Қазақстандықтар еуропалықтарға қарағанда азық-түлікке 3 есе көп шығындалады
Жаңа жыл жақындаған тұста кәрі құрлық елдері дабыл қақты.
Фото: shutterstockБатыс сарапшылары билік өкілдеріне азық-түліктің құнын емес, әр отбасының тамаққа табысының қанша бөлігін жұмсайтынын ескеруге шақырып жатыр.
Жалпы әлем халықтары үшін азық-түлік сатып алу ай сайынғы шығынның негізгі бөлігі екені рас. Еуропалық одақ елдерінде отбасылар айына орта есеппен табысының 11,9 пайызын азық-түлік алуға жұмсайды. Ең нашар көрсеткіштердің бірі саналатын Румынияда 20 пайыз. Ал Қазақстанда сарапшылар бұл меже 50 пайыздан әлдеқашан асып, 60 пайыздың маңайында жүргенін анықтады. Сонда отандастарымыздың батыс елдеріндегі халықтарға қарағанда өз табысынан азық-түлікке үш еседей көп шығындалады.
Алдымен кәрі құрлықтағы жағдайға тоқталайық. Жалпы, Еуростаттың шығынды есептеу тәсілі сәл өзгеше. Алдымен 100 еуролық азық-түлік себетінің тізімін жасайды да, әр елге осыған қанша шығындайтынын бөлек қарастырады. 100 еуродан асып кетсе – азық-түлік бағасы қымбат ел, төмен болса – арзан ел.
Былтыр Еуроодаққа кіруге үміткер саналатын Солтүстік Македония 36 еуропалық мемлекет ішінде азық-түлік бағасы ең арзан ел болды. Ол жерде стандартты азық-түлік себетінің құны 73 еуроны құраған. Ал ең қымбат ел – одаққа кірмеген, тек келісімдермен шектелген Швейцария, азық-түлік себетінің құны 161,1 еуроға жеткен.
Еуроодақ елдерінің ішінде себетке ең аз жұмсайтын – Румыния (74,6 еуро), бірақ халықтың табысы жағынан қарағанда көп шығындалатынын айттық. Ең жоғарысы – Люксембургте (125,7 еуро).
Данияда, Ирландияда, Францияда, Австрияда және Мальтада азық-түлік бағалары орташа көрсеткіштен кемінде 10 пайызға қымбат. Бауырлас Түркияда да азық-түлік себеті арзан екен – 75,7 еуро.
Ал одақтың "үлкен төрттігіне" кіретін Италия, Германия және Испанияда баға орташа деңгейден тым алыс емес, 100 еуроның маңайында құбылып тұрады.
Бірақ Еуропа үшін азық-түлік бағасы бәрібір үй шаруашылығының маңызды бөлігі саналып отыр. Италиядағы Тушия университетінің доценті Илария Бенедетти баға айырмашылықтарында өндірістік шығындар, жеткізу тізбектерінің интеграциясы және жаһандық дағдарысқа ұшырау деңгейі сияқты құрылымдық факторлар барын алға тартқан.
"Экономикасы шағын, валюталары жиі қатты құбылатын елдер пандемия мен Ресей-Украина қақтығысы кезінде энергия мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы өскенін бірден сезді", – деген ол Euronews агенттігіне.
Бір қарағанда Еуропа елдерінде азық-түлікке кететін табыстың бөлігінде қатты айырмашылық жоқ секілді, 12-20 пайыз арасында ғана. Бірақ сарапшылар соның өзін алдағы уақытта тұрақсыздыққа соқтыратын фактор санап отыр.
Бұл жерде жалақы мәселесі жол тосады. Дания мен Швейцария сияқты орташа жалақысы жоғары елдерде азық-түлік бағалары соған сай қымбат болады. Өйткені ауыл шаруашылығында, өңдеу саласында және бөлшек саудада еңбекақыға жұмсалатын шығындар тұтынушының қалтасынан төленіп отыр.
2026 жылдан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы 12 пайыздан 16 пайызға өскелі отыр. Бұның жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасына әсер ететінін елдегі экономистер алдын ала-ақ болжап отыр. Сөйтсек, бұл проблема тек бізде емес, батыс елдерінде де бар екен.
Мысалы, Ирландия азық-түлікке қатысты ҚҚС-ты төмендеткен, кейбір тауарлар бойынша тіпті жоқ. Ал Дания сияқты елдер ҚҚС секілді салықтарды мүлде шектемеген. Соның салдарынан бір құрлықта тұрған елдерде баға әртүрлі.
Алайда бағаның біркелкі болмауынан кәрі құрлықта азық-түлік қауіпсіздігі секілді мәселелер туындауы мүмкін. Табысы жоғары елдер азық-түлік қымбаттап жатса да қабылдай алады, тұтынушылардың төлейтін мүмкіндігі бар, ал табысы төмен елдердің халқы қымбатшылықты ауыр қабылдайды.
Енді Қазақстандағы жағдайға оралайық. Біз осыған дейін қазақстандықтар жалақысының 50 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайтынын жазып, сараптадық. Ұлттық статистика бюросы биыл үшінші тоқсанда отандастарымыздың орташа жалақысы 429 мың теңге болғанын мәлімдеді. Ал шындыққа жақын саналатын медианалық көрсеткіш – 302 мың теңге.
Бірақ елімізде 2025 жылдың III тоқсанында миллионнан астам (1,1 млн) қазақстандықтың ең төменгі күн көріс (60,9 мың теңге) деңгейінен де аз табыспен өмір сүріп жатқаны мәлім болды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ең жоғары кедейлік деңгейі Түркістан облысында – 194 мың адам. Астана қаласының өзінде 44 мыңнан астам адам қиын жағдайда күн көріп отыр.
Елдің бір тұрғыны орта есеппен айына 110 мың теңгені тұтынуға жұмсайды екен. Сонда миллионнан астам қазақстандықтың табысы негізгі қажеттіліктерге жұмсалатын шығыннан шамамен екі есе аз болып отыр. Яғни, экономикалық өсімдерді желеу еткенімізбен, жұрттың кей бөлігі оның игілігін көре алмай келеді деген сөз.












