Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқа бәле – балгерден

Басқа бәле – балгерден



Бұрын базар маңында балгер мен құмалақшыны жиі кездестіретінбіз. Соларды жағалап, кезекте тұрғандарды талай көзімізбен көрдік. Ал қазір оларға арнайы барудың қажеті жоқ. Себебі бақсылар қазір «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген тәмсілді өз пайдасына асырып, ақша табудың оңай жолын тапқан. Түрлі әлеуметтік желілерге тіркеліп, тікелей эфирде бал ашып, болжам жасап жүргені тағы бар. Бірақ соны кәсіп қылғандар талай адамдардың тағдырына теріс әсер етіп жатыр. Тіпті олар табыс табу жолындағы айлалы тірлігін қалыпты санайтындай.
Расымен қай әлеуметтік желіні ашсаңыз «жол ашамын, болашағыңа болжам жасаймын, дем саламын» деген сынды жарнамалардан көз сүрінеді. Ал сондай жалған жарнамаға алданып, «тәуіп тағдырымды тап басып айтып, түбегейлі өзгертеді» деп соқыр сенімнің жетегінде кеткендер басына артық бәле тілеп алғандығын кеш ұғынып жатады. Солардың бірі – Айжан есімді келіншек. 36 жастағы кейіпкеріміз балгерге барып, бақытсыздыққа ұшырағандығын айтып, өз оқиғасымен бөліскен еді.
– Ол кезде небары 27 жаста едім. Тұрмыс құрғаныма 3 жылға жуық болған-ды. Бір қыз, 1 ұлымыз бар. Күйеуім жақсы қызметте болатын. Үнемі іссапарда жүреді. Бір кетсе, бірнеше айлап үйде болмайтын. Сол кездерде іссапары жиіледі. Кейін үнемі үйде болмауының жиілеуі отбасымыздың берекесін кетірді. Жолдасым өз жақындарына қарсы шығып, мені екі баламен тастап, бір сәтте өзгенің жетегінде кете барды. Содан кейін бұған көпке дейін көндіге алмадым. «Шаңырағымыздың шырқы неге бұзылды» деген сұрақ жаныма маза бермеді. Өмірімде орын алған қиыншылықтан соң, балгерге бару керек деген ұйғарымға келдім. Амалым таусылып, құрбым айтқан балшының алдынан бір-ақ шықтым.
Бұрын бақсы-балгерлерге аса сенбейтінмін. Бірақ адамның көзі байланайын десе бір-ақ сәт екен. Тіпті бұл менің үш ұйықтасам түсіме де кірмес еді. Бірақ адам шарасыздықта барлық амалды жасайды емес пе?! Санаңдағы сансыз сауалға жауап іздегенде кім не айтса да соған иланғың келіп тұрады емес пе?! Мүмкін сол уақыт жаныма жұбаныш іздеп, жүректің жарасын солай жазамын деп өзімді сендірген шығармын. Сөйтіп бақсыға өмірімдегі болған жайдан аз-маз хабар беріп, қысқаша баяндап, мені ертең не күтіп тұрғанын білмек болдым. Алдымда тура қарап отырған балгер апайдың суық жанары өңменімен өтіп барады. Қолындағы тастарын жерге шашып жіберіп, маған телміре қарап:
– Бәрін көріп тұрмын. Сенің бақытсыздығыңа сол әйел кінәлі. Күйеуіңді дуалаған. Соның әсерімен кетті ол. Оны кері қайтарғың келе ме? Қайтаруға болады. Қаласаң күйеуіңнің отбасыңа оралуына арнайы рәсім жасаймын, – деді.
– Біраз ойланып қалдым. Іштей күмән да болды. Балаларым әкесін сағынып, сұрай беретіні ойыма орала берді. Не істеуім керек? – дедім мен де ұзақ созбастан.
