Ұрпағы ұлықтаған Самұрат би
Бірнеше жал толқынды жылдар көшін кейінге қалдырған соң, өмір жолында көрген-білгенің, оқығаннан көңілге тоқығаның, санаға қаттала береді Осындай оңаша ой үстінде жеке мұрағаттай жинаған құжат-қағаздарымды аударыстырып отырып, осыдан он үш жыл бұрынғы Майлыбас ауылының орталығында өтетін «Самұрат Алматұлы және оның атқарған қызметтері туралы» тақырыбына арналған 2012 жылдың 2 маусымында өтетін ғылыми-практикалық конференцияға шақыру қағазы қолыма түсті. Ол кезде мен аудандық «Қазалы» газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры-Бас редактор қызметінде едім.«Бұл кім еді?» деген ой үстінде отырғанда, бөлмемдегі жанымда тұрған телефон безілдеп қоя берді. Аудан әкімі болып тағайындалысымен туып-өскен жеріне келіп, халқының көңілінен шығу үшін жоспарлы түрде көп жұмыстар атқарып жатқан Мұрат Имандосов екен.
– Шәке, естуіңіз бар ма, ақтөбелік бір топ азаматтар ауданымызға келіп, осыдан тоқсан жыл бұрын қайтыс болған бабаларына ас беріп, тағзым етіп, еске алу шараларын өткізіп жатыр екен. Бұл да ұрпақ үшін керек тарих ғой, – хабардарсыз ба? – деді.
– Иә, жаңа ғана шақыру қағазын алып отырмын, – дедім.
Зерттеп қарасам, Самұрат Алматұлы 1845-1922 жылдары қазақ тарихында елі мен жерін қорғаған белгілі батырлар қатарындағы Киікбай Әлібекұлының (1717-1795ж.ж.) шөбересі, атақты сардар Алмат Тобабергенұлының (1804-1892жж) баласы өз заманының шоқтығы биік, біртуар азаматы, дүлдүл шешен, 19 жасында би атанып, 40 жылдай ел басқарған екен. Ол ел тұрмысын көтерудің басты шарасы – отырықшылыққа көшу екенін түсініп, елін егін егуге үгіттеп, көктемде ұтырлы тұстардан бөгет салдырып, шабындықтарға су жаюдың технологиясын игерген. Орыс зиялыларымен көп араласқан. 1913 жылы Орынборлық делегацияның құрамында Петербургке барып, Романовтар әулетінің 300 жылдық мерекесіне қатысыпты.
Самұрат Алматұлы нөкерлерімен ел қамымен жолаушылап жүріп, енді біреулердің айтуынша Бұхара жағынан келе жатқанда жаздың аптапты ыстық күндерінде Қазалы жерінде қайтыс болып, Байқожа станциясына маңына жерленіпті. Шөмекей аталығы ұрпақтары бас болып, Жақайым аталығының ұстасы көрнекті кесене салған.
Күмбезімен қоса есептегенде биіктігі 7-8 метр кесене күйдірілген кірпіштен өріліп, өрнек-нақыштармен безендірілген, қос үй там есебінде салынған. 2012 жылы ұрпақтары ескерткіш-кесенені қоршап, мәрмәрдан белгі қойған.Межеленген күнде Ақтөбе облысында тұратын ұрпағы Рахиұлы Романның басшылық жасап, ұйымдастыруымен өтіп жатқан ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледім. Сөзімнің нұсқасын газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдім.
Самұрат Алматұлының өмірі мен қызметі Қазыналы Қазалы өңіріндегі тағы бір тарихи тұлғаны халыққа паш етіп, ұрпаққа жеткізіп отыр. Тұлғалар тағдыры біле білгенге туған жер мен ел, Отанның сан қырлы тарихын аша түседі.
Жоғары ақыл, парасат иесі өткірлігі, тапқырлығы, көрегендігі, қажымас күш-қуаты, ақыл-парасаты, көсемділігі, шешендігі, әділдігі, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшеленген жан.
Халық басына қиын-қыстау заман туғанда ғана азамат өзінің өзгеден ерек ірі ісімен, пәрменді күшімен, құдыретті көріпкелдігімен танылады. Табиғи ортаның туы тұлғаны замана шыңдайды.
«Түбін білмеген, түгін білмейді» дейді халық. Тәуелсіздік алған күннен бастап біздің тарихтың статусы өзгерді..
