Балгер бағыңды аша ма?

Бақытын бал ашудан іздеген бойжеткен бар өмірін құрдымға жібергенін тым кеш түсінді. Жақындарынан көрмеген сенімді бейтаныс балгерден күтті. «Бағың байланған, жолың жабық» деген сөзге иланып, оңай олжа мен жеңіл шешімге ұмтылды. Ақыры үміті күйреп, үміт артқан үміткері де, қалтасындағы қаражаты да, ішкі тыныштығы да жоқ болды. Бұл – соңғы уақытта балгерлерге алданып, барынан айырылған жандардың басынан өткен нақты оқиғалардың бірі ғана. Күн санап көбейіп келе жатқан мұндай жағдайлар қоғамда алаңдаушылық тудыруда.
Расында, қоғамда орын алған түрлі әлеуметтік, экономикалық және рухани қиындықтар адамдарды әртүрлі жол іздеуге итермелейді. Бірі – тағдырын болжатып, болашағын білгісі келсе, екіншісі – өмірлік жолындағы тұйықтан шығар шешім іздейді. Бірақ шын мәнінде, балгер бағыңды аша ма? Бұл – көптің көкейінде жүрген, жауабы нақты емес, алайда маңызды сұрақ. Қазіргі таңда балгерлік пен көріпкелдік қызметтеріне жүгіну елімізде кең таралған құбылысқа айналды. Бұл жағдайдың себептері мен салдарын сараптап көрейік.
Психолог пайымы
Психологтар балгерлерге жүгінуді адамның эмоционалдық тұрақсыздығымен, өміріндегі тұрақсыз кезеңдермен байланыстырады. Адам тығырыққа тірелгенде, ақылдан бұрын сезімге, үмітке жүгінеді. Осы тұста балгерлік қызмет ұсынатын «үміт» – көпке жұбаныш, тіпті шешім тәрізді көрінуі мүмкін. Бірақ бұл «үміт» шындыққа жанаса ма? Әдетте балгерден көмек алған адам бір рет емес, бірнеше мәрте барып, тәуелділікке айналдырып жібереді. Бұл – қауіпті құбылыс. Бұл ретте психолог маманның пікіріне құлақ түруді жөн көрдік.
Ажар Серғазы, практик-психолог:
«Балгерге жүгіну – адамның үмітсіздік пен қорқыныш жағдайындағы реакциясы. Көбіне жеке өмірі, денсаулығы немесе қаржылық жағдайы қиындаған сәтте адамдар сенім артатын, жауапкершілікті өзінен тыс күшке жүктегісі келеді. Бұл – психологиялық қорғаныс механизмі. Балгерлер, әдетте, нақты шешім ұсынбай, жалпылама болжамдар береді. Бірақ олар адамның әлсіз сәтін пайдаланып, үмітін сатып, тәуелділік қалыптастырады. Мұндай «рухани ілмек» – қауіпті. Кей клиенттер ақша мен үмітінен ғана емес, өмірлік бағыты мен сенімінен де айырылып қалады. Кез келген дағдарысты жағдайдан шығу үшін алдымен эмоцияны басқару, нақты жоспар құру, қажет болса, кәсіби психологтың көмегіне жүгіну әлдеқайда тиімді. Балгерге сенім арту – шешім емес, уақытша иллюзия ғана »дейді маман.
Балгерге барып, бақ таппады
Балгерге алданып, кейін өкініш білдірген бұрымдының пікірін бөлісуді жөн деп таптық.
Өмірімде қиын кезең басталғанда балгерге бару туралы ойладым. Жеке өмірімде жолы«м болмай, жұмысымнан да қысқарып, күйзеліске түстім. Досым ұсынған бір балгерге бардым. Ол маған «бағың байланған», «түзетемін» деп, алдымен 20 мың теңге сұрады. Кейін тағы рәсім керек деді, 50 мың теңгемді алды. Одан кейін «туған күніңде арнайы дұға жасау керек» деп тағы ақша талап етті. Сөйтіп, 200 мың теңгеге дейін қаражатымды беріппін. Соңында ештеңе өзгермеді. Жақындарымнан қарыз алып, психологиялық жағынан әлсіреп кеттім. Қазір шын өкінемін. Балгер емес, білікті психолог немесе маманның көмегіне жүгіну керек еді. Бұл – алданған ақшамнан бұрын, уақытым мен үмітімнің күйреуі болды» деді балгерге барып, бақ таппағанын айтып, ашынған Армангүл есімді қазалылық ару.
Дін не дейді?
Исламда балгерлік пен көріпкелдікке сену – ширкке (Аллаға серік қосу) апаратын ауыр күнә саналады. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде: «Кімде-кім балгерге барып, оның айтқанына сенсе, оның намазы қырық күн қабыл болмайды» делінген. Бұл – мұсылманның сенімі мен амалына үлкен қауіп төндіретін әрекет.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балгерлік пен көріпкелдікті ислам дініне қайшы әрекеттер ретінде бағалайды және мұндай қызметтерден бас тартуға шақырады. Сондықтан Қазақстанда балгерлік қызметтерге қатысты нақты заңмен тыйым салынбағанымен, олар белгілі бір жағдайларда заң бұзушылық ретінде қарастырылып, тиісті жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Балгерлік – тек наным емес, сонымен бірге адамдардың әлсіз тұстарын пайдаланып пайда табуға ұмтылған алаяқтардың әрекет алаңы. Қоғамда саналы ойлауды қалыптастыру үшін мұндай заңнамалық қадамдар қажет болуы мүмкін. Алайда, бұл – діни сенім бостандығы мен азаматтық құқықтарды шектеумен ұштаспауға тиіс нәзік мәселе.
