Ардагерлер ардақталды
Қазалы қаласындағы кітапхананың жаңадан ашылған «Сoworking» орталығында 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай Семей атом полигонында әскери борышын өтеген ардагерлермен кездесу кеші өтті.
Осыдан 29 жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бүкіл әлемге белгілі Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл адамзат өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға ретінде қабылданды. 2009 жылдың 30 қазанында Қазақстан тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды ядролық қарудан бас тартудың Халықаралық күні деп жариялауды ұсынды. Ұсыныс қолдау тауып, содан бері бұл күн – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде аталып келеді. Бүгінде бұдан ширек ғасыр бұрын жойқын сынақтарға қарсы шыққан халықтық қозғалыстың арқасында Қазақстан ядролық қарусыз бейбіт өмірдің символына айналып отыр.
Киелі Қазалы халқы ядролық қару сынағының құрбандары мен дауасы жоқ дерттің ащы азабын көзбен көрген ардагерлерді ұлықтау, қадірлеп-құрметтеу бүгінгі буынның парызы санайды. Осы орайда ұйымдастырылған кездесу кешінде аудан әкімі М.Ергешбаев: «Қазіргі таңда Тәуелсіз Қазақстан Республикасы – ядролық қарудан түбегейлі бас тартқан, әлемдік қауіпсіздікті сақтау бағытында бастама көтерген беделді мемлекетке айналды. Адамзат баласына зор қауіп төндірген полигонның ауыртпашылығымен бетпе-бет келу арқылы Отансүйгіштік қасиетті дәлелдедіңіздер. Сол себепті сіздерді өскелең ұрпаққа үлгі етеміз, туған жердің елжанды азаматы деп мақтан тұтамыз», – деп Семей сынақ алаңында әскери борышын өтеген ардагерлерді Алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапаттады. «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Қазалы ауданы бойынша өкілі Ө.Күлімбетов қатысушыларды құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