«НЕВАДА-СЕМЕЙ» антиядролық қозғалысының құрылғанына 35 жыл
Әйтеке би кенттік Мәдениет үйінде ядролық апатқа қарсы халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының құрылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты шара өтті.
Алдымен шараға қатысушылар «Жеңіс» саябағындағы «Невада-Семей» халықаралық қозғалысына қойылған ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойып, Семей сынақ алаңында әскери борышын өтеп қаза тапқан ардагерлерге құрметпен тағзым етіп, құран бағыштады.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының құрылғанына 35 жыл толу мерейтойымен құттықтады. Сонымен қатар сынақ алаңында әскери борышын өтеген ардагерлерді «Невада-Семей» антиядролық жарылысқа қарсы халықаралық қозғалысының 35 жылдығы» медалімен марапаттады.
Марапаттау рәсімінен кейін «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің Қазалы ауданындағы өкілі, ардагер Өмірбек Күлімбетов сөз алып, ел тарихындағы жасалған бұл қадамның маңызына тоқталды. Сондай-ақ Семей полигонының ардагерлеріне үнемі қолдау білдіріп жүрген азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып аудан өнерпаздары ардагерлерге арнап патриоттық тақырыптағы әндер орындады.
Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі