Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, технологиялық жаңғырту – басты назарда
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – кез келген елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының маңызды факторы. Елімізде де бұл бағыт мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне баланады. Қызылорда облысының Қазалы, Арал аудандары халқын тұрақты және қауіпсіз ауыз сумен қамтамасыз етіп, тұрғылықты халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға атсалысып, экономикалық дамуға қолдау көрсетіп келе жатқан мекеме Арал – Сарыбұлақ топтық су құбыры үздіксіз, сапалы қызметімен көпке таныс.Ауыз судың жеткілікті болуы адам денсаулығымен бірге өндіріс пен ауыл шаруашылығына әсер етеді. ҚР су шаруашылығы министрлігінің мәліметіне жүгінсек, Қазақстанда қала халқының 100 проценті ауыз сумен қамтылған. Ауылдық жерлердің 90 процентіне ауыз су апарылған. Десе де кейбір шалғай аудандарда әлі де мәселелер бар. Аудандағы су сапасы мен желілерді жаңарту, орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелерінің жағдайы туралы Арал – Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесінің бастығы Жаңаберген Жүсіппен жолығып, сұрадық.
– Жаңаберген Серікұлы, әңгімені өндірістік бөлімше атқаратын қызмет түрлері мен қамтамасыз ету аймағынан бастасақ...
– Тұрғындарды ауыз сумен қамту, таза ауыз су саясатын дұрыс құру қашан да маңыздылығын жоған емес. Өткен ғасырдың 70 жылдарында Арал аймағының Солтүстігінде орналасқан Толағай жер асты су қойнауларына, геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде, ондағы су көздерінің ауыз суға пайдалануға жарамдылығы анықталып, су қорының күнделікті өнімділігі туралы ғылыми тұжырымдама шығарылған. Осы зерттеулерге сәйкес, 1985 жылы Бердікөл су тартқысы пайдалануға берілген. Бұл жер асты суларын Арал және Қазалы аудандарының елді мекендеріне жеткізіп беру үшін топтық су құбырының жобасы жасалған. 1986 жылы Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы құрылған.
Осы мекеме негізінде жұмысын 1993 жылы бастаған Арал – Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесі ауданды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі оператор. Арал ауданы аумағындағы Қосаман елді мекенінде орналасқан ұңғымалардан шыққан су Арал мен Қазалы аудандырының Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы мен елді мекендеріне таратылады.
– Бізге жеткен мәліметтер соңғы уақытта өндірістік бөлімше жұмыс көлемі артқандығын көрсетіп отыр. Бұл туралы өзіңізден білсек...
– Оныңыз рас, бізге тиесілі мекендер тұрғындарының әлеуметтік жағдайының артуына байланысты, жұмыс көлемі айтарлықтай артуда. Ауыз суға сұраныс қалыпты жағдайда тұрақты болғанымен, оның өсуіне әсер ететін негізгі факторлар бар. Мәселен, жаз мезгілі және ыстық ауа райы басты себепкер. Олай дейтініміз, температура жоғарылаған сайын адамдардың су ішу қажеттілігі де көбейеді. Ыстық күндері ағза көпсу жоғалтатындықтан, сұраныс қатты өседі.
Екінші себеп, халық өсімі. Әсіресе аудан орталықтары Әйтеке би кенті мен Арал қаласына уақытша немесе тұрақты түрде жұмыс істейтін адам санының артуы су тұтыну көлемін ұлғайтады. Табиғи су ресурстары азайып, су үнемдеу қиындағанда, ауыз суға деген сұраныс жоғарылайды. Құрғақшылық немесе жауын-шашын аз кезеңдер, шаруашылық және өндіріс іске қосылғанда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары дамыған сайын суға деген жалпы қажеттілік өседі. Соңғысы, түрлі апаттар, ластану, тазару жүйесінің істен шығуы сияқты жағдайларда халық таза су тұтынуға немесе қор жинауға мәжбүр болады. Қазір тұрғын үй салу үшін берілген жаңа жер телімдеріне ауыз су тарату желілерінің жүргізілуде. Жазғы маусымда су тұтыну бірнеше есеге өсіп, құбырдағы су қысымын тұрақтандыруда қиындық тудырады. Соған қарамай біздегі жұмыс жүйесі тұрғындарға үзілісісіз таза ауыз су жеткізуде жүйелі қызметімен көрініп келеді.
