Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түйе бағу – тиімді кәсіп

Түйе бағу – тиімді кәсіп

Бүгінде ел алдында басты ресурс – ауыл шаруашылығы арқылы сұраныс талабына сай органикалық, экологиялық таза өнім өндіру әлеуетін жақсарту міндеті тұр. Қажеттілікті қамтамасыз етуде шағын және орта бизнеске қолдау арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де артуда. Ақсуат ауылында тұратын Айсәуле Көшербаева мемлекет ұсынған мүмкіндік арқасында кәсібін бастаған жан.
Ауыл тұрғынының таңдауы төрт түліктің төресі түйе малына түсіпті.
«Бизнес бастау ісіне кездейсоқ келдім. Көп жылдан бері шұбат өндірумен айналысып келеміз. Өткен жылы мал басы аз болып қалып, қосымша аналық түйе сатып алу туралы ойланып жүргенбіз. Сол кездері кәсіп етемін деушілерге арналған қайтарымсыз грант беріліп жатқандығын оқып білдік. Хабарды естіп, ауыл әкімдігінің осы саламен айналасатын маманына жолығып, пікірімді айтып едім, құптады. Өтінім жіберіп, құжаттарды дайындау, бизнес жоспар жасау ісіне көмектесті. Арнаулы комиссия тарапынан жоспарымыз қолдау тауып, іріқара санын көбейтіп отырмыз», – деп бастады әңгімесін.
Алғашында «Қалай болады екен?» деп қобалжыған келіншек қайтарымсыз несие арқылы кәсіп жасау үлкен мүмкіндік екенін ұғынған.
Айсәулемен бірге өтінім берген округеті азаматтардың өзгелері сиыр малын алады.
«Алып жануарды, күтіп баптау қиын емес пе?» деген сұрағымызды қойдық.
«Түйені ата-бабаларымыз байлыққа санаған. Керісінше, Ойсылқара түлігі негізінен жайылымда, күтімді, құнарлы азық пен жылы, жайлы қораны аса қажетсінбейтін малдың түрі. Басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді», – деп жауап берді.
Есін білгеннен мал шаруашылығының шашауын шығармаған атасы Сәрсенбай, әжесі Күлжәмиламен жаз жайлау, қыс қыстауда өскен қыз үшін төрт түлік жайы таныс. Жарты ғасыр совхоз қойын бағып, әкесінің жолын жалғаған аға шопан Бітімбай Сәрсенбаев пен шопан көмекшісі Жанат Сәрсенбаеваның отбасында дүниеге келуі де танымын тереңдетуге ұмтылдырады.
1986 жылы сыныптасы Ербол деген азаматпен шаңырақ көтереді. Келген жері де мал шаруашылығымен айналысатын отбасы. Ата-ене қолында қызмет етіп, алғысын алған келін түзде жұмыс істеген жолдасына қарамай, үйге де қора-жайға да ие болады.
Төрт баланы дүниеге әкелген ерлі-зайыптылардан ата-енесі де көмегін аямайды.
«Сиыр, ешкі, түйе сауу деген малыш баласы үшін таңсық дүние емес. Бала күннен үйренген ісімізді әлі күнге дейін жалғастырудамыз. Келін болып түскенде фермада тұрдық. Сол кезде Байқоңыр қаласы, Төретам кенті, кейде Ақсуатқа келіп, шұбат, сүт, құрт сататынбыз. Сол ізден қол үзген жоқпын. Тек тұтынушылар ауылдан табылып отыр. Қазір көлік бар. Телефонмен тапсырыс алып, қажет жерге, қажет уақытта сұранысын жөнелте аласың», – дейді әңгімесінде.
Түйе аз төлдейтін жануар десе де сүтті, етті, жүнді. Қазір байлаудағы мая мен аруаналарды көктемде күніне 5 ретке дейі сауса, қазір 3 рет сүт сауылады.