Заңнан аттау – залал
Қазақстанда балгерлік пен көріпкелдік қызметтеріне қатысты нақты заңнамалық тыйымдар жоқ. Дегенмен бұл қызмет түрлері кейбір жағдайларда заң бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін.
Егер балгер немесе көріпкел өз қызметі арқылы азаматтарды алдап, материалдық шығын келтірсе, бұл әрекет ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде қарастырылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ қоғамдық орындарда адамдарға еркінен тыс қызмет ұсыну, мазалау немесе алдау әрекеттері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 449-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктеледі.
Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылуы мүмкін екендігі қоғамда қанша айтылса да, адамдардың сенімін пайдаланып, материалдық шығынға ұшырататын жағдайлар жиі тіркелуде. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде ашық жарнама жасап, түрлі "қызмет" ұсынатын балгерлердің көбеюі де алаңдатарлық жайт.
Шетелдегі шектеу
Соңғы жылдары балгерлік пен сиқыршылыққа байланысты түрлі елдерде заңнамалық шектеулер енгізіліп келеді. Соның ішінде Тәжікстан ерекше назар аудартады. Ел билігі халықтың балгерлерге жүгіну үрдісін алаңдатарлық деңгейде деп танып, оған қарсы нақты шараларды қолға алған.
2024 жылы Тәжікстан Парламентіне енгізілген заң жобасы бойынша, балгерлердің қызметіне жүгінген азаматтарға айыппұл салу ұсынылды. Яғни, тек бал ашқан адам ғана емес, оған барған клиент те жауапқа тартылады. Заң жобасына сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне жаңа бап енгізіліп, көріпкелдер мен балгерлердің «қызметін тұтынушылар» 750 сомониге дейін (қазіргі курс бойынша шамамен 44 мың теңге) айыппұл төлейтін болады.
Бұл шешім елдегі алаяқтық пен діни наным-сенімдерді коммерцияға айналдыру әрекеттерінің алдын алу мақсатында қабылдануда. Себебі, Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, тек 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында балгерлік пен сиқыршылыққа қатысты 495 құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Бұл – мемлекет деңгейінде алаңдауға тұрарлық көрсеткіш.
2023 жылы Тәжікстанда балгерлікпен айналысқан тұлғаларға 80-100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 10-15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы белгіленген болатын. Алайда, бұл дақпырттың алдын ала алмады. Сондықтан билік одан да қатаң шараларға көшуге мәжбүр.
Тәжікстандағы бұл тәжірибе Қазақстан үшін де ой саларлық. Себебі елімізде де балгерлерге сеніп, жеке, отбасылық, тіпті қаржылық өмірінде зардап шеккендер жоқ емес. Демек, бұл мәселені тек моральдық немесе діни тұрғыда емес, құқықтық және қоғамдық сана деңгейінде қарастыру маңызды.
Сарапшы сөзі
Сарапшы маманның сөзіне сенсек, балгерге алданушылардың дені – ақпараттың аздығынан, сенгіштіктен және психологиялық әлсіздіктен зардап шегетіндер. Бұл жөнінде әлеуметтік сала маманы Бақнұр Назар былай деп пікір білдірді.
«Бүгінде балгерлікке сенетіндер азайып жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде бұл құбылыс жаңа формада белең алып келеді. Әлеуметтік желілерде ашықтан-ашық «тылсым күш» иелері көбейіп, өздерін «рухани емші», «манифестация маманы» деп жарнамалап жүр. Бұл – қоғамда рухани тұрақсыздық пен ақпараттық сауаттың әлі де әлсіз екенін көрсетеді. Мәселе – тек балгерде емес, оған сенетін адамда. Адам баласы қиындыққа ұшырағанда, шынайы шешім іздеуден гөрі, «жылдам үмітке» жүгінуге бейім келеді. Ал оны кейбір алаяқтар өз пайдасына қолданып отыр.
Мұндай жағдайды азайту үшін халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, рухани тәрбие мен психологиялық қолдауды арттыру, діни, заңдық және моральдық тұрғыдан балгерліктің зиянын ашық жеткізу маңызды. Балгерге емес, білімге, еңбекке, заңды институттарға жүгінетін қоғам қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет» дейді ол.
Түйін: Қанша жерден балгер болашақты болжайды, бағыңды ашады десе де, адам тағдыры – өз қолында. Тауқыметтен жол іздеп, үміт артқан жұрттың санасын улап, қалтасын қағатын жалған көріпкелдерге сену – өз ертеңіңе жасалған қиянатпен тең. Балгерге сеніп, ақылмен емес, сезіммен шешім қабылдаудың соңы өкінішке апарып соғуы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болмасын, адамның ең мықты тірегі – білім, еңбек, сабыр мен сенім екенін ұмытпаған жөн. Шешім іздеген жанға ғылым мен дін жолын ұстанған абзал. Түйіндей айтқанда, бақ балгерден емес, адамның өз табандылығы мен әрекетінен ашылады.
Арайлым ЖҮСІПОВА