– Су тапшылығын шешу — күрделі әрі көпжақты мәселе. Жаңа нормативтік база: 2025 жылғы көктемде қабылданған Су кодексі, инфрақұрылымды кеңейту және жаңарту, су үнемдеу технологияларын енгізу, су жеткізу жүйесін жетілдіру, суды есепке алуды цифрландыру, су ресурстарын мониторингке алу жүйесін дамыту сынды бірқатар жүйелі шаралар мемлекеттік деңгейде жүзеге асуда. Жергілікті жердегі жаңашылдық пен аудандағы ахуал туралы атап өтсеңіз...
– Су тапшылығы мәселесін шешуде ауданда да оң өзгерістер орын алуда. Бұл бағытта табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, технологиялық жаңғырту, үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және экологиялық тепе-теңдікті сақтау басты назарда. Атап өткен Қосаманнан шығатын судан бөлек, біз күнделікті «Байқожа топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің Ақкесек деген жеріндегі ұңғымадан 1500 текше метрге дейін ауыз су аламыз. Қазіргі уақытта Байқожа – Әйтеке би кентіне дейінгі магистралді су құбырын қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс аяқталып, пайдалануға берілсе, Қазалы ауданындағы ауыз су тапшылығы едәуір жеңілдемек.
Бөлімше қарамағында 298 шақырым магистральді, 399 шақырым ішкі тарату және 388 шақырым сервистік су желісі бар. 82 мыңнан астам тұрғын, 116 бюджеттік мекеме мен 521 шаруашылық субъектісіне су жеткізу ісінің басында біздің жұмысшы-қызметкерлер жүр.
Ескі темір және шойын құбырларды полиэтилен құбырларға ауыстыру ісі бірнеше жыл бұрын басталып, жоспарлы түрде іске асырылды. Нәтижесінде апатты жағдайлар азайыпы, су қысымы тұрақталды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондай-ақ ірі магистралды желілерді жаңарту жобалары жоспарланып отыр. Яғни Әйтеке би кенті – Басықара ауылы, Әйтеке би кенті – Қазалы қаласы, сондай-ақ Әйтеке би кенті –Ғ.Мұратбаев ауылы аралығындағы магистральді су құбырларын толық жаңарту мақсаты тұр. Бұл жобалар арқылы апатты жағдайлар азайып, су қысымы мен су беру тұрақтылығы едәуір жақсарады деп күтілуде.
1993 жылы пайдалануға берілген нысандар тозып, су мұнараларының металдары шіріп, жиі ақаулар орын ала бастағаны жалпы жұртқа мәлім. 2024 жылы Қазалы ауданының сол кездегі әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің қолдауымен Қ.Пірімов, Ақтан батыр ауылдарындағы сыйымдылығы 50 текше метр 2 дана су мұнаралары жаңадан бой көтерді.
Ал 2025 жылы қазіргі аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың бастамасымен апатты жағдайда тұрған Басықара ауылындағы сыйымдылығы 25 текше метрлік су мұнарасы толықтай жаңартылды. Су саласына көрсетілген мұндай қолдауға тұрғындар да, ұжым да дән разы. Жергілікті басшылар маңызды жиында су мәселесін, кедергілер, берешек тұтынушылар, қауіпсіздік және қысқа дайындық жайын назардан тыс қалдырмайтынын атап өткен жөн.
– Судың сапасы – халық денсаулығы мен экожүйе үшін ең маңызды факторлардың бірі. Сапа қалай бақыланады?
