Отбасылық құндылықтар және ұлт болашағы
Отбасылық құндылықтар – әрбір қоғамның әлеуметтік, мәдени және рухани негізін құрайтын басты тірек. Олар жеке адамнан басталып, ұжымдық санаға, қоғам мәдениетіне, ұлт болашағына дейінгі күрделі жүйені қалыптастырады.
XXI ғасырда жаһандану мен технологиялық даму қарқынды өршіген заманда отбасы құндылықтарының рөлі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Себебі отбасы – адам бойына ұлттық сана, адамгершілік, жауапкершілік, еңбек рухы секілді маңызды қасиеттерді дарытатын алғашқы орта.
Отбасылық құндылықтар қоғамның тарихи-мәдени тәжірибесі негізінде қалыптасқан моральдық, этикалық және тәрбиелік жүйе. Оған ең алдымен, адалдық пен сенім, құрмет пен әдеп, мейірімділік пен жанашырлық, жауапкершілік пен еңбекқорлық, ұлттық салт-дәстүрге құрмет, бірлік пен ынтымақ сияқты әмбебап қағидалар жатады. Бұл құндылықтар жеке адамды қалыптастырумен қатар қоғамның тұтастығын, тұрақтылығын және рухани байлығын сақтауға септігін тигізеді.
Әулеттен басталатын өзгеріс
Отбасы балаға алғашқы тәрбие беретін, оның дүниетанымы, рухани сезімі, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасатын ортасы. Ғалымдар әулет мүшелері ортасындағы тәрбиенің рөлін өз пайымынша тұжырымдайды. Яғни адам бойындағы жақсылық пен жамандық арасындағы таңдау қабілеті шаңырақтағы тәрбие негізінде қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық сана мен азаматтық мінез, патриоттық сезім, жауапкершілік секілді мінездемелердің қалыптасуы да отбасында басталады.
Отбасылық тәрбие ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамытуға қалай әсер етеді? Тіл үйрену және ұлттық мәдениетті қабылдауға не кедергі?
Балалар отбасында ана тілін меңгереді, ұлттық салт-дәстүрмен танысады. Бұл ұлттық танымның алғашқы қадамы. Ал этикалық принциптер мен адамгершілік қасиеттерге тоқталсақ, ата-ана үлгісі арқылы бала мейірімділік, адалдық, өзара құрмет секілді құндылықтарды меңгереді. Осы қасиеттер арқылы қоғамда сенімді қарым-қатынастарды қалыптастырады.
Білім мен еңбекке құрмет
Отбасында қалыптасқан еңбекқорлық мәдениеті жеке адамның кәсіби жетістігіне, әрі ел дамуына әсер етеді. Патриотизм мен азаматтық сананы қалыптастыру. Ұлттық мерекелерді бірге тойлау, ел тарихын білу, ата-бабалар ерлігін құрметтеу – патриоттық сезімді нығайтады.
Заманауи сын-қатерлер және отбасылық құндылықтарды сақтауда XXI ғасырдағы жаһандану, цифрландыру, әлеуметтік желілер мәдениеттің трансформациясына айтарлықтай ықпал етуде. Осы үрдістер заман талабына сай жаңа мүмкіндіктер берсе де, отбасылық құндылықтарға қауіп төндіруі мүмкін.
Сын-қатерлердің негізгі бағыттарына тұрмыс құндылықтарының құлдырауы бала тәрбиесіне, отбасының үйлесімділігіне көңіл бөлудің төмендеуі жатады. Осыдан соң технологиялық тәуелділік пайда болады. Интернет пен смартфондардың тым ерте пайдалануынан отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас әлсіреуі мүмкін. Яғни «жедел нәтиже» мәдениеті материалдық құндылық пен жеке жетістікті рухани құндылықтан жоғары қою үрдісі туындайды.
Сын-қатерлерді еңсеруде отбасы тұрақты орталық ретінде қалыптасады. Сондықтан мемлекет, қоғам, білім беру саласы және медиа отбасы институтын қолдау мен нығайтуға бағытталған кешенді саясат жүргізуі тиіс. Отбасылық құндылықтарды қолдау механизмдері жүзеге асырылуы қажет. Білім беру жүйесінде отбасы тәрбиесін интеграциялап, мектептер мен жоғары оқу орындарында адамгершілік педагогика, отбасылық психология, азаматтық білім пәндерін кеңінен енгізген жөн. Мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар жұмысын жандандырып, жастарға, көпбалалы отбасыларға, ата-аналарға жағдай жасаған абзал.
Сонымен бірге медиа мен мәдениетті оңтайлы қолдану да өз жемісін береді. Мәселен, отбасылық құндылықтарды насихаттайтын фильмдер, телехикаялар көрсетіліп, қоғамдық кампаниялар барынша іс-әрекетке көшу керек. Қоғамдық ұйымдар мен волонтерлік бастамалар, жастар мен ата-аналарды біріктіретін жобалар, пікірталастар, тренингтер ұдайы ұйымдастырылса нұр үстіне нұр.
Отбасылық құндылықтар жеке адам тәрбиесі ғана емес, ұлттық идеяның негізі, қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кілті. Отбасы арқылы берілетін адамгершілік, ұлттық сана мен азаматтық сезім ұлт болашағын айқындайды. Сондықтан XXI ғасырда да отбасы институтын сақтау, қолдау және нығайту қоғамның ортақ міндеті. Ұлттың болашағы әрбір шағын отбасында, әрбір жауапты ата-ананың жүрегінде басталады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА













