Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңіл толқытқан трагедия

Көңіл толқытқан трагедия

Жуырда Әйтеке би кентінің мәдениет үйі қазалылық өнерсүйер қауымды мазмұны терең, ойы салмақты қойылыммен қуантты. Бұл – башқұрт халқының классик драматургі Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» трагедиясы. Аталған спектакльді сахнаға алып шыққан – кенттік мәдениет үйінің драма жетекшісі, жас та болса, батыл ізденістерімен көзге түсіп жүрген режиссер Бақытбек Макеев.
Қойылымның басты ерекшелігі – актерлік құрамында. Сахнаға шыққандардың бірде-бірі кәсіби әртіс емес. Олар әр ауылдық округтен жиналған мәдениет қызметкерлері мен түрлі сала өкілдері. Соған қарамастан, әрқайсысы өзіне жүктелген образды шынайы сезініп, өз деңгейінде сомдап шықты.
«Ай тұтылған түн» – өткен ғасырдың 60-70 жылдары жазылғанымен, өзектілігін жоймаған шығарма. Шығармада адам тағдыры, рухани азғындау, нәпсі мен қатыгездікке бой алдыру секілді мәңгілік тақырыптар өткір тілмен, кесек оймен бейнеленеді. Режиссер автордың осы идеяларын сахна тілімен дәл жеткізуге күш салған. Әсіресе жастарға ата-баба дәстүрін қастерлеу, салт-сананы аяқасты етпеу мәселесіне айрықша мән берілген. Алайда бүгінгі буын өткеннің жақсысын мойындағанымен, сол жолды бұлжытпай ұстануға дайын емес. Себебі заман басқа, сана бөлек.
Шығарманың мазмұнына қысқаша шолу жасасақ. Салт-дәстүрі темірқазықтай берік елдің ортасында бір кездері айбары асқан башқұрт руы өмір сүреді. Бұл руды соңғы жылдары күйеуі дүние салғаннан кейін билікті қолына алған, ақылы мен қайраты, байлығы мен беделі қатар жүрген ел анасы – Таңқабике басқарып отыр.
Таңқабикенің үш ұлы бар. Кенжесі Ешмұрза – әлі бала, ортаншысы Ақжігіт – ақ жүректі,махаббатты ту еткен жас жігіт, ал үлкені Жолмырза ел қорғауға аттанып, содан оралмайды. Қаралы хабар келіп, ескі салт бойынша енді оның жесірі, ақылы мен ажары жарасқан Шафақ ортаншы ұлға, яғни Ақжігітке қосылуы тиіс.
Алайда Ақжігіт бұрыннан жүрегін Зүбаржатқа байлаған. Бірақ ру ақсақалдары Зүбаржатты небәрі 12 жастағы Ешмұрзаға атастыру керек деп кесім айтады. Осы тұста барлық жауапкершілік Таңқабикеге түседі. Аналық жүрек пен билеуші ерік, дәстүр мен таңдау бір адамның бойында түйіседі. Сонда шешім қандай болмақ? Балалардың бақытына бөгет болмау, әлде ата салтынан аттамау ма? Дәл осы сұрақ көрерменнің көңілін күпті етіп, көпшілікті спектакль соңына дейін толғандырды.
Ескі салттың құрсауында қалған жастардың ішкі арпалысы осы орайда әдемі көрініс тапқан. Кейіпкерлердің жан дүниесіндегі толғанысты тереңдету үшін музыкалық сүйемелдеу сәтті қолданылған. Қойылымда дін тақырыбы да кеңінен қозғалып, көрерменді бей-жай қалдырмайтын атмосфера да қалыптасты. Сахнадағы қимыл, жарық, дыбыс – барлығы режиссерлік идеяға қызмет етіп тұр. Оқиғаның басым бөлігі Таңқабикенің үйінде өтетіндіктен, кереге іспетті шартты реквизиттер арқылы сахна кеңістігі ұтымды пайдаланылған.
Қойылымның өзегін ұстап тұрған басты образ – Таңқабике. Бұл рөлді Кәмшат Кубекова ұтымды алып шықты. Баласының қазасын естіген сәттегі зарлы үні, кейінгі сахналардағы менмендік пен ішкі күйзеліс, аналық мейірім мен өкініш – барлығы нанымды.
Дәруіш бейнесін Әлібек Айдар сәтті сомдады. Кейіпкер алғашында иманжүзді болып көрінгенімен, іші зымиян, қоғамды улайтын сұр жыланның бейнесі айқын сезіледі. Таңқабикенің сырын біліп, соны өз пайдасына жаратуы, өзін үйдің қожасындай ұстауы – сәтті актерлік шешім болғандай.
Диуана рөліндегі Нұрман Бекжанның ойынында пәктік пен көріпкелдік, балалық пен үрей қатар өріледі. Дауыс ырғағы мен ішкі тереңдікке көбірек мән берілген. Тіпті қимыл-қозғалысы, жарымжан образын одан әрі аша түскендей.
Шафақ рөлін қазалылық ақын Сағыныш Мұхитқызы сомдап, кейіпкердің биязы болмысын әдемі жеткізе білді. Тағдыр тәлкегіне түскен жас әйелдің ішкі қарсылығы, үнсіз қасіреті сенімді шыққан. Ал Ақжігіт бейнесіндегі Жанболат Өмірзақ махаббатты ту еткен, сұлулыққа ғашық пәк жанды жарасымды сомдады. Зүбаржат рөліндегі Жансая Баеке де өз рөлін сәтті алып шықты.
Спектакльдің сахналануына бір айға жуық уақыт дайындалғанын айтқан режиссер Бақытбек Макеев қойылымның көрермен тарапынан жоғары бағаланғанына ерекше қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, қойылған мақсат толық орындалған. Бұл жетістікке, ең алдымен, актерлік құрамның еңбегі себеп болған.
«Ашығын айтқанда, актерлік топтың түрлі сала өкілдерінен құралғаны көпшілікті таңғалдырды. Дегенмен олардың әрқайсысы өз ісіне адал, өнерге жақын жандар. Сахна олар үшін жат емес. Сол себепті таңдау осы азаматтарға түсті. Әр өз рөлін лайықты деңгейде сомдай алды деп ойлаймын», – дейді режиссер.
Несін жасырайық, қойылым көптің көңілінен шықты. Оған көрерменнің ыстық ықыласы дәлел. Әлеуметтік желіде де оң пікірге ие болып, тіпті спектакль алғаш сахналанғаннан кейін-ақ оны қайта қою жөнінде ұсыныстар түскен. Халықтың сұранысын ескерген шығармашылық ұжым күні кеше қойылымды қалың көпшіліктің назарына қайта ұсынды. Бұл жолы да сахна төрінен табылған жандардың табанды еңбегі мен үздіксіз ізденісі арқасында қойылым ойдағыдай көрініс тауып, көрерменнің көңілін толқытты.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
24 қаңтар 2026 ж. 22 0

Күймен көмкерілген кеш

24 қаңтар 2026 ж. 23

Доллар тағы арзандады

23 қаңтар 2026 ж. 186

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031