Зейнетақы жүйесінде маңызды өзгерістер басталды
Қазақстанның зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгерістер дәуіріне аяқ басты.
Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалғанСәуір айы бойы шенеуніктер, базбір тәжірибелі гомеопат секілді, қоғамдық пікірді абайлап қыздыра отырып, зейнетақы реформасының "қырыққабат" ақпаратын бірнеше бөлікке бөліп, "дозалап" ұсынумен болды. Жинақтай келгенде, елге не ұсынылып жатқанын және қандай мәселелер назардан тыс қалып қойғанын inbusiness.kz қарастырды.
Жұмыс беруші есебінен – жаңа өмірбойғы зейнетақы
Жаңа реформа аясында өмірге жолдама алған ең іргелі әрі айшықты жаңашылдықтың бірі – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) жаппай енгізу болды. Енді соның есебінен еңбеккерлерге қартайған шағында БЖЗҚ-дан өмірбойғы төлемдер төленетін болады.
Осылайша, болашақ зейнетақы 3 тағаннан құралады: мемлекеттік базалық зейнетақы, БЖЗҚ-дағы жеке жинақтарыңыз және жұмыс берушіңіз қосатын "шартты-жинақтаушы компонент", деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бұл реформа 1975 жылдың 1 қаңтарынан кейін туған барлық қазақстандыққа қатысты. Олар үшін кеңес заманынан бері келе жатқан және тек 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі бар адамдарға арналған "ынтымақты зейнетақының" есігі мәңгілікке жабылады.
Жаңа моделде зейнетақының негізгі көлемі әрбір азаматтың БЖЗҚ-дағы жеке жинақтарына және ұзақ уақыт жұмыс істеуіне байланысты болады. Өйткені қазірдің өзінде мемлекет төлейтін базалық зейнетақының төменгі мөлшері өте аз – 35 596 теңге (күнкөріс минимумының 70%-ы). Бұл қаржыға лайықты өмір сүру қиын.
Басқаша айтқанда, мемлекет бірте-бірте, бірақ табанды түрде шетке ығысуда: болашақ зейнетақы үшін жауапкершілік болашақ зейнеткердің өз иығына және шамалы дәрежеде оның жұмыс берушісіне жүктеледі.
Ақырында, мемлекеттік "ынтымақты зейнетақының" орнына жұмыс берушінің өз қызметкерімен ынтымақтастығын білдіретін тетік – ЖМЗЖ келеді. Еңбек министрлігінің мәліметінше, қазірдің өзінде Қазақстанның 5,8 млн азаматы жаңа зейнетақыны алу мүмкіндігіне ие болды. Тек зейнет жасына аман жетсе болғаны.
Осы қазақстандықтардың барлығы үшін бүгінде жұмыс берушілері өз қаражатынан жарна аударып жатыр. ЖМЗЖ ставкасы кезең-кезеңімен өседі: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5% болды. 2026 жылы – 3,5%-ға дейін көтерілді, ал, 2028 жылға қарай жалақының 5%-ын құрайтын болады. Реформаның бастапқы екі жылында ЖМЗЖ тек ауыр және қауіпті өндірісте жұмыс істейтіндер үшін төленді. Биыл жұмыс істейтін барлық қазақстандық үшін аударылуға тиіс.
БЖЗҚ-ның соңғы дерегінше, жеке тұлғалардың ШЗШ (шартты зейнетақы шоты – бұл БЖЗҚ-дағы дербес шот, оған 2024 жылдан бастап жұмыс берушілер қызметкерлері үшін өз есебінен ЖМЗЖ аударады) жалпы саны 2026 жылдың қаңтар айының басындағы 5 млн 514,3 мың данадан 1 сәуірге қарай 5 млн 764,2 мыңға дейін өсті. Жинақтардың өзі де айтарлықтай артқан: биылғы үш айда 760 млрд теңгеден 950 млрд теңгеге дейін жетті.