– Мен сұраған пұлды қой, сосын алаңсыз бол. Қалғаны менің құзырымда, – деді. Балаларымның бақыты үшін бұл қадамға ойланбай бардым да, әдеттегі өмірімді жалғастырдым. Біршама уақыттан соң күйеуім үйге оралды. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Күйеуім жұмысын жоғалтып, түбегейлі ішкілікке салынды. Үйіміз берекеге толады деген үміт сол күйі орындалмас арманға айналды. Мұның себебін қанша іздесем де, жауап таппадым. Бірде менің балгерге барғамынан хабардар жақын апам бұл берекесіздік сол балшыдан келген бәлекет екендігін айтқан еді.
– Саған айтқанмын, отпен ойнап жүрсің. Бір күні осы балгердің жасаған дуасы отбасыңа кесірін тигізіп жүрмесін, – деп апамның мені талай ескерткендігі көкейден кетпей қойды. Сол кезде-ақ өз қолыммен болашағымызға балта шапқанымды бір-ақ түсіндім, – дейді балгерге барып, бағы байланған келіншек.
Тағдыр талайына тап болған жандарды имандай сендіретін балгерлердің бұл ісі шариғатқа қарсы. Бұл турасында Қазалы қалалық «Нұралы» мешітінің имамы Бахтияр Саламатов былай дейді.
– Өмірдің қиыншылықтарына тап болған адам үшін уақытша тыныштандыратын, жанға жайлы, құлаққа жағымды сөздер айтатын бақсы-балгерлер ең жақын адамындай көрінері де рас. Еңсесi түсіп езiлген пенде әрқашан жылы сөздерден жанына демеу, сүйеу тапқысы келерi ақиқат.
Осылайша, көңілі жүдеу жандар жарнамасы құлақ жарар емші, балгерлерге барып, алдағы өмірінде не күтіп тұрғанын болжатып, соған қарай әрекет еткісі келеді.
Алла Тағала өз мүміндеріне бал ашуды, көріпкелге баруды, шайтанның істерінен сақтануды және оған жоламауды қатаң ескертті. Әрине барлық емші, сынықшыларды даттауға болмайды, олардың да арасында ауруды, емшілікті терең зерттеп, неше алуан шөптердің тамырлары мен жапырақтарынан тұнбалар жасап, Алланың қалауымен берілген бұл міндетті аманат санап емдейтіндер бар. Құран аяттарының сырларын түсініп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйретіп кеткендей, дем салып емдейді. Дегенмен Құранды ашып қойып, кітаппен бал ашып жатырмыз дейтіндердің ісі де «бал ашушылыққа» жатады. Бұл болашақты болжаушылық болып саналады. Ал оған сеніп, оны растайтындарды дінімізде «Кімде-кім көріпкелге баратын болса, айтқаны рас, дұрыс айтады дейтін болатын болса, онда ол адам Алланың пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) келтірген дінге қарсы шыққанмен тең» дейді. Бал ашқан адам ғайыпты айтамын деп Алланың әміріне қарсы шығады. Кейбіреулер емші, балгерлерді қасиетті адам деп әспеттейді. Жоғарыда айтқанымыздай, бал ашып, ғайыпты болжауға тырысып, өтірік әрекетімен Аллаға қарсы шығып отырған адам қалай қасиетті болмақ. Балгерге барып, бағымды аштырамын деп, оны қашырып алып жатқандар тынымсыз жанына тыныштық іздесе, құлшылық жасап, жақсы амалдар жасауды әдетке айналдырғаны жөн болар еді, – дейді имам Бахтияр Жармедетұлы.
Түрлі қиындыққа тап болғанда балшының босағасын тоздырып, өміріне өзгеріс әкелуді қалайтындар әлі де азаяр емес. Дегенмен тағдырың тәлкекке түскенде тура жолдан тайғанап кетпеуді ойласаңыз, жаратылғанға емес, Жаратқанға жүгінген абзалырақ.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
04 ақпан 2023 ж. 344 0

Мектептегі мұражай

30 сәуір 2024 ж. 58

Туған өңір - тұнған өнер

29 сәуір 2024 ж. 104

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031