Көкпар үшін аттың жақсысы, жігіттің жүректісі керек
Мұхамет БЕГІМОВ: Аудандық «Жаппай көкпар» федерациясының президенті: Көкпар үшін аттың жақсысы, жігіттің жүректісі керек
Ұлттық спорт ойындарының көрігін қыздыратын, көрермені көп спорт – ат үстіндегі дода. Қазір аттың құлағында ойнаған жігіттердің байрақты бәсекедегі бәсі мықты. Жорға үстіндегі жаһангерден бөлек, аталмыш спорт үшін тақым қысқан жандар көп. Жаттықтырушы, атбегі, жанашыр жандар да бар. Соңғы жылдары елде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамуда. Бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып, спортшылар жоғары нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Сөзімізге дәлел, облыс бойынша «Жаппай көкпар» ойындарынан Қазалы ауданы «Үздік жас өңір» аталымына ие болған еді. Аудандағы көкпар аталған ұлттық спорттың бүгінгі тынысы ат сүйер қауымға қызық екені күмәнсіз. Осы орайда аудандағы «Жаппай көкпар» федерациясының президенті Мухамет Бегімовпен сұхбат құрып, аз-кем әңгімелескен едік.
– Ұлттық спортты түлетуде аудан да қалыс қалған емес. Жыл сайын түрлі жетістікке жетіп, бәйгелерде жүлделі болып жүр. Оның ішінде көкпар тартып, жылқы баптайтын жігіттердің қазіргі жайы қалай?
– Ұлттық спорт жігіттерге қанмен сіңген, сонау көшпенділердің жауынгерлік өнері саналатын төл спортымыз. Енді сол төл спортымыздың айналасындағы жігіттер Тараз қаласында өткізілген ҚР Чемпионатында аударыспақтан 87 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге, облыстық Алтын күз спартакиадасында аударыспақтан жалпы командалық есепте екінші орынға қол жеткізіп, республикалық Ақ бидай ауыл спортшылары спартакиадасына 2 спортшымыз жолдама алды. Жігіттер күнделікті спорт жаттығуларымен қатар ат баптау жұмыстарымен айналысуда.
– Кейінгі жылдары көкпар ел ішінде едәуір қарқын алды. Дегенмен оның кісі біле бермейтін күрмеуі бары анық. Айтыңызшы, сіз осы көкпар федерациясын басқарғалы «әттеген-ай» деген сәттер болды ма?
– Ауданда көкпар басқа өңірлерге қарағанда сәл кештеу дамып келе жатыр. Нақты жүйеге түсіп кетуге шешілген де, шешілмеген де мәселелер жеткілікті. Қарапайым қорадағы жылқы баптаудан бастап, транспартировка, көкпар өткізілетін жергілікті әкімдіктерден рұқсат алу тағы басқа да мәселелер жеткілікті. Бірқатар мәселелердің шешілуі қаржыға келіп тіреледі. Көбіне көкпар ауданның көкпар жанашырларының арқасында өткізіледі. Алдағы уақытта көкпар жанашырлары көбейеді деген үміттеміз.
– Қазалылық көкпаршылардың жақсы есімі ел аузында жүргені мәлім. Жалпы аудан намысын қорғайтын қанша көкпаршы бар? Олардың шымырлығы мен шыныққандығы туралы не айтар едіңіз?
– Ауданымызда 40-қа жуық көкпаршы жігіттер бар. Облыстық деңгейдегі көкпар сайыстарына барлығы қатысып атсалысуда. Сонымен қатар көкпарға қызығушылығы мол жас жеткіншектеріміз де бар. Ол жігіттер де болашақта аудан намысын қорғайтын шабандоз болары анық. Олар жас шабандоздардан жақында ғана құрылған «Жас Барыс» көкпар командасында дайындығын шыңдауда. Шымырлығын, ептілігін арттырып жүр. Жалпы көкпар үшін аттың жақсысы, жігіттің жүректісі керек.
– Ойын кезінде палуандар жарақат алуы әбден мүмкін. Біздің көкпаршылар сондай жарақат алған жағдайда федерация тарапынан қандай әрекет жасалады?
– Әр сайыс, әр дайындық басталар алдында шабандоздарға арнайы нұсқаулық жүргізу жұмыстары атқарылады. Және ұлттық спорт бойынша қандай жарыстар өткізілсе де міндетті түрде жергілікті әкімдіктің рұқсатымен жедел жәрдем, полиция қызметкерлерінің бақылауымен жүргізіледі. Біздің федерация тарапынан тек алдын алу шаралары жасалады.
– Аудан жастарының, жеткіншектерінің көкпарға қызығушылығы қалай?
– Аудан жастарының, жеткіншектерінің ұлттық спорттан өткізілген жарыстар кезінде көрермен, сайысқа қатысушы болып көптеп атсалысатыны жоғары қызығушылықтың дәлелі десем болады. Ал жеткіншектер командасына келсек, әрине, қызығу бар, ынта бар. Тек көбінде ат жоқ, ат ұстайтын атқора жоқ. Қазір жер-жерге түрлі спорт кешендері салынуда. Мемлекет тарапынан солай әр ауданға бір-бірден жалпылама атқора салынып, ұлттық спортқа қолдау жасалса деген ниет қой біздікі. Сонда жергілікті балалар сонда дайындалып, ұландардың ұлт намысын қорғауда жігеріне жігер құяр ма еді?!
– Көкпар ойынының бір кезеңіне әр командада неше салымшы, неше жерден ілуші болуы керек? Олар футболдағыдай өз позицияларында тұруы керек пе? Жоқ, әлде, араласып ойнап, ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып атқаруы керек пе?
– Әрине, кез келген сайыс болған жерде арнайы ереже мен тактиканың болуы заңдылық. Ал көкпар кезінде жалпы 12 адам алаңға төртеуден алмасып шабуылшы және қорғаушы позициясында өнер көрсетеді. Қазір ауданымызда командалық ойын ойнау жақсы дамып келе жатыр. Жекпе-жектегілердің астындағы аты да жекпе-жектен тайсалмайтын тұлпар болғаны абзал.
– Жалпы ауданда көкпардың атын баптайтын жақсы атбегілер бар ма?
– Иә, көкпар атын баптау да бір зергерлік жұмыс десем болады. Аттың денсаулығын бақылауда ұстап, жақсы күйінде яғни формада болуын жіті қадағалап отырмаса аттың сыр берері анық. Ауданымызда осы көкпар жанашыры болып ат баптап жүрген жігіттер жеткілікті. Ол жігіттерге әрдайым федерация тарапынан алғыс айтып, байланыста отырамыз. Себебі ұлттық спортта шабандоз бен тұлпар ат үндестік таба білуі керек.
– Көкпардың сәйгүлігі үшін ең басты шарт қандай? Жылқының жылдамдығы ма, күштілігі ме, әлде ептілігі ме?
– Көкпар атқа жылдамдық та, күш те және ең бастысы жүрек те керек. Осы қасиеттер бойынан табылған ат жақсы нәтиже көрсетеді. Серкені жерден ілген ілгіште жалғыз мақсат – ол тақымындағы серкені қазандыққа тоғыту, салым салу. Бір көрмеден көріп, ойынның бұл құпияларын ешкім анықтай алмайды. Алайда ойнаған адамға түсіну оңай. Біз әр командаға өздерінің қабілеттеріне қарай түрлі тактика қоямыз. Мың жерден палуан мықты салымшы болса да, астындағы аты дұрыс таңдалмаса, онда пайда жоқ. Ал аттың жүректілігі, жүйріктігі жеңіске кепілдік береді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айнұр ӘЛИ