Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыдан елордаға: жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке

Қазалыдан елордаға: жұрт көңілінен шыққан жәрмеңке

Екі күн қатарынан елорданың төрі күйбең тіршілік, абыр-дабыр қозғалыспен басталды. Өйткені тұрғындар үшін молшылық мерекесі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Азық-түлік тиеген көліктер өз өнімдерін пұлдауға барды. Қас қағым сәтте халық белгіленген орынға жиналып, қызу сауда болды. Иә, өнім бағалары күнделікті сауда орындарындағы бағамен салыстырғанда едәуір төмен, яғни тұрғындар үшін өте тиімді еді.

Елорда тұрғындарына Сыр өңірінің брендіне айналған ақ күріші, балығы мен ас тұзы, қауын-қарбызы және ұлттық сусындар жеткізілді. Онда 80-ге жуық Сыр диқандары мен тауарөндірушілерінің құны 270 миллион теңге болатын 600 тоннадан астам өнімдері ұсынылды. Атап айтқанда, 300 тоннадан астам күріш, 6 тонна ет өнімдері, 30 тоннадай балық өнімдері, 80 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 180 тонна бақша өнімдері, 3 тонна ас тұзы, 15 тоннаға жуық сүт және кондитер өнімдері бар. Келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлау үшін Сыр өнерпаздары концерт те қойды.
Жәрмеңке «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы Қарқаралы тас жолында өтті. Елорда төріндегі жәрмеңкеге Қазалы ауданының ауыл шаруашылығы өнімдері де жеткізіліп, арқа төріндегі ағайынға тиімді бағада ұсынылды. Әсіресе брендке айналған «Қазалы» конфеті мен «Дәмді» сүт өнімдері көпшіліктің сұранысына ие болды. Ауданнан барлығы 40 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері апарылды. Оның ішінде күріш өнімі 15 тонна, балық өнімдері 11 тонна, сүт өнімдері 8,8 тонна (сүт, айран, сүзбе, қаймақ, құрт), 200 келі шұжық пен 1 тоннадан астам Қазалы конфеті және басқа да бау-бақша өнімдері жеткізілді.
Айта кеткен жөн, Қазалыда ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйым­дас­тырылды. Әйтеке би кентіндегі «Нұршуақ» автобекетінде өткен жәрмеңкеде тұрғындар ауылдық округтерден әкелінген өнімдерді 10-15 пайызға арзандатылған бағамен сатып алды. Бұл жолғы жәрмеңкеге ауылдардан 18 автокөлікке тиелген 30 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Атап айтар болсақ, 10 тонна қауын-қарбыз, 5 тонна асқабақ, 4 тонна картоп, 2 тонна күріш, шұбат пен қымыз, 1 тонна балық өнімдері ұсынылды. Жәрмеңкеге тіпті аудан тұрғындары үшін қысқы мал азығы мен ұсақ малдарда әкелінді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Барлығы да арзандатылған ауыл өніміне қызығушылық танытты. Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттауды мақсат тұтқан шара алдағы уақытта да жалғасады.
Аймақтың аграрлық саласында бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Осы жылдың 8 айында ауыл шаруашылығында 58,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 2,1 пайызға артқан. Жалпы биыл 190 мың гектарға жуық жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, негізгі дақыл күрiштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Егісті әртараптандыру бағытында 2,6 мың гектарға, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы 4,4 мың гектарға дақылдар егілген. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында диқандарға су қажетті деңгейде жеткізіліпті. Шаруашылықтар күтіп-баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізілген. Егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген. Қазір облыста егін жинау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 50,3 мың гектары орылып, 42,7 мың гектары бастырылыпты. Әр гектардан орташа есеппен 52,1 центнерден өнім алынуда.
Ал мал шаруашылығын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жолға қойылып, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда ірі қара мал басы 36,6 пайызға, қой мен ешкі 22,3 пайызға, жылқы 0,1 пайызға, түйе 4,3 пайызға, құс 7,7 пайызға көбейген. Сонымен қатар, өңірдің экспорттық әлеуеті де артқан. Бүгінде Сыр елінің ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 16 мемлекетіне экспортталуда. Экспортталған өнімнің басым бөлігі – күріш. Ол Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Тәжікстан, Украина, Моңғолия, Өзбекстан және Ирак мемлекеттеріне жөнелтілуде.
Молшылық мерекесі осылайша көтеріңкі көңіл-күймен өте шықты. Ең бастысы, тұтынушы да, сатушы да дән риза. Мұндай жәрмеңкелер азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосса, бір жағынан жаз бойы еңбек еткен шаруаларға да серпін берген секілді. Сондықтан осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру өңір тұрғындарының әлеуеті үшін үлкен демеу болары хақ.


Айнұр ӘЛИ

01 қазан 2024 ж. 73 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 54

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 65

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031