Қазақстанда азаматтар шаңырақ көтеруге асықпайтын болған
Фото: depositphotos.com15 мамыр - Халықаралық отбасы күні. Ұлттық статистика бюросы кейінгі 10 жыл ішінде қанша жұп шаңырақ көтергені жөнінде мәлімет жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Нақты көрсеткіш қандай?
2015 жылмен салыстырғанда 2025 жылы тіркелген неке саны 148,8 мыңнан 116 мыңға төмендеген. Осылайша, он жыл ішінде неке саны шамамен 22 пайызға азайған.
Некелесу коэффициенті де төмендеген. 2015 жылы 1000 адамға 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69 болды.
Өңірлер бойынша
Өңірлер арасында некелесу коэффициентінің ең жоғары деңгейі Астанада тіркелген, 1000 адамға шаққанда 6,75 неке. Ең төмен көрсеткіш Қызылорда (5,06), Батыс Қазақстан облыстарында (5,1) байқалған.
Бұл факторға не әсер етіп отыр?
Кейінгі 20 жылда некеге тұрғандардың ең жоғары көрсеткіші 2012-2013 жылдарға тиесілі, бұл мерзімде 1000 адамға шаққанда 9,8-9,9 неке тіркелген. Салыстырмалы түрде 2005 жылы некелесу коэффициенті 8,12 болған.
"Неке саны төмендеуіне әсер еткен факторлардың бірі - демографиялық толқын. 1990 жылдардың соңында туған ұрпақ отбасы құратын жасқа жетті, бұл кезеңде елдегі туу көрсеткіші айтарлықтай төмен болған. Сонымен қатар, азаматтар арасында некеге кеш тұру үрдісі байқалады. Кейінгі 10 жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлерде 0,7 жылға, әйелдерде 0,6 жылға ұлғайып, 2025 жылы 27,9 және 25,3 жас болды", - деп жазылған хабарламада.











