Мұсылманның рухани өрісі және ҚМДБ-ның қызметі

Адам баласының ізгі өмір сүруіне негіз болатын – рухани құндылықтар. Иман, ар-ұят, адалдық, сабыр, шүкіршілік сынды асыл қасиеттерқоғамдамызғымастәртіп пен сенімдіқарым-қатынасқалыптастырады. Алла Тағала адам баласын жербетінде халифа етіп, оған ақыл, сана, ерік-жігер берген. Бұл – үлкен жауапкершілік. Осы жауапты жүк әр адамның болмысынан бастап, отбасына, қоғамға дейінгі рухани өрісті қамтуы тиіс.
Қазақ халқының дүниетанымында да осы құндылықтар терең көрініс тапқан. «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Ұят бар жерде – иман бар», «Адал ас – жанға дауа» деген сияқты нақыл сөздеріміз – халқымыздың дін мен тектілікті қатар ұстанғанын көрсетеді.
ҚМДБ – рухани тәрбие мектебі
1990 жылы құрылған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ел аумағындағы діни істерге жауапты орталық құрылым. ҚМДБ өз қызметін сүнни бағыттағы Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуридиа қидасы негізінде жүргізеді. Басқарма қызметі тек діни рәсімдермен шектелмейді, ол – ілім, тәрбие, мәдениет, қайырымдылық, ағарту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісін кең көлемде атқаруда.
Елімізде 9 медресе-колледж жәнеНұр-Мүбәрак университеті жұмыс істейді. Сонымен қатар имамдардың білімін жетілдіру институты, Түркиядағы Хасеки академиясына шәкірттер жіберу жұмысы да жүйеліжолға қойылған. Бұл – дін саласында сапалы, шариғатты терең меңгерген білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.
ҚМДБ республика бойынша 11 қарилар дайындау орталығын ашты. Оның бірі – Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде орналасқан «Қазалы» қарилар дайындау орталығы. Бұл – ауданымыз үшін зор мәртебе әрі жастардың Құран жаттап, рухани тәрбие алуы үшін ашылған ерекше мүмкіндік.
Уақып – ислам өркениетінің рухани әрі әлеуметтік негізі. ҚМДБ 2019 жылы Уақып қорын құрып, садақа жария мен қайырымдылық істерін дамытуға күш салуда. Көпшілікке пайдалы мешіт, медресе, құдық, жол секілді игі істер осы жүйе арқылы жандануда.
Халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен шариғат талаптарын үйлестіре отырып, ҚМДБ «Ас беру мәдениеті» құжатын бекітті. Бұл құжат ысырапқа жол бермеу, ата-бабаларға дұға бағыштап, Құран оқытудың маңызын түсіндіру арқылы діни рәсімдердің бірізді орындалуына бағыт береді.
Діни басқарма «Munara» телеарнасы мен газеті арқылы, сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілерде дін насихатын белсенді жүргізуде. Ғаламтор кеңістігіндегі уағыздар, сұхбаттар, дәрістер халықтың рухани сұранысын қамтамасыз етіп келеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – ел руханиятының тірегі, ұлттық бірегейлік пен дін сабақтастығының дәнекері. Рухани құндылықтарды дәріптеу – қоғамның ертеңіне қызмет ету деген сөз. Осы жолда ҚМДБ мен барлық мешіт қызметкерлері ел тыныштығы, діннің тазалығы, халықтың амандығы үшін қызмет етуде. Алла Тағала баршамызды осы жауапты жолда берекелі, нәтижелі, шынайы амалдармен нығметтендіргей!
Нұрхан ДҮЙСЕМБАЕВ,
Әли-Муса мешітінің имамы