Оқытушыларға жасанды интеллект бойынша біліктілікті арттыру міндеттелді
Соңғы жылдары жоғары білім беру жүйесінде ЖИ-ді қолдануды реттейтін құжаттардың тұтас кешені әзірленген.
Фото: istockphoto

Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы жасанды интеллектіні дамыту» тақырыбында парламенттік тыңдау өтіп жатыр. Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасап, енді университет оқытушылары жасанды интеллект бойынша біліктілігін арттыруға міндеттелетінін атап өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Министрдің айтуынша, ЖИ-ді енгізу берік нормативтік негізсіз мүмкін емес. Сондықтан соңғы жылдары жоғары білім беру жүйесінде оны қолдануды реттейтін құжаттардың тұтас кешені әзірленген.
- Біріншіден, мемлекеттік стандартқа ЖИ пәндері енгізілді, сондай-ақ академиялық қызметте қолдануға арналған университет-аралық стандарт пен нұсқаулық дайындалды. Бұл құжаттарда академиялық адалдық пен этика нормалары, соның ішінде зерттеулер жүргізу мен докторлық диссертациялар дайындау кезіндегі талаптар жеке белгіленген.
Екіншіден, университеттерге қойылатын біліктілік талаптарында оқытушылардың дәл жасанды интеллект саласында біліктілігін арттыру міндеті бекітілді. Бұл білім беру үдерісінде цифрлық құралдарды меңгерудің жаңа мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, біз жоғары оқу орындарының цифрлық жетілгендік деңгейін айқындау әдістемесін әзірледік. Ол университеттің цифрлық трансформацияның қай сатысында тұрғанын объективті бағалауға және оның даму стратегиясын түзетуге жол ашады, - деп нақтылады Саясат Нұрбек.
Министр осылайша білім беру, ғылым және басқару салаларында ЖИ енгізудің бірыңғай ережелерін белгілейтін, сапа, ашықтық және жауапкершілікті қамтамасыз ететін толыққанды нормативтік-құқықтық база қалыптастырылып жатқанын жеткізді.