Еңбек министрлігі мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімі сақталғанына сендірді: бизнес бұл шығындарды салықтық шегерімдерге жатқызады, ал, жастар зейнетақылық капиталға ие болады. Салық кодексіне сәйкес, компаниялардың ЖМЗЖ төлеу бойынша барлық шығындары салық салынатын табыстан шегеріледі. Бұл жұмыс берушілерді ашық әлеуметтік саясат жүргізуге және өз ұжымына қамқорлық жасауға ынталандыруға тиіс.
Бейнет орнына зейнет: 40 жыл өтіл тынығуға негіз бе?
Қазақстанда қарттық демалысқа шығу қағидалары өзгеруі мүмкін. Қырық жыл тынбай тер төккендер үшін мерзімінен бұрын (шамамен 58 жаста) зейнетке шығу идеясы Үкіметте талқылана бастады. Бұған сенатор Амангелді Нұғмановтың бастамасы себеп болды: оның байламынша, егер денсаулығы сыр берсе, әрі еңбек өтілі жеткілікті болса, неге адамға белгіленген мерзімнен бұрын бейнетінің зейнетін көре бастауына құқық бермеске?
Сенатор өзінің депутаттық сауалында ресми еңбек өтілі 40 жылға жеткен жұмыскерлерге белгіленген жастан ерте зейнетке шығуға рұқсат беруді ұсынды. Бұл ретте тек еңбек кітапшасындағы сандарға ғана емес, сонымен қатар адамның нақты денсаулық жағдайына және жұмысты жалғастыру қабілетіне қарау қажет деп отыр.
Мұндай тәсіл қазірдің өзінде қолданылады: әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері "еңбек сіңірген жылдары бойынша" зейнеткерлікке ерте шығады.
Бастама авторы осы арқылы елде жұмыссыздықтың азаятынын, азаматтар еңбекке жауапкершілікпен қарайтынын, бейресми істейтіндері онысын заңдастыратынын, қорытындысында мемлекеттік бюджет пен БЖЗҚ-ға ауыртпалық азаятынын алға тартты. Бірақ зейнеткерлер саны артса, жүйеге түсетін жүктеме қалайша төмендейтіні белгісіз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл мәселенің "назарға алынғанын" мәлімдеді. Тәуелсіз сарапшылар да кіретін арнайы жұмыс тобы мамыр айында отырысына жиналады.
Министр қазіргі кезде 3 негізгі нұсқа қарастырылып жатқанын жеткізді:
- Сенатордың ұсынысы: еңбек сіңірген жылдары бойынша 40 жыл өтілмен зейнетке шығуға рұқсат ету.
- БЖЗҚ-ның "4 + 1" моделі: жұмыс беруші қызметкердің жеке шотына 4% жарна және жалпы сақтандыру қорына 1% жарна аударады.
- МӘСҚ бастамасы: сақтандыру зейнетақы жүйесін енгізу.
"Бұл бастамалардың барлығы мұқият зерделеп, есептеулерді қажет етеді. Жұмыс комиссиясы бюджет пен зейнетақы жүйесінің мұндай жүктемелерге қаншалықты дайын екенін анықтауға тиіс. Жұмыс комиссиясының отырыстары мамыр айында басталады. Біз барлық ұсыныстарды, соның ішінде сақтандыру моделін және еңбек өтілі бойынша бастаманы қарастырамыз", – деп нақтылады министр Ертаев. Мұның бәрі жауапты шенеуніктерде дайын шешімнің әзіргі жоқтығын, тек тұжырымдаманы іздеу үстінде екенін көрсетеді.
Зейнет жасы өсетін болды
Бүгінде Қазақстанда ерлер 63 жаста зейнетке шығады, ал, әйелдер үшін бұл меже 61 жас деңгейінде "қатырылған". Бұл мораторий ұзартылмайтын болыпты. Нәтижесінде, нәзік болмыс иелерінің зейнеткерлікке шығу жасы бұдан әрі кезең-кезеңімен көтеріледі: 2028 жылдан бастап – 61,5 жас, 2029 жылдан – 62, 2030 жылдан – 62,5 және 2031 жылға қарай – 63 жас.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ерлердің жасымен (63 жас) теңестіру бағыты өзгеріссіз қалатынын растады. Еңбек вице-министрі Виктория Шегайдың түсіндіруінше, уақытша мораторий 2028 жылға дейін қолданыста болады. Содан кейін әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа жеткенше кезең-кезеңімен көтеріле береді.
