Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Никабты шешуге не негіз?

Никабты шешуге не негіз?

Фото: ашық дереккөзден алынды
Осыдан бірнеше жыл бұрын хиджап таққан қыздарға көпшілік таңырқай қарайтын. Кейіннен бет-жүзі, дене бітімінің барлығы жабылған жандар қатары көбейді. Көшпелі ғұмыр кешіп, өз мәдениетін өрістеткен ұлытымыз хиджаб, никабсыз да Ислам дінін берік ұстап, адамдық абыройдан аласармаған-тын. Никаб шариғат талабына сай киім ғана ма, әлде тұмшаланған бейнелер астында тұманданған тағдырлар бар ма?
Осы жылдың 30 маусымда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салуды көздейтін заңға қол қойды. Өзгеріске не өзек болды?

Есіктен қалай енді?
2015 жылы ауданға ат басын бұрған Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қазалының ең үлкен әсері – көше мен айнала оранғандардан ада екен», – дегені бар-тын. Ұзамай ұзын киім, құлағын жасырған арулар қатары көбейе түсті. Бертін келе денесі толық жасырынған қаракөздерді де көз шалып жүр. Бұған дейін қазақ өңі түгіл түсінде көрмеген киімді киюшілер қайдан пайда болды?
«Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдегі шекара ашылғанда «Аңқау елге арамза молда» деп түрлі мәзһабтағы қандастарымыз бен шет елдерден діни білім алған отандастарымыз арқылы діни ұстаным мен көзқарас та өзгеріске түсті.
Екінші бір жағдай, Кеңес Одағы тұсындағы ұзақ жылдық діннен ажырату саясаты да төл танымнан алыстатып, ұмыттыруға ықпалын тигізді. Өз діни ұстанымынан ажырап қалған буындардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білетін білімі болмады. Осылай дін хиджабты, шолақ балақ шалбарды, кең киімдер мен никабтың есіктен еркін енуіне жол ашты. Үшіншіден, араб радикал уағызшыларының насихаттары бейнежазбалар арқылы өз миссияларын оңай таратты. Соны тыңдап, өз беттерінше жат идеологияға бет бұрғандар да болды», – дейді тарихшы Гүлбағида Мейірханқызы.
Этимолог Нұрбақыт Қайдауылқызы дәстүрімізде қазақ әйелдері қара түсті киім кимегенін айтады.
«Өзіндік өркекиеттік өлшемі, өрісі бар жұртымыздың шаруашылығынақарай материалдық мәдениетіміз қалыптасып, орныққан. Қазақ әйелдері көбіне ақ немесе ашық түсті киімдер киген. Ақ түстің символикалық мәні зор. Өмір мен өлімнің барын ұғындырады. Келінге ақ киім кигізу – өліп, қайта өмірге келу, жаңа өмірдің иесі болу деген мағынаны ұғындырады. Ақ түс абыройдың, ар-намыстың да нышаны. «Ақ жаулығын кірлетпеген», «ақ дастарқанынан дәмі арылмаған», «ақ босаға аттаған», «ақ төсегін былғамаған» деген теңеудің айтылуы тек емес. Ақ киім киген жан арын кезетуі сол аманатқа лайық болуы керектігін ұғынған.
Қара киімді ер адамдар киген. Өзіңіз білесіз, ердің киімін әйел ешқашан кимеген. Тіпті қараға ұқсас көк, жасыл түсі бар жаулықты да басына тартудан аулақ болған. Менің айтарым, никаб, қай жағынан алып қарасаң да, қазаққа тән емес киім.
Кимешек кигендер де көбейіп кетті
Бұрын орамал таққандарды тек мешіттен көретін едік. Қазір теледидар, сахна, мемлекеттік мекемелерден де кездестіреміз. «Хиджаб» деген арабтың «жамылғы» деген сөзін білдіреді екен. Ал «никаб» дегені әйелдің жүзін жауып тұратын киім. «Бұрқа» деген бүкіл денесін орайтын түрі де барын білдік. Өзім де біраз жасқа келіп қалдым. Ата-әжелеріміз намазын оқып, құлшылығын үзбеген адамдар болды. Орануды ермелік деп ойлаймын.
Жақында танысымыздың үйіне барғанмын. Өзі, келіні, қызы – бәрі кимешек киіп алыпты. Аздап отырғаннан кейін бірыңғай кимешек киген бір топ әйел келді. Ұлттық киімге қарсы емеспін. Өзім де мереке, наурызда киетінім бар. Ал әлгі кимешектілердің жүріс-тұрысы, сөздерінен өзге діни бағыттың элементтерін байқап, уайымда қалдым. Орамалды үйлестіріп тағып-ақ жүруге болады ғой, – дейді еңбек ардагері Мәрия Жібекәлі.
