Ауданнан жеткен жәрмеңке
Сыр бойының төрі күйбең тіршілік, абыр-дабыр қозғалыспен басталды. Себебі тұрғындар үшін молшылық мерекесі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Азық-түлік тиеген көліктер өз өнімдерін пұлдауға барды. Қас қағым сәтте халық белгіленген орынға жиналып, қызу саудаға түсті. Өнім бағалары күнделікті сауда орындарындағы бағамен салыстырғанда едәуір төмен, яғни тұрғындар үшін тиімді еді.
Қазалылықтар қала тұрғындары мен қонақтарын қыс айының алғашқы күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен қуантты. Жәрмеңкеде барлығы 70 тоннаға жуық күріш, ет, балық, бақша дақылдары мен сүттен жасалған түрлі табиғи таза өнімдер нарықтан төмен бағада ұсынылды. Азық-түлік өнімдерімен қоса Қазалының брендіне айналған «Қазалы кәмпиті» келушілерге молынан ұсынылды.
Күннің суығына қарамастан, сауда алаңына келген халықтың қарасы қалың. Қала тұрғындары жәрмеңкені асыға күтетінін айтып, мұндағы төмен бағаға дән риза екенін жеткізді.
Сонымен қатар Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жәрмеңкені аралады. Шаһар басшысы сауданың қалай ұйымдастырылғанымен танысып, жәрмеңкеге келген халықпен әңгімелесті. Қала тұрғындарының пікірі бойынша оңынан болды. Олар бұл жәрмеңкенің халық үшін көрсетілген үлкен қолдау екенін жеткізді. Себебі мұнда барлық өнімдерді базар нарығынан төмен бағаға сатып алуға болатын еді. Сол үшін тұрғындар арзандатылған ауыл өніміне қызығушылық танытты. Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттауды мақсат тұтқан шара алдағы уақытта да жалғасады деген сенім бар.
Аймақтың аграрлық саласында бәсекеге қабілетті өнім өндіру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жолға қойылған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында аймақтың ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Осы жылы егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Аталған дақылдардан алынған өнім өткен жылмен салыстырғанда біршама жоғары. Мәселен, 951 гектар көкөністен 13219 тонна және 32 гектар картоптан 384 тонна, 1118 гектар бақшадан 16211 тонна өнім жиналды. Аудан бойынша күтімге алынған 6200 гектар күріштің әр гектарынан – 40,4 центнер өнім алынып, барлығы 25047 тонна астық ел қамбасына құйылды. 2023-2030 жылдарға арналған ротациялық кестеге сәйкес аудан бойынша 2025 жылы барлығы 17089 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда.
Молшылық мерекесі осылайша көтеріңкі көңіл-күймен өте шықты. Ең бастысы, тұтынушы да, сатушы да дән риза. Мұндай жәрмеңкелер азық-түлік бағасын тұрақтандыруға үлес қосса, бір жағынан жаз бойы еңбек еткен шаруаларға да серпін берген секілді. Сондықтан осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру өңір тұрғындарының әлеуеті үшін үлкен демеу болары рас.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