– Ауыз су санитарлық-гигиеналық талаптарға сай әрі химиялық, биологиялық, физикалық тұрғыдан қауіпсіз болуы қажет.
Судың сыртқы қасиетін және ластану белгілерін анықтайтын физикалық химиялық, биологиялық көрсетікштер ұдайы тексеріліп тұрады. Суды ластаушы негізгі факторлар да назарға алынады. Аталмыш мақсатта жылына екі рет санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп, толық залалсыздандыру, жуып-шаю жұмыстары жүргізіледі. Өз зертханамыз күнделікті су сынамаларын алып, сапасын тексеріп отырады.
– Нәтижелі жұмыс кәсіби мамандар арқылы жүзеге асады. Президент Қасым Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтардың маңызы мен мәртебесін көтеру мәселесін көтеріп келеді. Бөлімшедегі еңбек нарығына және экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан техникалық кадрлар – шебер, білікті жұмысшылардың әлеуеті қандай?
– Бөлімшеде 200-ден астам жұмысшы-қызметкер түрлі бағытта іс атқарады. Алдыңғы толқын жиырма жылдан астам тұрақты жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар да, олардың ізін жалғаған орта, кейінгі буын жастар да жоқ емес.
2023 жылы еңбек тәртібі, жұмыс ұйымдастыру және халықпен байланыс сапасы жақсарып, қызметкерлердің жалақысы 40 процентке артқан. Әлі де жалақыны көтеру бағытында жұмыс істеп жатырмыз.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай, бақылаушы, жөндеуші-слесарь сынды қажетті 36 жұмысшы маманды жұмыспен қамтуға мүмкіндік алдық.
Мекеме жұмысшы-қызметкерлері ауызбіршілікте түрлі қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. Ұжымдастар тазалық сенбіліктеріне тұрақты қатысу – тек қызметтік міндет емес, туған жерге деген жанашырлық деген ұстанымды үлгі етеді.
Жұмысшыларға қойылатын өз талаптарымыз бар. Физикалық жағдайы дұрыс, өз бетінен шешім қабылдауға қауқарлы, еңбекке бейімділгі мен жауапкершілігі басты назарға алынады. Әсіресе, денсаулығынан тері, аллергиялық және созылмалы, жұқпалы аурулар анықталмауы керек. Су арқылы аурулардың жұғу қаупі жоғары. Халық саулығы – мемлекет байлығы. Бөлімшеде бірнеше күн іс-тәжірибеден өткен жұмыс іздеуші Қызылорда қаласына барып, ауызша әңгімелесуден өтеді. Содан кейін ғана жұмысқа орналаса алады.
– Алдағы мақсаттарыңыздан хабардар болсақ...
– Халықты сапалы, үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету – негізгі міндетіміз. Орталықтанған жүйелерді кеңейту, жаңа су құбырларын тарту инфрақұрылымын жаңғырту, су тапшылығын азайту, цифрландыру жүйесін енгізу және персонал жағдайын жақсарту – басты бағыттарымыздың бірі. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Судың сапасы – тек табиғатқа емес, адам денсаулығына да тікелей әсер ететін маңызды фактор. Тіршілік көзі, табиғат байлығын таза сақтау үшін мемлекет, кәсіпорындар және халық бірігіп әрекет етуі қажет екенін атап өткім келеді. Себебі, әр тұрғынның суға жанашырлық дағдысын қалыптастыруы – мемлекеттік деңгейде су үнемдеуге мүмкіндік тудырады. Көп жағдайда су пайдалану мен қорғауға қатысты насихат, ақпараттық жұмыс жүргізілу де кемшін түсіп жатады. Халық әлі де суға көгілдір отын, жарық сынды жауапкершілікпен қарамайды. Су үнемдеу — басым міндет ретінде сезінетін экомәдениеті жоғары орта қалыптастыру бүгіннің міндеті, болашақтың алғышарты дер едім.
Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА













