Еңбек кітапшасы жоғалса не істеу керек? Зейнетақыға әсері қандай

Зейнетке шығар сәтте еңбек өтіліне қатысты қиындыққа тап болмау үшін ертерек қамданған жөн.
Себебі құжаттарын жинап, төлем рәсімдеуге келгенде еңбек өтілінің бір бөлігі есепке алынбаған немесе зейнетақы көлемі күткеннен әлдеқайда төмен болып шығатын жайттар аз емес. Мұндай жағдайдың ең жиі себептерінің бірі – еңбек кітапшасының жоғалуы немесе ондағы деректердің қате толтырылуы.
Көп жыл бойы еңбек кітапшасы адамның жұмыс өтілін дәлелдейтін негізгі құжат болып келді. Сондықтан оның жоғалуы кей жағдайда ондаған жылдық еңбекті қайта дәлелдеуге мәжбүр етеді. Әсіресе еңбек жолын электронды жүйе енгізілгенге дейін бастаған азаматтар үшін бұл мәселе әлі де өзекті.
Еңбек өтіліне не кіреді?
Қазақстанда еңбек өтіліне міндетті зейнетақы жарналары аударылған ресми жұмыс кезеңдері енгізіледі, яғни Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарна түскен әр ай есепке алынады.
Сонымен қатар қосымша жұмыс, егер заңды түрде рәсімделсе, еңбек өтіліне кіреді. Бұдан бөлек, қоғам үшін маңызды саналатын кей кезеңдер де өтіл ретінде есептеледі. Олардың қатарында әскери қызмет, жүктілік пен босануға байланысты демалыс, бала күтімі, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу уақыты, сондай-ақ мүгедек немесе қарт туысын күту кезеңдері бар.
Алайда мұндай уақыттарды растайтын құжаттар міндетті түрде болуы керек. Мысалы, әскери билет, баланың туу туралы куәлігі немесе тиісті анықтамалар қажет.
Кәсіпкерлікпен айналысқан азаматтардың да еңбек өтілі есептеледі. Бірақ ол үшін жеке кәсіпкер өзі үшін зейнетақы жарналарын тұрақты аударып отыруы тиіс. Азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы істелген жұмыс та жарна төленген жағдайда өтілге енгізіледі.
Ал бейресми жұмыс, еңбек шартынсыз қызмет ету немесе зейнетақы аударымы жасалмаған кезеңдер есепке алынбайды.
Неліктен еңбек кітапшасы әлі де маңызды?
2021 жылдан бастап Қазақстанда еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай электронды жүйесі енгізілгенімен, қағаз еңбек кітапшасының маңызы жойылған жоқ.
Әсіресе ұзақ жыл еңбек еткен азаматтар үшін бұл құжат әлі де негізгі дәлел саналады. Егер кітапша жоғалса, электронды базаға дейінгі еңбек өтілі есепке кірмей қалуы мүмкін. Соның салдарынан азаматқа ең төменгі мөлшердегі зейнетақы тағайындалуы ықтимал.
Мәселені қиындататын тағы бір жайт – еңбек кітапшасы жоғалған жағдайда нақты жүгінетін бір орталық орган жоқ. Адам бұрынғы жұмыс берушілерге, архивтерге және түрлі мекемелерге өз бетінше сұрау салуға мәжбүр болады.
Бұдан бөлек жоғалған еңбек кітапшасының түпнұсқасын қалпына келтіру мүмкін емес. Оның орнына тек дубликат рәсімделеді және оған барлық дерек қайта енгізіледі.
Еңбек кітапшасын қалай қалпына келтіруге болады?
Ең алдымен жаңа еңбек кітапшасының бланкін сатып алу қажет. Одан кейін адам бұрын жұмыс істеген мекемелерге кезекпен жүгініп, еңбек өтілін растайтын мәліметтерді қайта енгізуі керек.
Алайда тәжірибеде бәрі бірдей оңай бола бермейді. Кей компаниялар әлдеқашан жабылып кеткен болуы мүмкін. Кейде архивте қажетті құжаттар сақталмайды немесе меншік иесі ауысқан кезде жоғалып кетеді.
Егер ұйым жабылған болса, оның құқықтық мирасқорларын немесе мемлекеттік архивті іздеуге тура келеді. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы мемлекеттік архивке сұрау жолдап, еңбек қызметіне қатысты анықтамаларды алуға мүмкіндік бар.
Ал архивтен де дерек табылмаса, мәселе сот арқылы шешіледі.
Егер еңбек кітапшасын жұмыс беруші жоғалтса...
Заң бойынша еңбек кітапшасы жұмыс берушінің кінәсінен жоғалса, оны қалпына келтіру міндеті де сол мекемеге жүктеледі. Егер жұмыс беруші мұны орындаудан бас тартса, қызметкер сотқа жүгінуге құқылы.
Дегенмен еңбек өтілін дәлелдейтін анықтамалар мен құжаттарды жинауға бәрібір қызметкердің өзі қатысады. Бұл ретте еңбек шартының көшірмелері, жұмысқа қабылдау немесе босату туралы бұйрықтар, жалақы ведомостары және басқа да жанама құжаттар көмектесуі мүмкін.
Жиналған құжаттардың негізінде қазіргі жұмыс орнындағы кадр бөлімі еңбек кітапшасының дубликатын рәсімдейді.
Қандай жағдайда сотқа жүгінуге тура келеді?
Кейде еңбек өтілін сот арқылы ғана дәлелдеуге болады. Мұндай жағдайда азамат белгілі бір кезеңде нақты мекемеде жұмыс істегенін анықтау туралы талап арыз береді.
Әдетте сотта бұрынғы әріптестердің куәлігі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар адам архивтер мен жұмыс берушіден қажетті ақпарат табылмағаны туралы анықтама алуы тиіс.
Қазір мұндай талап арызды «Сот кабинеті» сервисі арқылы онлайн беруге болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба жеткілікті.
Егер сот еңбек фактісін растаса, бұл шешім еңбек өтілін есепке енгізуге негіз болады. Одан кейін азамат зейнетақыны қайта есептеуге өтініш бере алады.
Еңбек өтілін тағы қандай құжаттар дәлелдей алады?
Еңбек кітапшасынан бөлек, еңбек өтілін растайтын басқа да құжаттар бар. Олардың қатарында еңбек шарттары, жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, жалақы төлемдері туралы ведомостар, БЖЗҚ-дан алынған үзінді көшірмелер, әлеуметтік аударымдар жөніндегі мәліметтер мен архив анықтамалары бар.
Бұл құжаттардың барлығы кейін зейнетақыны қайта есептеу кезінде пайдаланылуы мүмкін. Ол үшін азамат ХҚКО-ға жеке куәлігімен және қолындағы барлық құжаттарымен жүгінеді. Әдетте қайта есептеу 8-10 күн ішінде жүргізіледі.
Мамандар еңбек кітапшасын жоғалтып алмау үшін алдын ала сақтық шараларын жасауды ұсынады. Атап айтқанда, құжаттың көшірмесін немесе скан-нұсқасын сақтау, еңбек шарттарын тастамау, зейнетақы аударымдарын тұрақты тексеріп отыру және eGov жүйесіндегі мәліметтерді бақылау маңызды.