«Бұл кездегі сүттер қою болады», – деді кейіпкеріміз ботасын енесіне жақындатып жатып: «Өнімі өтімді. Ешқашан сұраныссыз қалған емес. Көктемде құрт жасаймын. Күн суығанда сүт пен шұбат сұраушылардан арылмайды. Бергісі ауыл, арғысы Астана, Ақтөбе, Орал, Қызылордада тұрақты тапсырыс берушілерім бар. Қыста етін сойып аламыз. Жүнін қабылдаушылар алып кетеді».
«Шұбат – қуат» дейді бабаларымыз. Түйе сүті құрамында амин қышқылдары, кальций, фосфор, D дәрумені және басқа да пайдалы заттар барын бүгін ғылым дәледеген. Иммундық жүйені нығайтып, қандағы глюкоза деңгейін төмендетіп, сүйек, жүрек, бауыр қызметтеріне оң әсер етеді. Алушылар талабы да әртүрлі. Біріне ащы шұбат керексе, бірі тұщысын қалайды. Баратын жеріне орай, қандай күйде жетуі қажеттігін біліп алған кәсіпкер, сондай етіп дайындап беруге маманданған. Денсаулықтарын дұрыстау мақсатында үйіне келіп ішетіндердің де жағдайларына орай да дайындалады. Көбіне ата-аналар жас балалардың буындары мен сүйектерін қатайтып, жетілдіру үшін алып берсе, үлкендер жағы асқазан, ішек ауруларын дұрыстау, қан қысымын төмендету үшін тұтынады екен. Бір ғажабы, бұл сусын ашыған сайын шипасы артатынымен құндылығын білдік. Енесінің үлгісін батысқазақстаннан келген келін де меңгеріп үлгеріпті. Ауылдағы балабақшада медбике болып жұмыс істейтін Гүлжүзім Нұрғалиева түйе сауу, шұбат дайындау ықыласты адамға аса қиынға соқпайтынын айтады.
«Жақында клубта өткен шұбат фесивалінде 7-8 шұбат өндіруші өнімінен ауыл адамдары дәм татты. Бір шұбаттың дәмі екіншісімен бірдей болмайды. Әрбірінің өз дайындау әдісі бар.– дейді дәстүрлі саланы дәріптеген Айсәуле.
Маманнан шұбатты ішу уақыты туралы да сұрадық.
«Қазақ халқы жаз мезгілінде жиі пайдаланатын сусындардың бірі – шұбат. Үлкендер оны жатар алдында ішу керек дегенді айтатын. Мәселен түскі, кешкі ұйқы алдында ішуге болды. Ішіп, ыстықта сыртқа шығып кету кейде қан қысымын көтеруі мүмкін. Өнімнің сол түріне, не жалпы сүт өнімдеріне аллергиясы бар жандар болмаса, мезгілдің қай кезіне қарамай, барлығына ішу пайдалылы».
Табиғаты қатал Қызылорда өңірінде тұщы су көздерінің азайып, жайылымдарының тарылып, климатының құрғақтығы аграрлық сектордың дамуын шектеуде. Бұл орайда мал санын артырып, таза табиғи өніммен тұрғындарды қамтамасыз етуде түйені көбейту – мал шаруашылығында экономикалық ең тиімді саласы болып отыр.
«Өзін табудың, баюдың жеңіл жолын іздеп, ең құнды ресурсы – уақытын, қолында бар аз ақысын жоғалтып жүрген адамдарға таң қаламын. Біз ертеден еңбекпен есейген халықпыз. Әр үйде түрлі қол еңбегімен жүзеге асырылатын жұмыстар атқарылды. Сол сияқты әр адамның өмірге келгенімен бірге өзіндік қабілеті болады. Сол қабілетін шыңдап, жұмыс істесе, ешкім табыссыз қалмайды. Соны өрістет де, дамы», – дейді Айсәуле Бітімбайқызы.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
09 қыркүйек 2025 ж. 24 0

Түйе бағу – тиімді кәсіп

09 қыркүйек 2025 ж. 25

Жолдар жаңарып, жаңғыруда

09 қыркүйек 2025 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930