Шабандоздар шаң қаптырды
Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта ауданда жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып, спортшылар жоғары нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Сөзімізге дәлел, жақында облыс бойынша «Жаппай көкпар» ойындарынан Қазалы ауданы «Үздік жас өңір» аталымына ие болды.
Ұлттық спорт ойындарының көрігін қыздыратын, көрермені көп спорт – ат үстіндегі дода. Қазір аттың құлағында ойнаған жігіттердің байрақты бәсекедегі бәсі мықты.
Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Тәуекелге толы ойыннан үздік атанған шабандоздар ел ішінде қашан да зор қошеметке ие болып жүр. Жорға үстіндегі жаһангерден бөлек, аталмыш спорт үшін тақым қысқан жандар көп. Үздік көкпаршыларға қанат бітіріп, дала додасына дайындайтын көкпар жаттықтырушылары да бар.
– Қазақтың басын қосуға, елі мен жерін жаудан азат ету мақсатында шыққан көкпар ойыны алғашында әскери жаттығудың бір түрі ретінде өткен. Ал бертін келе бейбіт заманда елдің ас-жиын тойларында өтетін ұлттық ойынға, ұлттық дәстүрге айналған. Сондықтан да көкпар – қазақ халқының төл туындысы, ұлттық құндылығы, ат спорты ойындары ішіндегі ең ұлысы. Біздің ауданның көкпаршы жігіттері талай додада бақ сынап, түрлі доданы ұйымдастырудан қалыс қалған емес. Соның нәтижесі міне, аймақта «Үздік жас өңір» аталымын иеленіп отырмыз. Сонымен қатар палуанымыз Аманжол Аяп облыста «Үздік палуан» номинациясын иеленді, – дейді аудандағы «Жаппай көкпар» федерациясының президенті Мухамет Бегімов.
Айта кеткен жөн, ауданда ауыл азаматтары ат спорты бойынша жылдың әр мезгілінде түрлі шаралар өткізуді дәстүрге айналдырған. Түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан жарыстардан тыс қалмай, аудан мерейін асырып жүр.
Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