Бет пен алақанды ашып жүруге болады
Әйел адамға никаб тағудың шариғаттағы үкімі туралы дінтанушы Абдулсамат Ерденұлы айтып берді.
«Мәлики, шәфиғи мәзһабтарында «әйелдерге беті мен екі алақанынан өзге мүшелері бөтен ерге әурет» делінген. Әурет дегеніміз – ғаурат яғни шариғат бойынша адам денесінің киіммен жабылуы тиіс бөлшегі. Пайғамбарымыз с.ғ.с. «Сахих Бухариде» ибн Омардан жеткен риуаятта ихрамдағы әйел бетін де жаппайтынын, қолғап та кимейтінін айтқан.
Никаб тақпау туралы нақты үкім жоқ. Бірақ Құранда 55 уәжіп амал бар. Олардың қатарында баяндалмаған. Тіпті бір де бір сөз жоқ. Ислам ғалымдарының жазбалары мен осы тақырыптағы еңбектерді негізге алсақ, бетті жауып жүру уәжіп яғни міндет емес екенін ұғындыратын мысалдар басым.
Тағы бір негіз хадис-шәрілерде мұсылман үмбетіне назарларын төмен салуды бұйырған. Барлық әйел никаб тағатын болса, мұндай бұйрықтың қажет болмас еді, – дейді ол.
Шетелдегі шешімдер
Италия үкіметі 1975 жылы никаб туралы заңды қолданысқа алғашқылардың бірі болып енгізген. 2010 жылы Римде адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдердің тізімі жасалынып, оларға заң жүзінде тыйым салынған. Никабқа қатаң тосқауыл қойған мемлекеттің бірі – Франция. 2011 жылдан бастап қоғамдық орындарда ниқаб киюге рұқсат жоқ. Ал көше, парк, сауда орындары, көлік және өзге де қоғамдық жерлерде никаб киген қыз-келіншектер болса, оларға ел заңына орай 150 еуроға дейін айыппұл салынады.
Бастама Ұлыбританияда да көтерілгенімен, жергілікті мұсылман ұйымдары қарсылық танытып, қабылданбаған. Ресейдегі жағдай да осындай. Алайда ел конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді деген көршіміз өткен жылы Дағыстан Республикасында болған терактілерден соң Дағыстан мұсылмандар діни басқармасы қауіпсіздік мақсатында әйелдердің ниқаб киюіне уақытша тыйым салған.
Швейцария жұртының көп бөлігі хиджаб кию қарсы дауыс берген. Бұл шара қолға алынғанымен, никаб, паранжа киетінмен күрес әлі жалғасуда.
Германияда ішінара шектеу енгізілген. 2017 жылдан бастап, сот, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және әскери қызметтегілерге жұмыста ниқаб киюіне болмайды.
Еркін ел саналатын АҚШ-та киімнің мұндай түріне федералдық немесе штаттық заңмен тыйым жоқ. Штаттар оны Конституциядағы дін бостандығына қайшылыққа балайды.
Никабқа тыйым Еуропа елдерінде ғана емес, Ислам дінін ұстанатын мемлекеттерде де бар. Олар: Египет, Үндістан, Тунист, Индонезия, Марокко. Каир мен Нью-Дели жалпы білім беретін орындарда, Тунисте мемлекеттік мекемелерде, Джакартада мектеп, жоғары оқу орындары мен билік ғимараттарында киюге рұқсат етілмесе, Рабатта никабты киюге де, өндіру мен сатуға болмады.
2023 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанда бет-жүзін жасыратын киім киюге тыйым салынған. Қоғамдық орындарда паранжа мен никаб киген азаматтарға айыппұл белгіленген. Заңды бұзғандарға 445 мыңнан 890 мың сумға дейін (шамамен 405–810 доллар) ақы салу көзделген.
Қырғызстанда никаб киген келіншектер 230 доллар көлемінде айыппұл арқалайды. Айырқалпақты ағайындар орамал мен хиджабқа шектеу қоймаған.
Түркіменстан елінде никаб пен паранжаға қатысты арнайы заң болмаса да, әйелдердің исламдық үлгідегі киім киюіне бейресми шектеулер қатаң. Мемлекеттік мекемелерде және көпшілік іс-шараларда әйелдерден дәстүрлі түркімен ұлттық киім кию талап етілетіндіктен, бұл елде хиджаб пен ниқабқа күресу қажеттілігі туындамаған.