Кейбіреулер өткен тарихымыздың қилы-қилы заманның кезеңдеріне орай бұрмаланған тұстарда өмір сүрген ұлт зиялыларын, Кеңестік саясатты жүргізуде 20-30-шы жылдары өмір сүріп, еңбек еткен айтулы қайраткер азаматтарымызды ұлт басына қаралы жағдайды орнатуға себепкер болды деп айыптап, бас-басына «айдар тағуға» шақырады. «Тырнақ астынан кір іздеп», кінәлағысы, жазғырғысы келеді. Бұл дұрыс па? Бұған біржақты қарауға болмайды. Біз кезінде елден ерекшеленген ұлт зиялыларының заманына қарай бағасын беріп, асыл қасиет, дарындылығына сай кейбір пендешілігіне кешіріммен қарауға тиіспіз. Мұндайда халқымыздың «Арғымақты жамандап, Тұлпарды қайдан табарсың, Ағайынды жамандап, Туғанды қайдан табарсың» деген аталы сөзін естен шығармағанымыз жөн сияқты.
Осы орайда қазақ зиялыларының өмірі, тарихын зерттеуде орны бар ғұлама ғалым М.Қозыбаевтың: «Өлім – екі түрлі. Бірі – табиғи өлім, екіншісі – рухани өлім. Біздің мақсатымыз шын мәніндегі тарихи тұлғаларды рухани өлтірмеу», – дегені бар еді. Сол еске түседі.
Шынында, әр кезеңдегі тарихи нағыз шындық өз бағасын алуы керек. Туған халқымыздың тарихы тым тереңнен, сонау ескі заманнан тамыр тартады. Жүріп өткен жолы да, шежіре-сыры да, тіпті, жалпы адамзат өркениетіне қосқан үлесі де еш халықтан олқы соқпайды. Алайда, осынау бай тарихымызды өзгеге таныту тұрмақ, өзіміз әлі танып, түгендеп бола алмай жатырмыз. Мұның себебі түсінікті. Кешегі өзінен басқаны бодандықта ұстаған Кеңестік кезеңде төл тарихымыз өрескел бұрмаланды немесе көп жағдайда теріс түсіндірілді. Өз тарихымызды емес, өзге жұрттың тарихын оқытуға баса мән берілді. Байырғы жер-су атаулары, тарихи тұлғалар, ел тарихындағы айтулы оқиғалар, халықтық салт-дәстүр, бәрі-бәрі ұрпақ жадынан көмескілене бастады.
Тәуелсіздік алғалы бергі өткен отыз жылда елімізде көп нәрсе қолға алынып, нағыз шындықтың беті енді-енді ашылып жатқанына шүкіршілік етуге тиіспіз. Бұған әрбір адам үлес қосуы қажет.
Суретте Самұрат Алматұлының қайтыс болғанының 90 жылдығына байланысты өткізілген тағзым аларлық іс-шараға қатысушылардың бір тобы. Солдан оңға қарай: Роман Рахиұлы, Мұрат Имандосов және ақтөбеліктер Мұрат Қалмағанбетов, Ақан-Сері Ермағанбетов, Алтай Үсенов.
Бүгінгі Самұрат Алматұлының ұрпақтары ұйымдастырып отырған шара да осы тарихты толықтыра түсері сөзсіз. Самұрат Алматұлы жайлы біз аудандық «Қазалы» газетінде арнайы бет беріп, жазушы, журналист, зерттеуші, этнограф Тынышбек Дайрабай ағамыздың арнайы жан-жақты жазған материалдарын жариялап, оқырмандар назарына ұсындық. Осыдан халқымыз біраз нәрсеге қаныққан болар.
Самұрат Алматұлы жайлы ел арасында тағылым аларлық әңгіме көп. Солардың бірі атағы жер жарған Жетес биге Самұрат бидің берген бағасы әлі күнге дейін ел аузында.
Біз естіген бір әңгімеде, Шөмекей Самұрат би заманында атағы Әлім-Шөменге белгілі, әрі сыйлы, үлкен парасатты, сыншы адам болыпты. Ел аралап жүріп бір үлкен жиында би-болыс, бай-манап, басқа да лауазымды адамдардың арасында отырғанда Самұраттан:
– Би аға, әр рудың, әр елдің шешен билері бар: Төртқарада Сапақ би, Матай Үмбет би, Бекбауылдың Құлбарағы, Бекетай би, Жақайым Жетес би, тағысын тағылар. Осылардың бірінен бірінің артығы бар ма? – деп сауал сұрапты.
Сонда Самұрат:
– Атағы көпке мәлім билердің бірі артық, бірі кем деп айта алмаймын. Оны бір Алла біледі, қалды халық біледі. Бірақ, Жетес бидің басқалардан бір өзгешелігі бар. Ол сөйлескенде бидің би тілімен, құлдың құл тілімен сөйлейді. Иншалла, о дүниеге барғанда да тілге келсе, Жетекең пейіштің төрінен орын алатын шығар,– депті.
Міне, осының өзі бүгін біз еске түсіріп, тағзым етіп, рухына құран бағыштап отырған Самұрат Алматұлының ұрпақтары мақтаныш тұтып, кейінгі ұрпаққа айта-айта жүретіндей, тұлға екендігін көрсетеді.
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі.
Қазалы ауданының Құрметті азаматы.
Астана қаласы














