.
Күрделі экологиялық мәселеге баланатын су тапшылығы қазірде әлем жұртшылығын алаңдатуда. Ғалымдардың айтуынша, ғаламдық жылынудың нәтижесінде жаңбырдың жаууы, жаңбыр құрамының өзгерісі, жүйелі жаумауы жерасты суларының күрт азаюына ықпалын тигізген. Сондай-ақ теңіз деңгейінің шамадан тыс көтерілуі жағалаулардың және оның аймақтарындағы судың ластануын туғызуда. Адам өмірі суға тәуелді. Аталған сұйықтықтың бұдан бөлек ішу, тамақ дайындау және жеке гигиенаға қолжетімділігінің маңыздылығын өзге дүние алмастыра алмайды. Адамдар саны өсуі суды ластауға да ықпал ететін көрінеді. Әсерінен ғаламдық температураның ерекше жоғарылауы жер үсті және жер асты су көздерінің жоғалуына жол ашқан.

Құрғақшылықты құрықтауға қауқарсыз
Бір-бірінен «Мал-жаның аман ба?» деп сұрасатын қазақ үшін төрт түлік тіршілік қамы ғана емес, өмір өлшеміне айналған. 2021 жылы көктемдегі құрғақшылық елдің батысы мен оңтүстігі жұртына оңайға соқпады. Тұяқтысы түгелдей қырылып, қалған там-тұм қарасын құтқарып қалуға жергілікті жұрт, алыс ағайын, билік, бүкіл ел болып, «жұдырықтай жұмылды». «Көптің ісі береке» деп, табиғи апаттан тұралаған шаруаға қолдау ертеңіне сенімін жалғар сүйеу болды. Алайда жыл сайын ондай мүмкіндік бола бермесі анық.
Болған істен сабақ алып, қамын қылуға малшы да қауқарсыз. Табиғаттың табын тап басып біле алмайды, жем-шөптің жайы қалай болары тағы белгісіз...
Трансшекаралық өзен-көлдерге босатылатын су саясатының да шешімін таппай келетіні басты мәселені тудыруда. Кеңестік кезеңде ортақ мұра ортақ игілікке жұмылдырылса, қазіргі ахуал тартысты жағдайға айналып отырғанын жасыруға болмайды. «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішедінің» керін киген біздегілер барды ұқсатып, соған орай болжам жасап, қам-қарекетке көшуге мұқтаж.
Әлемдік деңгейдегі сарапшы, жерлесіміз Жұмабек Сарабековтің айтуынша, суды көп көлемде ысырап ететін мемлекеттер қатарында Орта Азия елдері, оның ішінде Қазақстан да бар көрінеді.
Маман мұнан өзге жаһандық жылыну, мұздықтардың еруі, су тапшылығының жылдан-жылға артатынын ескеріп, үнемшілдік пен ысырапшылдықтан арылудың алғышартын мемлекеттік деңгейде қолға алу қажеттігін айтады.
Бастауын Нарын мен Қарадария өзендері қосылған жерден алатын Сырдария Орталық Азиядағы ең құнарлы мақта, күріш алқаптары аймақтарын суаратын маңызды өзен. Оның мәселесі шешілмей, өзен бойынан тынысын кеңітіп отырған елдердің экономикасында таршылық туа берері сөзсіз.

Аудандағы ахуал
Өткеннен сабақ алған аудан жұртының биылғы бағыты, алға қойған міндеттері туралы журналистік сауалымызды тиісті орынға жолдадық.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, су жолдарын тазарту және жөндеу бағытында біршама жұмыстар қолға алынуда.
2021 жылдың көктем айларында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы Қазалы қаласының экологиялық жағдайын және сумен қамтамасыз етілуін жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен барлығы 94,8 млн теңге бөлінген. Оған “Көне қырғыз” және “Дәулет-арық” каналына механикалық тазалау және гидротехникалық құрлысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынған.
Бұдан бөлек, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының теңгеріміндегі Қара арық каналының 4,6 шақырымына, Әйтеке би кенті аумағындағы «Құмкөл» көлін суландыратын «Абдулла аша» каналы механикалық тазаланбақ. Сондай-ақ 2020 жылы механикалық тазалау басталған «Басықара» каналы осы жылдың көктемінде толығымен бітпек.
Мұнан өзге қазір «1-5Д» қашыртқысын реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге 10 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде. Әйтеке би кентінің тұрғындары көптен көтеріп жүрген «Ақкиіз» каналының төлқұжатын әзірлеу жұмыстарына 1,5 млн теңге қаржы бөлініп, құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған.
2022 жылы облыстық бюджеттен «Ішкі», «165» каналдарының жобалық-сметалық құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізуге және «Шлюз арық», «Үлкен арық», «Аққолқа» каналдарына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінген.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан 2021 жылы Аранды және Арықбалық ауылдық округтеріне үйіргелік және бақшалық жерлерді суландыруға 2 дана су қондырғылары берілген. Ағымдағы жылы қосымша 6 дана су сорғысын алу үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына аудан әкімдігімен ұсыныс хат жолданған.
Сонымен қатар, аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен есепті кездесуінде халықтан түскен ұсыныс-пікірлерге сәйкес, скважина қазу қажеттілігін көрсеткен болатын. Аталмыш ұсынысқа орай аудан аумағындағы елді мекендерде 2021-2025 жылдар аралығында қазу жұмыстарының кезектілігі жасалғанын білдік. Бұл мақсатта 2021 жылы Қарашеңгел, Құмжиек, Шәкен және Арықбалық ауылдық округтеріне аудандық бюджеттен 2 976 000 теңге қаржы бөлініп, жобалық сметалық құжаттары әзірленген. Қазір аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан қазу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына өтінім тапсырылған.
Қиындықты құрықтаудың аталмыш амалы деп танылған қосымша 25 дана скважина үшін облыстық салалық басқармаларға ұсыныс жасалған. Бүгінде қаздыру жұмыстары үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасатуға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына бюджеттік өтінім да­йындалу үстінде екенін анықтадық.
Қазіргі таңда жайылымдық, шабындық жерлерді және көлдерді суландырып алуға Сол жаға және Ақсай арналарына су жіберілуде.

Сөз соңы
Елге төнген қатерді бір мемлекет, облыс, аудан шеше алмасы анық. Десе де келген қауіп оны қатардағы жай санап, салғырттық таныту азық-түліктің азаюына ғана емес, келешек экологиялық жағдайдың нашарлауына алып келетінін сәтке де санадан шығармауды шегендейді. Ғаламшар тұрғындарының тіршілік нәріне деген сұранысы уақыт өткен сайын еселенуге азайған ауыз су қорын қосыңыз. Бұл бағыттан таймасақ, ғасыр соңына жетпей, таңдайға тамшы таму мұң болып, кепсіретін күннің күтіп тұрғанын көзбен көріп қалуымыз кәдік.
«Аққан су сүреңін табады» дейді тәжірибелі тәмсіл. Сүреңін таппай, реңінен айрылған Сырдарияны жағалай қоныстанған жұртшылық өткен жылы жерге түскен жауын-шашын көлемінің аздығынан да абдырап, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектеннің» күйін кешірді. Қалың жұрт қайраңдаған судың қайтарына сенбейді. Тапшылық тағы табын бере ме деп телмірген елдің ендігі арманы тек балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған көріністің аңызға айналмауы болып отыр.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
---
19 ақпан 2022 ж. 213 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031