Келесі құрылтай Қызылордада өтеді

Заманында бабаларымыз елге, туған жерге, Отанға қатысты мәселелерді Құрылтайда бас қосып, шешіп отырған. Сол тарихи дәстүрді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда жаңғыртты. Бурабайда Ұлттық құрылтайдың ІV отырысы өтті. Бұл отырыс – жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды.
Құрылтай – қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылап, оларды жүйелі шешу жолын қарастырады.
«Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» деді мемлекет басшысы.
Ұлттық құрылтай алғаш рет Ұлытауда өтіп, жалпыхалықтық жаңғыруға бастау болғаны белгілі. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасқан Түркістан мен Атыраудағы басқосуларда жұртшылықты күпті қылған ауқымды мәселелер талқыланды. Ал Бурабай төріндегі жиында тұщымды ой-пікірлер айтылды. Сыр өңірі жұртшылығын келесі V Құрылтайдың Қызылордада өтетіні қуантты.
Иә, Қызылорда – Шірік Рабат, Жанкент, Сығанақ, Ақмешіттің орнындағы қасиетті мекен. Ұлт зиялыларының, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің елдік мұрат жолындағы тұтастығына куә болған қала. Ақмешіт Қазақ Республикасының астанасы болып, 1925 жылы сәуір айында өткен V съезде ұлтымызға «қазақ» деген тарихи атауын қайтару туралы шешім қабылданды. Қала атауы Қызылорда болды.
Мемлекет басшысы өз кезегінде жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылғанын, үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарғанын, оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екенін алға тартты. Әрі реформалар қатарында пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланғанын, биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтынын, түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін бергенін де атап өтті.
Жарылқасын ШӘРІПОВ,
Қызылорда облысының құрметті азаматы