Ол мұның жинақтаушы зейнетақы жүйесімен тікелей байланысты екенін нықтады: адам неғұрлым ұзақ жұмыс істеп, ұзақ жарна аударса, болашақ зейнетақысы да соғұрлым жоғары болады. Шегайдың уәжі де нық: аз жұмыс істесең – аз жинайсың.
"Еңбекке қатысу кезеңінің қысқаруы зейнетақы деңгейінің автоматты түрде төмендеуіне әкеп соғады. Әйелдер қартайғанда лайықты төлемдер алуы үшін олар жинақтау жүйесіне ұзағырақ қатысуы керек", – деп шорт кесті вице-министр.
Бұл қағида тұрақты жұмысы мен лайықты табысы бар айымдарға жарасатын шығар, бірақ басқасының шынайы өмірінің бояуы әлдеқайда солғын.
Жеткіліктілік шегі асу бермес шыңға айнала ма?
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі (ЕТЖШ) жаңаша есептелуі мүмкін: ол аннуитет құнына байлануы мүмкін. Еңбек министрлігі Зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобасын дайындап қойды.
Түсіндірме жазбада мұның қолданыстағы "механизмді жақсартуға" және болашақ төлемдерді тұрақты етуге бағытталғаны көрсетілген. Басқа егжей-тегжейі әзірге жоқ, өйткені ведомство жобаның мәтінін жарияламады.
"Жоба өмір бойғы зейнетақы аннуитетінің құны негізінде азаматтардың зейнетақы табыстарының неғұрлым тұрақты және теңгерімді қалыптасуын қамтамасыз етуге бағытталған ЕТЖШ параметрлерін қайта қарауды қарастырады", – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.
Қағаз бетінде бәрі қисынды көрінеді: қартайғанда өзін лайықты төлеммен қамтамасыз етуі үшін азаматтар аннуитет сатып алуға жететін соманы жинап үлгеруі шарт.
Бірақ бұл жерде бір гәп бар. Жеткіліктілік шегі – бірдей жастағы адамдардың барлығы үшін біркелкі. Ал, аннуитет құны барша үшін бірдей бекітілмеген және әрбір адамға жеке есептеледі. Өйткені ол көптеген факторларға: өмір сүру ұзақтығына, кірістілік мөлшерлемелеріне, инфляциялық күтулерге, сақтандыру компанияларының саясатына және басқасына байланысты.
Сарапшылардың пікірінше, ЕТЖШ-ны соған тәуелді етсе, шектің өзі тұрақты қалпынан айрылып, "қалқи" бастайды. Бүгін бір сан, ертең басқа сан – бағдар үнемі қол жеткізбес сағымдай, алыстай беретін мақсатқа айналып кетуі мүмкін.
"Бұл ретте азаматтар белгіленген шектен асқан зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуды және емделуге ақы төлеуді қоса алғанда, әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға пайдалану мүмкіндігін сақтап қалады. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты азаматтарды қартайғанда жеткілікті зейнетақымен қамтамасыз ету екенін атап өтеміз", – деп қаперге салды Еңбек министрлігі.
Ведомство ЕТЖШ параметрлерін қайта қарау актуарлық есептеулер негізінде жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Мұнда өмір сүру ұзақтығының өсуі, зейнетақы активтерінің кірістілік деңгейі және өзге де макроэкономикалық факторлардың ескерілетіні алға тартылды.
Бірақ бәрі де сенімге келіп тіреледі. Егер жүйе азаматтарға көбірек талап қойса, бірақ өзі зейнетақы жинақтарына тиісті кірістілікті қамтамасыз ете алмаса, қоғам "мемлекет біздің пікірімізге құлақ аспайды" деп қабылдай бастауы ықтимал.