Тәжікстан билігі жанарды жабатын киімге 2024 жылы заң жүзінде шектеу қойған. Талаптарды бұзған жеке тұлғаларға шамамен 740 доллар мөлшерінде, лауазымды тұлғалар мен ұйымдарға одан бірнеше есе жоғары айыппұл салу көзделген.
Біздегі байлам
Қазақстанда никабқа заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау 2017 жылдан бері көтерілгенімен, 2025 жылы күшіне енді.
Норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына енгізілді.
Ел заңы бойынша қоғамдық орындарда бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім-кешектерді киюге рұқсат етілмейді.
Президент пәрменінен кейін Қазақстан мұсылмандары дін басқармасы ханафи мәзһабы бойынша никаб кию міндетті еместігі туралы пәтуа жариялады. Қажетттілік пен қауіпсіздік қамынан туған шешім туралы басқарма пікір білдірген.
Мәліметте: «Бұл шешім қандай да бір діни сенімді немесе жеке таңдауды шектеу үшін емес, ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігінен туындап отыр. Қазіргі таңда әлемнің көптеген елдері, оның ішінде мұсылман елдері де қауіпсіздік мақсатында осындай ұстанымды қабылдауда» делінген.
Өзгеріс дін еркіндігін шектемей ме? Бұл туралы заңгер Айбек Жанарыстанұлынан сұрадық.
– Керісінше, өз уақытында жүзеге асқан жөнді шешім. Еліміз ратификациялаған БҰҰ-ның «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінде»: «Дiнге сену немесе наным-сенімдерiн тұтыну еркiндiгi тек қана қоғам қауiпсіздiгін, тәртiптi, денсаулық пен имандылықты, сондай-ақ басқалардың негiзгi құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн заңмен белгiленген шектеулермен ғана шектелуi тиiс», – делінген.
Өзгерістегі заң талаптарын орындау үшін, медициналық мақсатта, төтенше жағдайлар кезінде, ауа райы қолайсыз болғанда немесе спорттық және мәдени шараларға қатысқанда бет-жүзді жабатын киім киюге рұқсат етіледі. Алайда әлі де толықтыратын тұстары жеткілікті, – дейді ол.
Заңгер никаб бүркеніш ретінде пайдалануға ең ыңғайлы киім үлгісі екенін айтады.
– Бет-жүзді тұтас жабу адамды идентификациялауға жол бермейді. Бұл қауіпті. Мысалдар жеткілікті. Иорданияда ер адамдар химар немесе никаб киіп, жүздеген қылмысқа барған. АҚШ-та бурка киімді банк тонаған ер адамның қылмысы әшкереленген.
2015 жылы Сауд Арабиясында никабқа оранған азамат мешітті жарған.
Өткен жылы Дағыстанда болған жағдай да ешкімнің есінен шыққан жоқ. Террористік топтың шіркеулерге шабуылы нәтижесінде 22 адам қаза тапты. 2017 жылы Иракта Мосул қаласын ДАИШ террористік ұйымынан босатқаннан кейін аман қалған террористер никаб киіп, Ирак армиясы мен тұрғындарға шабуыл жасауға, қашуға әрекет жасаған.
Елімізде 2016 жылы Ақтөбедегі теракті қаншама тамырға балта шапты, – дейді сөзінде.
Ендігі мәселе – заң талаптарын түсіндіру мен ақпараттандыру.
Әзірге бетін тұмшалайтын киім киген ел азаматтарына қарсы айыппұл салу немесе жазаға тарту шарасы қарастырылмаған. Соған қарамай, қоғамдық орындарда бұндай киім кигендер әлі де кездесуде. Тәртіп сақшылары олардың бейнелері анықталмаса, мемлекет қорғай алмайтындықтарын айтып, жеткізуде.
Жыл ішінде елімізде адамның бет-жүзін танитын 19 мың камера орнатылған. Олардың қауқары қандай? Бәріне уақыт төреші. «Сақтықта қорлық жоқ» деген тәмсіл қазіргі уақытта негізгі қажеттілікті ұғындыруда.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
20 қыркүйек 2025 ж. 32 0

Қырмандағы қызу еңбек

20 қыркүйек 2025 ж. 21

Никабты шешуге не негіз?

20 қыркүйек 2025 ж. 33

Қайран, қарт, қорғаның кім?

20 қыркүйек 2025 ж. 28

Мейірім аңсаған ақсақал

20 қыркүйек 2025 ж. 22

Қиясы биік қаламгер

19 қыркүйек 2025 ж. 159

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930